«Әкеміздің игі ісін жалғастырғымыз келеді»
Белгілі меценат, кәсіпкер, кезінде Алматы қалалық мәслихатының депутаты болған Қайрат Құдайбергеннің қызы Алтынай мен ұлы Қасымхан әкелерінің «Cartier» қол сағатын аукционға шығарды. «Әкеміз Қайрат Құдайберген жағдайы төмен отбасыдан шыққан балаларға көмек көрсеткісі келетінін жеткізді. Біз көп ойлана келе, бұл шараны аукцион ретінде ұйымдастыруды ұйғардық. Одан түскен ақшаға балаларға мектепке қажетті киім-кешек, құрал-жабдықтар, рюкзак сияқты керекті заттар аламыз. Аукционға әкеміздің рұқсатымен оның қол сағатын қойып, сатқымыз келеді. Біз оның игі істерін ұмыт қалдырғымыз келмейді.
Егер Сіз мұқтаж балалардың мектеп жабдықтарын алуға көмек көрсеткіңіз келсе, аукционға қатысыңыз. Сағаттың құны 4,5 миллион, ал біз аукционды 700 мың теңгеден бастаймыз. Игі іске қосылатын жомарт жандар болса, коментарийге өз бағаңызды жазыңыздар. Көбірек соманы берген адам жеңеді. Жеңімпаз 3 күн ішінде анықталады» деді олар.
Еске сала кетейік, Қайрат Құдайберген қазір тергеу абақтысында жатыр. Оған Қаңтар оқиғасы кезінде Арман Жұмагелдиевпен (Дикий Арман) бірге «Қазақстан» қонақ үйінде адамдар жинауды ұйымдастырды деген айып тағылған болатын.
Бұрынғы депутаттың балаларының бұл бастамасын көпшілік ерекше қабылдады. «Әке көрген оқ жонар» демекші, ісін жалғастырып жүрген балаларынан айналайын. Аман-есен босап шығып, қауыша беріңдер», «Сендердің әкелерің қиналған кезімде көмектесіп еді, жақсылығын ұмытпаймын», «Халыққа Қайраттай азамат керек», «Сағатты сатып алмай-ақ, атаған ақшамызды шоттарыңа аударғымыз келеді» деп пікір білдірді. Сондай-ақ, 700 мы, 820 мың, 880 мың, 1 миллион, 1,5 миллион теңгені көрсетіп, сағатты сатып алуға ниет білдіргендер де бар.