​«Ақша мен алтындарды үптеп кетті»: түркістандық азамат әйелінің алаяқ боп шыққанын айтты

0
1 808

«Келіншегім бізді пойызда «лақтырыпты»


​«Ақша мен алтындарды үптеп кетті»: түркістандық азамат әйелінің алаяқ боп шыққанын айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Бүгінде ел ішінде алаяқ қыздардың көбейіп кеткені жайлы айтылып жүр ғой. Тіпті таяуда төрт балалы бір келіншектің бойжақ жігітке тұрмысқа шығып, бүкіл ақшасы мен алтындарын үптеп кеткенін оқыдық. Осы жағдайдан кейін мен өз басымнан өткен бір оқиғаны айтып берсем деймін», - дейді түркістандық Жарқын есімді азамат.


Жарқын мырза осыдан жиырма жыл бұрын жолда бір қызбен танысып, соңынан үйленген екен. Алайда алған жары алаяқ болып шығыпты. Оқиғаның қалай болғанын кейіпкер ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.


«Ол кездің әскері екі жылға созылатын. Солтүстік жақта «служить» етіп, елге оралып жатқанмын. Жаспыз, қан деген ойнап тұр. Әрі елге деген сағыныш бар, пойызда ұйықтай алмай, дөңбекшіп жатқанмын. Бір станциядан жанымдағы ерлі-зайыпты кісілер түсіп қалды да, оның орнына үріп ауызға салғандай екі қыз келіп жайғасты. Олар құрбысының тойынан қайтып келе жатыр екен. «Қызылордаданбыз» деді. Содан таң атқанша ұйқы жоқ, өзіміз жайлы әңгімелеп, аузымыз жабылмады. Қыздар ашық-жарқын екен. Бірден әңгімелесіп, әзілдесіп, уақыттың қалай өткенін байқамай қалдық. Әсіресе төменгі орынға жайғасқан бойжеткен өте сұлу екен. Мені өзіне бір көргеннен ғашық етті.


Пойыз Түркістанға жақындай бастағанда екі қызға қолқа салдым. «Әскерден келе жатырмын. Бүкіл ауыл мені күтіп отыр.Тойлатамыз. Менімен бірге қалып, қонағым болыңдар. Достарыммен таныстырамын» деп қиылып тұрып алдым. Оларға да керегі солб олды ма, көп қиналмай келісе салды.


Ауылға келіп, ата-ана, туыстармен шұрқырасып көрісіп, тойлаттық. Ертеңіне әке-шешемнің рұқсатымен әлгі өзім ұнатқан қыздың басына орамал салдық. «Мен сенің келіншегің болуға келісемін. Тек қазір хабаршы жібермей тұра тұрыңдар. Үйдегілер білсе қарсы болып, мұнда келіп қырғын салуы мүмкін. Беташар өткізіп, барлық жоралғыны жасап болған соң, ата-анаң, туыстарың, бәріміз бірге барайық» деді. Айжанның бұл ойын бәрі құптады. Сонымен не керек, беташар жасап, алғашқы неке түнін өткіздік. Құрбысы екі күн бұрын еліне қайтып кеткен. «Әке-шешеме сол хабар беріп, олар бізді күтіп отырады» деді.


Екі күннен соң ата-анам артынып-тартынып, құдалардың ауылына аттанатын болдық. Шешем байғұс ештеңеден аянып қалмады. «Құда-құдағиға алтын тағам, кешірімге пәлен берем, жағалы киіт кигізем» деп сөмкесін толтырып алды. Бәріміз Айжанның ауылына дейін пойызбен баратын болдық. Қызылордадан пәлен шақырым ары екен.


Межелі жерге жақындағанда әйелім ұшты-күйлі жоқ болып кетті. Ұйқыға жатарда жанымда-тұғын. Бір тұрсам есік ашық, әйелім көрінбейді. Бастапқыда көрші купедегі ата-анамның жанында шығар деп жата бердім. Арада бір сағаттай уақыт өткенде уайымдай бастадым. «Келін жаңа біздің жанымызда біраз отырған. Сосын «апа, ата-анама алған алтындарды көрсетіңізші» деп менен сұрап алды. Жақсылап шай ішіп едік, содан тас болып ұйықтап кетіппіз» деп есінеп-құсынап тұр. Шамасы, шайына ұйықтататын дәрі қосып берсе керек.


Дереу бүкіл вагондарды аралап шықтым. «Көрдім, білдім» деген адам жоқ. Сөйтсек алаяқ әйелім шешем көрсеткен алтындарды, қалың малға деген ақшаны алып, ең бірінші станциядан түсіп қалыпты.


Әке-шешемнің елге қарар беті болмай, басымыз салбырап Түркістанға келдік. Айжаннан мұндай сатқындықты күтпеп ем, біраз уақытқа дейін өз-өзіме келе алмай, қатты қиналдым. «Үйленіп, ажырасқан» деген атқа қалдым.


Екі жылдан соң көрші ауылда тұратын Фаридамен шаңырақ көтердік. Аллаға шүкір, қазір бес баланың ата-анасымыз. Қыз ұзатып, құда болдық.


Мен екінші мәрте үйленген кезде досым Айжанды Шымкент жақтан көріп қалыпты. «Сен Жарқынды алдап кеткен Айжан емессің бе?» деп әңгімеге тартпақ болған екен. Алды-артына қарамай зытыпты.


Қазір мұндай алаяқтың небір түрі шығып кеткен екен. Жігіттерге айтарым, үйленерде қыздың жеті атасын тергеп, тексеріп, мүмкін болса алдын-ала әке-шеше, достарымен танысу керек екен. Мен секілді жастықтың буымен ұрынып қалмаңдар!»