«Пәтерді менің атыма аударып берді»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Тағдыр мені аз жылатқан жоқ. Десе де өмір жолымда енемдей жақсы адаммен тоғысқаныма өте қуаныштымын. Ол кісі мен үшін туған баласынан бас тартты», - дейді тараздық Айтбала есімді келіншек.
Енесінің бұлай етуіне ұлының өзге әйелмен жүріп кетуі себеп болыпты. Оқиғаның қалай болғанын Айтбала ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
"Мен күйеуіммен Таразда, университетте оқып жүргенде таныстым. Бейбіт сол қаланың жігіті. Ал мен Шымкенттенмін. Балалар үйінде өскенмін. Әке-шешемнің кім екенін білмеймін. Бейбіт екеуміз де бір-бірімізді бір көргеннен ұнаттық. Үш жыл көңіліміз жарасып, қыз-жігіт болып жүрдік. Университет қабырғасында жүргенде жұбымыз еш жазылған емес. Бір-бірімізді ренжіткен кезіміз де болған жоқ, ол мені қатты сүйетін.
Университет бітірген соң үйлендік. Бейбіт анасының жалғыз баласы екен. Әкесі жоқ. Білетінім Бейбітті анасы жалғыз өсірген. Айтуынша баласының жайын ойлап, қайта тұрмысқа шықпаған. Бейбіттің анасымен алғаш күннен-ақ құрбыдай болып кеттік. Отағасы жайлы айтпағанмен, өзге сырын меннен бүкпейтін. Сондықтан да болар мен де ештеңе жасырмайтынмын. Ол кісі мені алақанына салып ұстады десем артық айтқаным емес. Бейбіт те алғашқы үш жыл мен дегенде құрақ ұшып тұратын.
Бірақ... екінші қызымыз дүниеге келген жылы Бейбіттің бойында бір өзгеріс пайда болды. Әрдеңені сылтауратып, үйге кеш келетінді шығарды. «Жолдастармен бір жерге барамыз» деп кеш батқанда үйден кетіп қалуы жиіледі. Алғашқы кезде «жолдастарымын жүрген шығар» деп оған аса мән де бермедім. Оған қоса енем екеуміз кішкентаймен әуре болып отырамыз. Бір күні енем «осы Бейбіт кешке қыдыруын жиілетіп кетпеді ме?» деді. «Жолдастарымен жүрген шығар» деп едім, «Жолдастармен жүрудің де жөні, мезгілі болады. Байқа, жолдан адасып жүрмесін» деді.
Енемнің сол сөзінен кейін ойланып қалдым. Расымен де соңғы кезде Бейбіт түн ортасында, мен ұйықтап қалғанда келеді. Бұрынғыдай, келгенде мені еркелетіп, бетімнен де сүймейтін болған екен. Екеуміздің ерлі-зайыпты болып жақындаспағанымызға да біраз уақыт болып қалыпты. Бейбітпен ашық сөйлесуді ұйғардым.
Ертеңінде кешке Бейбіт тағы бір жаққа кетпекші болып жиналды. Мен әңгімелесуіміз керек деп едім, «асығып тұрмын, келгесін сөйлесеміз» деп кетіп қалды. Бейбіттің бұл жүрісінің тек емес екенін ұқтым. Ол келгенше ұйықтамай отырдым. Бейбіт сол күні таңғы төртте келді. «Қайдан келдің» деген сұрағыма «жолдастармен сыра ішіп, бильярд ойнап...» деді. Бірақ Бейбіттен сыраның емес, әйел иіссуының иісі шығып тұрған еді. Соны айтып едім, ашуланды. Сол күні алғаш рет ұрыстық.
Ертеңінде үйдегілер жұмысқа кетіп, кішкентаймен жалғыз қалғанда Бейбіттің соңғы бір жылдағы өміріне, мінез-құлқына өзімше сараптама жасадым. Енемнің алаңдауы да тектен-тек емес екен. Соңғы жылда біз Бейбітпен бірге ешқайда қыдырмаппыз да. Қайда барсам да енеммен барған екем. Бейбіт тіпті кішкентай қызын соңғы рет қашан қолына алып, көтеріп, ойнатқанын да есіме түсіре алмадым. Байқасам отбасына көңіл бөлуді мүлде қойған екен. Ойы басқа жақта екеніне енді күмәнім қалмады.
Бейбіт жұмыстан келген соң ашық әңгіме бастадым. Күдігімді де жасырмай, жайып салдым. Енем де менің сөзімді қоштады. Күйеуім біраз уақыттан соң «егер менің бұл жүрісім сендерге ұнамаса, онда біржолата үйден кетем» деді. Мұндай жауап күтпеген мен тосылып қалдым. Енем «балам есіңді жи» деп көз жасына ерік берді. Бірақ ол анасын да тыңдаған жоқ. Ертеңіне киім-кешегін жинады да, ләм-мим деместен үйден кетіп қалды.
Достарынан естігенім, күйеуім екі баласы бар бір әйелмен көңіл жарастырып жүрген екен. Соның қолына кетіпті. Мен шарасыз күйге түстім. Енем «сабыр ет, адасқанын түсініп, бір күні қайта келеді, өзінің екі баласын тастап, біреудің балаларын бауырына баспайтын шығар» деп, тоқтау айтты.
Бірақ адам адасам десе бір сәтте екен, Бейбітіміздің басы айналып қалғандай. Өзі тып-тыныш кетсе мейлі ғой, біз тұрып жатқан төрт бөлмелі пәтерді таныстары арқылы кепілге қойып, анасының атынан бес миллион теңге несие алып, оны төлемей қойыпты. Ақырында сот орындаушылар, банк қызметкерлері үйге келіп, «банктен алған қарызды өсімімен төлемесеңіздер, үйді босатасыздар» деп тұрып алды.
Осы кезде енем бос келмеді. Әдетте ана деген жалғыз баласы үшін жан беруге дайын тұрмаушы ма еді? Бірақ енем көреген екен. Не дегенмен балабақша меңгерушісі болған, таныс заңгерлерді араға салып, ұлының үстінен арыз жазды. «Мені аямаған, екі жылдан бері шешем деп іздеп келмеген баланы мен неге аяп, баспанамнан айырылуым керек? Немерелерім далада қалсын ба?» деп осы іске білек сыбана кірісіп, несиенің заңсыз алынғанын дәлелдеп шықты. Бүкіл қарызды Бейбіт қайтаратын болды.
Басында бес елі қарызы бар еркекті кім жақсы көрсін? Кезінде басын айналдырып алған әйел Бейбітті үйінен қуып шығыпты. Барар жері, басар тауы қалмаған күйеуім анасы екеумізден тізерлеп кешірім сұрады.
Енем де ер екен, «Жалғыз ұлым деп бетіңді қақпай өсіргендені рахметің осы болды ма? Құдай мені жыламасын деп алтындай келінді нәсіп еткен екен. Қайта бөтеннің баласынан қамқорлық көрдім. Сондықтан мына үйді келінімнің атына жазып, қалдырамын. Есің бар болса, әйеліңнен айырылма» деп ақыл айтты.
... Басыма қиын іс түскенде екі перзентімді құшақтап кетіп қалмағаныма, енемнің көрегенділігіне риза болдым. Жалпы, енемен тату тұрған келіннің ұтылмайтынына көзім жетті. Шүкір, қазір отбасымыз баяғы қалпына түскендей. Жастықпен оңбай от басқан Бейбітім де анасының, біздің қадірімізді түсінген сияқты».