Жол қозғалысы ережесіне қосымша талаптар енгізілді – министрдің бұйрығы жарияланды

0
769

Мопед жүргізушілеріне велосипед жолымен, веложолақпен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынады.


Жол қозғалысы ережесіне қосымша талаптар енгізілді – министрдің бұйрығы жарияланды

ERNUR.KZ. Ішкі істер министрлігі жол қозғалысы ережесіндегі самокаттар, мопедтер мен велосипедтерге қатысты талаптарды күшейтті, деп жазады sputnik.kz.

Министрдің 31 тамыздағы бұйрығымен биыл 30 маусымда бекітілген жол қозғалысы ережелеріне бірқатар өзгеріс енгізіліп отыр.
24-тарауда мопедтер, электр самокаттар мен велосипедтерге қатысты қосымша талаптар белгіленді. Атап айтқанда, велосипед жүргізушілері веложолақпен, ол болмаса, жолдың оң жақ шетімен, соның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен бір қатарда не жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жаяу жүргіншілердің жүрісіне қауіп төндірмей жүре алады.
Ал мопед жүргізушілеріне велосипед жолымен, веложолақпен, жол жиегімен, тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тыйым салынады. Электр самокат жүргізушілері велосипед жолымен немесе веложолақпен жүре алады. Ондай жолақтар болмаса, жолдың оң жақ шетімен, соның ішінде маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен бір қатарда не жол жиегімен, жаяу жүргіншілердің жүрісіне қауіп төндірмей, сағатына 6 километрден аспайтын жылдамдықпен тротуармен немесе жаяу жүргіншілер жолымен жүруге тиіс.
18 жасқа толмаған және жүргізуші куәлігі жоқ электр самокат жүргізушілеріне жолдың жиегімен және маршруттық көлік құралдарына арналған жолақпен жүруге тыйым салынады.
171-тармақта барлығына ортақ шектеулер көрсетілген. Олар:
рөлден ұстамай жүруге;
жолаушы тасымалдауға (велосипед пен мопедте арнайы орындар болса, жолаушыны тасымалдай алады);
жүктердi тасымалдауға (велосипед пен мопедте арнайы құрылғылар болса, жүктерді тасымалдауға болады, бірақ 0,5 метрге шығып тұрмауы керек);
трамвай қозғалысы бар жолдарда солға бұрылуға немесе керi бұрылуға;
мопедтер, электр самокаттар мен велосипедтерді сүйретуге (мопедтер мен велосипедтерге арнайлған тіркемелерді сүйретуге болады);
жаяу жүргіншілер өткелімен мопед, электр самокаттар мен велосипедтен түспей жүруге;
түнгі уақытта жарықты шағылыстыратын заттарсыз жүруге;
жолдың жиегіне шлемсіз шығуға тыйым салынады.
Сондай-ақ мопед, электр самокат, велосипед пен мотоцикл мінген мүгедек азаматтар жаяу жүргіншілерге теңестіріледі.