​«Келініме екі дүниенің бақытын тілеймін!»: шымкенттік әйел баласын таңдаған келініне алғыс айтты

0
4 201

«Бірінші әйелі немеремді бізге тастап байға тиіп кетті»


​«Келініме екі дүниенің бақытын тілеймін!»: шымкенттік әйел баласын таңдаған келініне алғыс айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Айдың жартысы - жарық, жартысы - қараңғы» дегенді жиі еситінбіз. Әсіресе баяғыда жеңгелеріміз, апаларымыз қиындыққа душар болған кісіге осылай айтатын. Сөйтсем әр қиындықтың артында біз күтпеген қуаныш болатынын меңзеген екен-ау», - дейді Ізет есімді әйел.


Талай жыл мұғалім боп қызмет етіп, бүгінде құрметті зейнетке шыққан ана ERNUR.KZ арқылы келініне алғыс білдірмекші екен.


«Тұрмысқа кеш шықтым. Оқу қудық, одан жұмыс дедік, жігітке көңіл бөлуге шорқақтау болдым. Анам емес, әкем көп уайымдайтын, «қызым сен былай өзі жан-жаққа көз сала жүрсейші, біреу-міреу кездесіп қалар» деп айта беретін. Сөйтіп жүргенде мектебіміздегі бір жігітке көңілім ауды. Мен келгелі сабағыма көмектесіп, қыр-соңымнан қалмай жүретін. Ақырында тіл табысып, үйлендік.


Обалы не керек, талай жыл таңдап тигенім өте тамаша адам болды. Тату-тәтті ғұмыр кештік. Құдай бізге бір түйір ұл берді. Емделдік, ары-бері шапқыладық. Бірақ еш нәтиже болмағасын бергеніне шүкір етіп, тіршілігімізді жалғастыра бердік. Ұлымыз өте зерек, құймақұлақ бала боп өсті. Екі мұғалімнің үйінде өсу оңай ма, жатпай-тұрмай сабақ оқып, олимпиадаларға қатысып, өз күшімен университетке оқуға түсті.


Оқуға түскенін өзімізше мейрамханада атап өтіп, үйге келіп демалуға жатқанбыз. Күйеуім сол күнгі қуанышты көтере алмады ма, таңда оянбай қала салды. Жүректен кетіпті. Ауырмай, бес-алты сағат бұрын жаныңда сап-сау отырған, бір төсекте жатқан адамның бір сәтте жоқ боп кетуі жаман екен. Күйзеліп, төсек тартып жатып қалдым. Осы кезде балам демеу болды. Үлкендерше ақыл айтып, қайтадан еңсемді тіктеуіме сөз жәрдемін, қол жәрдемін беріп, менің қырқылған қанатымды қатайтты.


Тіршілігімізді жалғастырып, мен мектепке, балам универсиетке барып үш жылды артқа тастаппыз. Бір күні балам «мама, келіншек апара жатырмын» деп төбемнен «бомбаны» тастай салды.

«Әй, сен не бүлдірейін деп тұрсың,мен дайын емеспін, тоқтай тұр!» дегенімді тыңдамады. Достармен қауқылдасып отырып бір қызды үйге сүйреп келді. Үйдегі бар орамалды салып, туған-туысты шақырып, беташарымызды өткізіп алдық. «Неге мұнша асықтың, құда түсіп алар едік» деп баламды оңаша шақырып алып айтып едім, «мама, аяғы ауыр боп қалыпты, әке-шешесі білмейді» деп ақталды.


Шынымды айтайын, келінім бір көргеннен ұнамады. Түсі суық, мені менсінбейтіндей, көзінің қиығымен қарайды. «Кейін үйреніп кетерміз» деп ішімнен тілеуін тілеп, балама білдірмей жүре бердім. Бірақ түйсігім алдамапты. Келінім келгеніне бір ай болмай жатып «бөлек кетейік» деп баламның миын ашытты. Бөлек болғанда да Шымкентте тұрғысы келмей, Алматыны аңсады ғой. «Маған Шымкенттің ауасы жақпайды» деп желеулетті. Оған балам «Мамамды тастап ешқайда бармаймын» деп көнбеді.


Осылай ырың-жырыңмен жеті айды артқа тастап, дүниеге немерем келді. Айдай деп өзім атын қойып, қырық күн шілдесінен шығарып, келінімді баладай мәпеледім. Немерем төрт айға толғанда екеуі тағы ұрысты да, келінім киімін жинап, немеремді көтеріп кетіп қалды. «Ақылға кел, қызыңды ойла, басында баламның жалғыз ұл екенін, Шымкенттен кетпейтінін біліп тидің ғой. Бір ашуыңды баса ғой» деп әңгімелестім. Бірақ келін айтқанынан қайтпай қойды.


Баламның да мінезі бар, «кетсең артыңнан іздеп бармаймын» деп айқайлады. Сол сөзінде тұрды. Жастықтың буымен ерте үйленгеніне өкінді-ау. Бір жағы қызына деген сағыныш бар, тұйықталып кетті. Уақыттың бәрін жаңадан кірген жұмысында өткізеді. «Біреуді тауып, үйленсейші, ақыры қосылмайтын болсаң» деп айтатынмын.


Бір күні балам жұмысынан қайтып келе жатып кішкентай баланың доп қуып көліктің астына түскелі жатқанын байқапты. Бар екпінмен әлгі баланы құтқаруға жүгіріп, балан құшақтаған күйі жолдың шетіне құлай кеткен ғой. Содан омыртқасына зақым келіп, ауруханадан бір-ақ шықты. Дәрігерлер екі рет ота жасап, аяқтан тұрғызуға әрекеттенгенімен еш нәтиже болмады. Балам арбаға отырып қалды. Баяғы қайғысына енді денсаулығы қосылып, өмірден түңіліп кетті. Бар салмақ өзіме түсіп, уақытымнан бұрын қартайдым.


Арасында баламның достары келіп, көңілін аулап, үй шаруасына жәрдемдесіп тұратын. Бір күні үйге бейтаныс бір қыз келді. «Арнұрдың сыныптасысың ба, кіре ғой» деп едім, «Жоқ, апай, мен балаңызбен ауруханада танысқам» деп жағдайын айтты. «Балаңыз бір адамның өмірін құтқарып қалған батыр ғой» деп әңгімелесіп, үшеуміз шай іштік. «Рұқсат етсеңіз мен келіп тұрайыншы» деп қиылды. Жүзі жылы, көзінен мейірім төгіліп қалған қыз екен. Бір көргеннен баурап алды.


Сол қыз қазір менің алтын келінім. Баламды аяғынан тік тұрғызбаса да өмірге деген құштарлығын оятты. Екеуі екі перзент сүйіп отыр. Айтпақшы, кетіп қалған келінім таяуда немеремді біздің үйге әкеп тастаған. «Мен күйеуге тием, қыздарыңды өздерің бағыңдар» деп. Мың жасағыр келінім оны да мейірлене сүйіп, құшағына басты. Өз балаларынан кем көрмейді. Өзі мен сияқты мұғалім, жұмысына барып келеді. Үйдің шаруасына да епті. Енді өліп кетсем де арманым жоқ, балам үшін уайымдамймын.


Келінімді жиі мақтамаймын, сөзге сараңмын ба, мақтай бастасам жылап қала берем. Соны енді сайт арқылы жеткізіп, алғысымды білдіргім келеді. Екі дүниенің бақытын тілеймін, саған, қызым! Қосағыңмен қоса ағар!»