​Зиянды қантты немен алмастырған дұрыс?

0
955

Қант алмастырғыштар - салмақты бақылауға көмектеседі.


​Зиянды қантты немен алмастырған дұрыс?

Шайға қант салып ішпейтін адам кемде-кем. Тәтті шай, тәтті кондитерлік өнімдер көпшілігіміздің сүйікті асымыз екені даусыз. Бірақ та қантты мөлшерінен асырып жеу өте қауіпті екенін білесіз бе? Соның әсерінен түрлі ауруларға шалдығып, емін табу қиынға соғуы да ғажап емес. Сол себепті де қанттың мөлшерін азайтуға немесе күнделікті оның орнын толтыратын басқа да тәттілерді қолдануға болатынын ұмытпағайсыз.

Егерде қантты күн сайын көп қолданатын болсаңыз, қандағы глюкоза мен холестерин артып, семіздікке бой алдырып, қант диабетіне шалдығуыңыз да мүмкін. Сондықтан да аурудың алдын алу мақсатында қазірден қанттың орнын пайдалы қантпен алмастырғаныңыз жөн. Әсіресе арықтауды қолға алып, дұрыс тамақтанып жүрген болсаңыз, мұны міндетті түрде білуіңіз керек.


Қоңыр түсті қант

Ғалымдардың пікірінше, тазартылған қоңыр қанттың ақ түсті қанттан айырмашылығы, қоңыр қантта антоцианиндер сияқты заттар сақталады. Бұл флавоноидтар класына жататын өсімдік гликозидтері. Антоцианиндер ішектегі қабыну реакциялары мен оксидативті стрессті төмендетеді, бұл органның тосқауыл функцияларын жақсартады, жалпы иммунитетті арттырады. Тәттілігі бойынша қоңыр түсті қант кәдімгі ақ түсті қанттан кем түспейді және белгілі бір дозаны сақтауды талап етеді. Қоңыр қантты күніне 25-50 грамнан пайдалансаңыз болады.


Кокос қанты

Бұл қант пальма гүлдерінің шырынынан алынады. Ол қанттың барлық түрлерінің ең төменгі гликемиялық индексіне ие, сондықтан оны әдеттегі түйіршіктелген қантқа балама ретінде пайдалануға болады. Пальма шырынында көптеген қоректік заттар бар: дәрумендер, минералдар, аминқышқылдары және т.б.Қанттың бұл түрі қан қысымын төмендетіп, артериялардың серпімділігін сақтай алады.


Жеміс-жидектер


Бұл табиғи қанталмастырғыштардың дәмі тәтті ғана емес, сонымен қатар пайдалы. Олардың құрамында талшық пен су бар, олар ас қорытуды жақсартады және қанықтылық сезімін береді. Мысалы, сіз алма немесе алмұрт жесеңіз, қант қанға да енеді, бірақ оның деңгейі күрт көтерілмейді және сіздің қарныңыз тез ашпайтын болады.


Кептірілген жемістер

Кептірілген жемістерді де мөлшерінен асырып жеуге болмайды. Олар бірдей жемістер болса да, тек кептірілген болса да, оларды сақтықпен жеу керек. Кішкентай жемістерде калория көп, олар өте қоректік және қарапайым көмірсуларға жатады. Бірақ, егер сіз кептірілген жемістерді аз мөлшерде жейтін болсаңыз,ешқандай зиян болмайды.

Дұрыс тамақтануға көшпей салмақ жоғалту мүмкін емес. Фаст-фудтан, майлы-қуырылған тағамнан, газдалған қантты сусындардан, кондитерлік өнімдерден, зауытта жасалған тәттілерден бас тарту керек. Диета құрамы қоректік заттарға бай, тәттілерді толығымен алмастыратын төмен калориялы тағамдардан тұруы керек. Мысалы: козинактар, зефир,джем, шоколад, халва, пастила, мармелад, бал,кептірілген жемістер. Алайда бұларды да көп жеуге болмайды.

Қантты мұндай қант алмастырғыштармен алмастырудың пайдаларына тоқталып өтейік. Біріншіден, салмақты бақылауға көмектеседі, бұл салмақ жоғалтуға септігін тигізуі әбден мүмкін. Сонымен қатар тіс жегісін тудырмайды. Қанттың орнына жоғарыда айтылғандарды жейтін болсаңыз, олар қант деңгейіне қатты әсер етпейді. Өзіңіз байқағандай, күнделікті тұтынып жүрген қанттың зияны көп болғанымен, оны зиянсыз етудің жолы бар екен. Денсаулығыңызды, сымбатыңызды бұзып алудан қорықсаңыз, қант алмастырғыштарды пайдаланыңыз.

Дайындаған: Құрманкүл Өмірзаққызы,

ERNUR.KZ


ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

Онкологиялық аурулардың алдын алуға болады