Әрбір МҰҒАЛІМДЕ «эмоционалдық иммунитет» БОЛУЫ КЕРЕК

0
247

Мұғалім – әрі педагог, әрі психолог, әрі медиатор, әрі мотивация беруші. Осындай сәттерде «эмоционалдық иммунитет» деген тірек болмаса, стресске түсіп кету оп-оңай.


сурет: mel сайтынан

Қазір мұғалім болу – жай ғана мамандық емес. Бұл – күн сайын жүз түрлі рөлге еніп, мың түрлі жағдайға бейімделіп, іштей мың рет «шыда» деп өз-өзіңе айту. Бұрын тек оқушыны оқыту керек еді. Қазір ше? Оқушының да, ата-ананың да, кейде тіпті әріптестің де көңілін табу керек. Мұғалім – әрі педагог, әрі психолог, әрі медиатор, әрі мотивация беруші. Осындай сәттерде «эмоционалдық иммунитет» деген тірек болмаса, стресске түсіп кету оп-оңай.


Қазіргі оқушылар мен ата-аналар — басқа буын!

Қазіргі оқушылар бұрынғыдай үнсіз тыңдайтын, «мұғалім не десе де дұрыс» дейтін балалар емес. Олар өз ойын ашық айтады, кейде қарсы шығады, кейде "не үшін оқуым керек?" деген сұрақпен демотиватор боп келеді. Ал ата-аналар ше? Олар да сан алуан: бірі мұғалімнің жанын түсінеді, бірі мұғалімді кінәлауға дайын тұрады. Осындай жағдайда «мен неге бұл жерде жүрмін?» деп ойлайтын сәттер болады. Бірақ дәл осы сәтте мұғалімнің ішкі тұрақтылығы, яғни эмоционалдық иммунитеті үлкен рөл атқарады.


Эмоционалдық иммунитет дегеніміз не?

Бұл – сырттағы қиындықтарда стресске түсіп кетпей, ішкі балансты сақтай білу. Бұл – оқушы ренжіткенде, ата-ана кінә артқанда, директор сын айтқанда, бәрібір өзіңе деген сенімді жоғалтпау. Бұл – эмоцияға берілмей, өзіңді басқара білу. Өйткені біз, мұғалімдер, өзіміздің ішкі күйімізбен бүкіл сыныптың атмосферасына әсер етеміз. Егер біз ашулы болсақ – сынып та соны сезеді. Егер біз көңілді болсақ – оқушы да ашылады. Сондықтан эмоциялық иммунитет – жай сәнді сөз емес, ол күнделікті тірлікте керек "ішкі қалқан".


Сонда не істеу керек?


Өз шекараңызды орнатып алыңыз!

Жұмыс пен жеке өмірдің арасын ажырата білу – ішкі тыныштықтың негізі. Сабақ уақыты аяқталса, ойды да сонымен бірге тоқтату керек. Оқушылар мен ата-аналарға әрқашан қолжетімді болуға тырысу – өзіңізге зиян. Барлығына «қажет кезде ғана хабарласыңыз» деген шекара қою арқылы өзіңізді де, уақытыңызды да қорғайсыз. Бұл – сіздің өмір сапаңызды арттырады.


Жеке уақытыңыз болсын

Күні бойы жүздеген адаммен тілдесетін мұғалімге тыныштық ауадай қажет. Аптасына кемінде бір рет өзіңізге арнап демалатын күн белгілеңіз: кино қараңыз, таза ауада серуендеңіз, шәй ішіп, кітап оқыңыз. Бұл – өз-өзіңізбен қайта байланыс орнатудың тәсілі. Сонда ғана сіз энергияңызды қалпына келтіріп, келесі күнге шабытпен кірісе аласыз.


Күнделік жүргізуіңізге болады...

Күн сайын 5-10 минут уақытыңызды бөліп, өз ойыңызды, сезіміңізді жазып отыру — ішкі эмоцияны сыртқа шығарудың ең тиімді жолы. Бұл күйзелісті азайтып, санаңызды тазартады. Кейде ішкі алаңдаушылықтарымыз жазған кезде жеңілдей түседі. Сонымен қатар, күнделік арқылы өз даму жолыңызды бақылап, қай кезде не шаршататынын түсіне бастайсыз.


Тыныс алу техникасын үйреніп алыңыз

Қатты ашуланғанда немесе уайым басқанда, ең алдымен тыныс алуыңыз бұзылады. Сондықтан бірден 3 рет терең тыныс алып, 5 секунд ұстап тұрып, жаймен шығарыңыз. Бұл миға «барлығы жақсы» деген белгі береді. Осылайша сіз жағдайды бақылауға алып, эмоцияны басқаруға қабілетті боласыз. Бұл әдіс сабақ арасында да өте пайдалы.


Сізге тек күш беретін адамдармен араласыңыз

Айналаңызда сізді түсінетін, қолдайтын адамдар болса – эмоционалдық иммунитет те күшті болады. Оларға барлығыңызды түсіндірудің де қажеті жоқ – тек қасыңызда болулары жеткілікті. Олармен ашық сөйлесу, күлу, әзіл айту – жүйкеңізге дем береді. Әріптестермен жылы қарым-қатынас орнату да жұмыс күнін жеңілдетеді.


"Жоқ" деп айтуды үйреніңіз

Барлық сұранысқа «иә» дей берсек, бір күні шаршап, жанып кетеміз. «Жоқ» деп айту – еріншектік емес, өзіңізді сақтау. Уақытыңыз жетпесе немесе көңіл-күйіңіз төмен болса – міндетті түрде бас тартуға құқығыңыз бар. Бұл – өз қадіріңізді түсіру емес, керісінше, өз құныңызды білу.


Өзіңізді кінәламаңыз!

Кейде оқушы үлгермесе, ата-ана риза болмаса, бәріне өзімізді кінәлай бастаймыз. Бірақ сіз қолдан келгенін жасадыңыз ба? Жасадыңыз. Демек, бұл – сіздің емес, басқа факторлардың әсері. Кінә емес, тәжірибе жинау деп қабылдаңыз. Өзіңізді аялап, қолдауды үйреніңіз.


Қарапайым жетістігіңіз үшін де өзіңізді мақтаңыз!

Күн сайын кішкентай жеңісіңізді көре біліңіз. Бір оқушы бүгін алғаш рет сұраққа жауап берді ме? Тіпті сабақта тыныштық орнаса да — бұл жеңіс. Бұл сіздің еңбегіңіз. Осындай сәттерді атап өтсеңіз, өзіңізді бағалауыңыз артады, жұмысқа деген сеніміңіз де күшейеді.


Кәсіби қолдау топтарына қосылып алыңыз

Басқа мұғалімдермен тәжірибе алмасу, қиындықтармен бөлісу — эмоционалдық жүктемені азайтады. Өзіңіз сияқты жанына ауырлық түсірмей тыңдайтын адамдармен сөйлесу жеңілдік сыйлайды. Форумдар, Telegram-чаттар, Facebook топтары – барлығы пайдалы алаң. Қолдау сезіну — стресске кетуден сақтайды.


Өзіңізге мейіріммен қараңыз...

Сіз – тірі жансыз. Қателесуге, шаршауға, демалуға хақыңыз бар. Мінсіз мұғалім болуға ұмтылу кейде өзіңізді жоғалтуға әкеледі. Өзіңізге мейіріммен қарап, «мен барымды салып жатырмын» деу – бұл әлсіздік емес, бұл күш. Себебі мұғалім – ең алдымен адам.