Оның ең басты себебі - қорқыныштан.
Қазіргі кезде тілінде кемшілігі бар және кекештеніп сөйлейтін балалар мен жасөспірімдердің саны артуда деп дабыл қағуда арнайы мамандар. Осы ретте кекештіктен қалай арылуға болатындығы жөнінде логопед маман Налибаева Камила Қыдырәліқызының кеңестерін назарларыңызға ұсынамыз.
Себебін анықтау қажет
Ең алдымен кекештік қалай пайда болатынын анықтап алу керек. Оның ең басты себебі - қорқыныштан. Бала 2-3 жасар кезінде қатты шошып, не бір нәрседен секем алса, онда адамның тіліндегі бұлшық еттерінің тартылып, тамақтан келген дыбыстарды дұрыс шығара алмайтын болады. Бұндай жағдай тек балалырда ғана емес, ересектерде де кездесуі мүмкін.
Екінші себебі - ата-ананың баласына дұрыс көңіл бөлмеуі, әңгімелеспеуінен. Тілі енді шығып келе жатқан балаға тілі жатық сөздерді айтқызбай басқа айтуға ауыр сөздерді үйретуі. Не болмаса балабақшада балаларға қостілді қатар меңгертемін деп ойлап тілі енді шығып келе жатқан балаға ұзынсонар өлең жолдарын жаттатып, өзі білмейтін сөздерді айтқызуынан туындайды. Ондай кезде баланың тілі күрмеліп, тез айтамын деп ойлап керсінше тұтығып қалып жатады.
Үшіншіден, бала құрсақта жатқанда анасының қатты қорқып, не болмаса қандай да бір дертке шалдығуы әсерінен пайда болады. Ол бастапқы кезде білінбеуі мүмкін, бірақ уақыт өте келе сөйлеу барысында байқала бастайды.
Кекештік сөздерді айту барысында дауыссыз дыбыстардың кездесуіне байланысты сөздің алғашқы буынын бірнеше рет қайталауы, мысалы «ме-ме...мек-теп» не болмаса сөздің соңғы буынын тоқтап барып айтуы, мысалы «ма...ған» деген сынды және аралас келген түрлері де жиі байқалып жатады.
Екі түрі бар
Сөздерді айтудағы қиындығы мен пайда болу себебіне байланысты кекештіктің жеңіл және созылмалы түрлері бар. Жеңіл түрі - бала тіліндегі кекештіктің енді пайда болған кезі. Оны арнайы жаттығулар арқылы қысқа мерзімде емдеуге болады. Ал созылмалы түрі- кекештік пайда болғанда салғырттық танытып, емдеуге келгенде ұзақ уақыталатын,баланың да көп күш жұмсауын қажет ететін түрі.
Қалай арылуға болады?
Тілдегі кекештіктен арылу үшін ең алдымен дұрыс демалуды үйрену керек. Тыныс алу жаттығуларын күнделікті қайталап, әдетке айналдырған дұрыс. Екінші, арнайы маманның көмегіне сүйеніп, оның тапсырмаларын орындап, жаттығу жұмыстарын жасау керек. Үшіншіден, кекештіктен арылу үшін логопедиялық массаждың да көмегі зор. Ол адамның бұлшықеттерінің жазылуына, тіл қызметінің еркін болуына көмектеседі.
Сонымен қоса кекештіктен арылуға тек мамандар емес, баланың ата-анасы мен қоршаған ортасының да әсері зор. Маман қанша үйретіп, өз жұмысын жасағанымен үйде баланың жанын түсінбей, оның көзінше тез сөйлеп, оған айтуға қиын сөздерді айтса, не түскен ортасы оны келемеждеп күлсе, онымен ешкім тілдеспесе баланың кекештіктен тез құтылуы қиындай түседі.
Жазылған күннің өзін де қайталануы мүмкін болады. Сондықтан балаға ата-анасы психологиялық жағынан көмек көрсетіп, достары мен туыстарының да қолдауы қажет.
Бастысы бұл жазылмайтын дерт емес, егер маманның айтқанымен келісіп, ата-анасы мен қоршаған ортасынан үлкен қолдау болса кекештіктен кемінде 1 жылда айығып кетуге болады.Сондықтан, кекештікпен күресіп, оны жеңіп шығу ғана керек.
Дайындаған: Назерке Бимахан,