Әнші бүгінде биліктен көмек сұрап, үстемақы үшін таласып жатқандардың басым көпшілігі қазақтар екеніне қынжылды.
Танымал әнші Мейрамбек Бесбаев соңғы кезде елімізде орын алған жағдайлар және өзін толғандырған, уайымға салған мәселелер жайында "Шынайы Ақберенмен" бағдарламасында ашық сұхбат берген.
Мейрамбек Бесбаев біраз уақыт бұрын Алматы қаласы әкімінің штаттан тыс кеңесшісі және орындаушылар одағының басшысы қызметіне тағайындалған болатын. Сұхбат әншінің осы қызметтері төңірегінен бастау алған.
Ары қарай әншінің өнердегі әріптестері туралы, ұтыс ойнатамын деп басы дауға қалған Ернар Айдар мен жанайқайын жеткіземін деп халыққа жақпай қалған Айгүл Иманбаева, әнші Бүркіт турасында да айтылған.
"Қазір әншілерден қадір-қасиет кетті. Қайда барсаң да өнер адамдарын жамандау. Әрине бұл жерде өнер адамдарында да кінә бар, қатты шешініп кеттік!" - дейді әнші.
Сондай-ақ өнер иесі қазақ халқының жалқаулыққа салынып бара жатқанын да қатты уайымдап жүргенін айтты. Әнші бүгінде биліктен көмек сұрап, үстемақы үшін таласып жатқандардың басым көпшілігі қазақтар екеніне қынжылатынын жасырмады.
"Кезінде бір ауылды бір бай асыраған. Қазір бір көшеде екі бай тұрса да көршісіне қарайласпайды. Соған жаным ауырады. Көмекті сұрап отырған тек қана қазақ. Оның бір себебі жалқаулық болар. Себебі, жалқаулық қанымызда бар. Бізге бәрі аспаннан келуі керек. Болмаса тіреп тұрған көке болу керек. Біздің елде жұмыс істемейді. Ең болмаса 42 мың теңгеге де қырылып қалған басқа ұлт көрген жоқпын" - дейді Мейрамбек Бесбаев.