​«Семіздігінен ұялдым»: шымкенттік азамат әйелін арықтатам деп ауруға ұшыратқан

0
1 320

«Азамын деп азапталып қалды»


​«Семіздігінен ұялдым»: шымкенттік азамат әйелін арықтатам деп ауруға ұшыратқан
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Мен бүгін әйелім екеуміздің басымыздан өткен жағдайды көпшілікке жария еткелі отырмын. Себебі бұл жағдай басқаларды да мазалап жүруі мүмкін. Ойланса, ой түйсе, сабақ алып, біз жасаған қателікті жасамаса деймін», - дейді Данияр есімді азамат.


Шымкенттік оқырман «сап-сау әйелімді ауру қылып алдым» деп күйініп отыр. Жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне айтты.


«Еркек көзімен, әйел құлағымен сүйеді» деген рас екен. Сүйіп, өліп-өшіп ғашық болып, әрең қол жеткізген әйелім көз алдымда сары қарын бәйбішеге айналды. Екеуміз үйленген кезде ол өте нәзік, ап-арық, сондай сүйкімді қыз еді. «Сен бір қап шекерден жеңілсің» деп көтеріп, кейде арқалап алушы едім. Қыпша белі, шап-шақ мүсініне нәзік дауысы жараса еркелеп, есімнен тандыратын.


Үйленгенгімізге төртінші жыл болғанда 48-50 кило салмағы бар әйелімді «таппай қалдым». Айналдырған екі баланы туғанда 71-72 кило боп шыға келді. Ал төртінші баламызды өмірге әкелгенде салмағы 90 килодан асты. Басында «сен осы бірте-бірте толып бара жатырсың, кішкене өзіңе қарасайшы» деп айтып жүрдім. Ал 90 кило болғанда кәдімгідей ойланып қалдым. «Осы сен ауру емессің бе, денсаулығыңда бірдеңе боп жатқан жоқ па, көрінсейші» деп айттым. Кім біледі енді, бала туған соң бірдеңесі өзгерді ме, дегенім ғой.


Бірақ әйелім «менің денім сап-сау» деп емханаға сол күйі бармады. Бұрын той-томалақтарға келіншегімді мақтанып ертіп барып жүрсем, енді одан ұялатын болдым. Қасымда әйелім емес, мамам жүргендей. Өзім арықпын, әйелімнің қасында кішкендай бала сияқты боп қалам. «Сен балаларға қарап үйде отыра берші» деп отырыстарға жалғыз кетіп қалатын әдет шығардым.


"Ұлы сөзде ұят жоқ" қой, кешкісін әйелімнің қасында әрең жатамын. Түйенің жарты етіндей, кереуеттің жартысынан көбінда ол жатады, кейде еркелегісі келіп мені құшақтайды, ал оның жуан балтыры мен тоқпақтай білегін көтере алмай қалам. Сосын қатынасқа түскенде де өте ыңғайсыз. Осыны өзіне көңіліне тиіп алмайын деп бір жылдай айта алмай жүрдім. Кешкісін «футбол көрем, кино көрем» деп сылтауратып теледидардың алдында отыра берем. Сосын «осы жерде ұйықтап қалыппын ғой» деп азанда түк болмағандай оянамын.


Бірақ оның да түйсігі, ішкі сезімі бар ғой. Өзінен менің қашқақтап жүргенімді сезді. «Сен мені бұрынғыдай еркелетпейсің, маған назар аудармайсың» деп жиі ұрыс шығара берді. Сондай өкпе-реніштің үстінде «Мен сенен ұялам» деп шынымды айтып салдым. Қайтем енді, қашанғы оның семіздігіне мән бермегендей кейіп таныта берем? «Сен бұрынғыдай емессің, толып кеттің. Мен сенің қасыңда бала сияқтымын. Әйел деген кішкене өз-өзіне қарап, дене бітімімен айналыспай ма екен? Төрт бала туған жалғыз өзің сияқты, бірдеңе десем «бала туғаннан семірдім» деп айта бересің. Бес бала туған менің әпкелерім жүр ғой, қыздай» деп ойымдағыны ақтарып салдым.


«Болды, ертеңнен бастап жаттығу жасаймын, жүгірем, кешкі 6-дан кейін тамақ ішпеймін» деп маған уәде берді. Уәдені бере салу оңай ғой, бірақ соның үде-барасынан шығу қиын. Әйелімнің арықтауға деген талпынысы екі аптадан аспады. «Ой, етеккірім келіп қалды, сол кеткен соң жасаймын» деп жүрді де, ақырында жаттығуды жасамай қойды. Асап жегенге үйреніп қалған асқазаны да шұрылдап, түнгі 10-дарда «азуым керек» деп кешке жемей қойған тамақты жылытып, соғып алатын.


«Сен бұл қарқынмен кете берсең бір күні жарылатын шығарсың! Не деген адамсың, өмір тек ауқаттан, наннан тұрмайды ғой, кішкене өзіңді бағалап, асқазаныңа жаның ашысын да. Бүйте берсең бір күні ауру боласың. Мен уже сенің қасыңда жүре алмаймын, ұялам» деп тағы айттым. Өзімше осылай деп айтсам намысқа тырысып, тастап кеткен жаттығуларын қайта жасай ма деген ойым ғой енді. Әйелім үндемей қалған.


Сөйтсем ол интернетті ақтарып отырып аздыратын бір дәрі сатып алып, соны іше бастапты. Азанда жұмысқа кетем, кешке келем. «Мен бүгін жаттығуды бастадым. Көресің, біраз күнде сыптай боп шығамын» деп айтты. Күнде «қалай боп жатыр, үзіп қойған жоқсың ба?» деп сұраймын. «Күшті, үзген жоқпын» деп айтады. Шынында да айналдырған он күнде әжептеуір арықтап қалды. Үйге салмақ өлшейтін таразы әкеп қойғам. «Бүгінге дейін 4 кило кетті, апта соңына дейін тағы 2 кило кетсе» деп әйелім ерекше қуанып жүрді.


Қысқасы, айналдырған екі айдың ішінде әйелім 96 кило салмақтан 74 килоға бір-ақ түсті. Тамақты мүлдем жемейді. «Асқазаным кішірейген сияқты, бұрынғыдай тәбетім жоқ» дегеніне мен де мәз болып жүре беріппін. Сөйтсем әйелім тексерілмеген, арнайы сертификаты да жоқ, бір фирманың аздыратын дәрісіне тапсырыс беріп, екі ай бойы соны іше беріпті. Онысын маған айтуға ыңғайсызданған-ау, «жаттығу жасап, содан азып жатырмын» деп алдаған.


Білген бойда әлгі дәріні тоқтаттық. Сол үшін үйде тағы ұрыс болды. «Есің дұрыс па?» деп тағы айқайладым. «Маған не дейсің, өзің ғой арықта деген» деп ол жылады. «Болды, осы азғаның да жетер, енді әлгі дәріге жолама» дедім. Бірақ сол уақытқа дейін әйелімнің ішкі құрылыстары бұзылып үлгерген екен. Әлгі дәрі ішектің микрофлорасын бұзған. Үлкен дәретін ұстай алмайды, не ішсе де дәретханаға жүгіреді. Оған геморрой деген қосылды. Күні-түні азаптанып, жылап, ақырында өзім дәрігерге апардым. «Тік ішекке ота жасап, біраз бөлігін кесіп алып тастамаса болмайды» деді.


Содан бір бір жылдай уақыт өтті. Әйелім баяғы салмағаны тағы қосып алды. Ітамақ ішпесе де толып жатыр. Дәрігерге барып көрінсек «гормондарында ауытқушылық бар, қалқанша безінің жұмысы бұзылған» деп бірталай дәрі жазып берді. Қашан қалыпқа келгенше енді соларды ішу керек.


Артық қыламыз деп, денсаулығымызды құртып алдық. «Әйелің «азып кетіпті» ғой деп жолдас жігіттер келеке етіп күледі. Ел ішінде әйелінің толықтығынан мен сияқты ұялып, «азсайшы, ей» деп әкіреңдеп жүргендер бар шығар. Сондайларға біздің оқиға сабақ болса екен. Әйеліңіз сіздің көзіңізге сұлу көріну үшін не істеп жүр, соны бір сәт ойланып қойыңыз. Ешбір дәрі, ешқандай ғажайып коктейль жоқ, тек дұрыс тамақтану мен спорт қана артық салмақтан арылтады. Осыны ұмытпаңыздар!»