"Балаларымнан "қарның аш па?" деп емес, "сабақ оқыдың ба?" деп сұраймын"

0
242

"Мен үшін балаларым ең алдымен білімді болса, қалған істерді уақытымен, өзіне керек болғанда үйреніп алады"


Сурет: i.pinimg.com

"Бәлкім мен жақсы ана емес шығармын деп ойлайтынмын. Өйткені, үй шаруасында отырған әйелдер секілді балаларымның бабын жасап, күнделікті ыстық тамақ пісіріп, оларды сабақтан күтіп алып, жандарында бола алмадым" дейді Сәния атты ақтөбелік оқырман.

Ол әлеуметтік желіде хат алмасу арқылы ERNUR.KZ тілшісіне бала тәрбиелеудегі принциптерімен бөлісті.


"Балаларыма «қарның тоқ па?» деп емес, «сабақ оқыдың ба?» деген сұрақтарды көп қояды екенмін. Соған қарап бәлкім мен жақсы ана емес шығармын деп ойлайтынмын. Өйткені, үй шаруасында отырған әйелдер секілді балаларымның бабын жасап, күнделікті ыстық тамақ пісіріп, оларды сабақтан күтіп алып, жандарында бола алмадым.

Қазіргі күнде жұмысбасты әйелдер көп. Барлығы да күнкөрістің қамы ғой, жалғыз ер-азаматына арқа сүйеп отырған әйелдер аз. Қымбатшылық жан-жақтан қысып тұрған уақытта, «барына базар» деп қанағат етіп, оны жеткізіп отыра алмаған соң, амалсыздан, балаларын тастап жұмысқа шығады. Есейіп қалған балалар болса бір жөн, бір жасқа толар-толмас балабақшаға беріп, сосын өзі жұмысында отырып уайымдап, қаншама ана елең-алаң өмір сүріп жатыр.

Мен де олардың бірімін. «Сәл ғана шыдасам, бұл қиындықтар артта қалар, балаларым өсіп алса, жұмысымды да алаңсыз жасайтын боламын» деп өзімді жұбататынмын.

Балаларымның қасында тек демалыс күндері ғана бола алдым. Соны пайдаланып оларға пайдалы, құнарлы тағамдарды жасауға барынша тырыстым.

Тамақтан өліп жатқан ешкім жоқ, шындығында. Маған, ең бастысы, олардың денсаулығы маңызды. Оған қоса, балаларым мектепке барғанда олардың жақсы білім алуы үшін көмектесе алмадым деп өз-өзімді іштей жейтінмін.

Кешкісін жұмыстан келе сала апыр-топыр тамақ істеп, балалардың шашқанын жинастырып, ыдыс-аяқты жуамын дегенше түннің бір мезгілі болып қалады. Таңертең тағы да сол - көзімізді тырнап ашып, ұйқылы-ояу балаларымызды киіндіріп, таңғы шайларын беріп, мектепке, балабақшаға жөнелтеміз. Күйеуім бұл тараптан маған аса қатты көмектесті деп айта алмаймын. Әйтеуір дайындап берген балаларды мектепке, балабақшаға тасиды, онысына да шүкір етіп жүре бердім.

Осылай жылдар өтіп, ең кенже ұлым да мектепке ілінді. Енді оның сабағын қадағалауды үлкендеріне тапсырдым. Ата-аналар жиналысына бірде барып, кейде бара алмай, үлкеніміз мектепті бітіретін уақытқа да жетті.

Тек қана күнделікті кешкісін жұмыстан келген соң «Үй тапсырмасын орындадыңдар ма?», «Сабағыңды қарадың ба?» деген сұрақтарды қоямын. Олар да үңіліп сабақтарын оқып отырғандары. Содан жаман болмаған шығар, мұғалімдерінен тек қана балаларым жайлы мақтау естимін.

Ана әрқашан өз баласын басқа балалардан артық көреді, кемшіліктері болса да, бәрібір өз баласы бәрінен биік. Мен де өз балаларымды солай көрдім. Үйге келген қонақтар кейде өзімнің зыр жүгіріп, дастархан жайып, тамақ істеп жүргенімді көріп «Балаларыңды жұмсамайсың ба? Үй шаруасына епсіз болып өседі ғой» деп жанашырлық танытқансиды. Бірақ мен үшін балаларым ең алдымен білімді болса, қалған істерді уақытымен, өзіне керек болғанда үйреніп алады.

Ең бастысы, қазір нағыз білім алатын, ізденетін уақыттары. Білім алу ешқашан кеш емес, бірақ жас кезде алған білім ешқашан жадыңнан өшпейді."