«Екеуі үш жылдан бері бір-бірін іздемейді»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Әдетте ана мен баланы ештеңе ажырата алмайды дейміз ғой. Бірақ, Құдай басқа салмасын, ажыратам десе бір сәтте екен», - дейді шымкенттік Гүлчехра есімді келіншек.
Айтуынша, соңғы үш жылдан бері күйеуі екеуі ата-енесімен араласпайды. Олар да баласы мен келінін іздемей кетіпті. Оқиғаның қалай болғанын Гүлчехра ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
«Жасым жиырма бестен енді асты. Жиырма бір жасымда келін болып, босаға аттадым. Анам тұрмысқа шығатын кезімде мені келіндікке әбден даярлады. Келін болып түскен шаңырағымды сыйлауым керектігін, ата-енені қадірлеудің өзіндік жоғары қасиет екенін санама сіңірген. Өзім де «ата-анамның сенімін ақтап, ауыл-аймаққа сыйлы келін атану үшін барымды салармын» деп ойлайтынмын. Бірақ барлығы мен ойлағандай болмады. Міне, соңғы үш жылдан бері біз ата-енемнің шаңырағына мүлдем бармаймыз. Есігін ашпаймыз. Балаларым да, мен де, күйеуім де ол үйдің табалдырығын аттамағалы үш жылдың жүзі болды. «Ауыл-әулетке сыйлы келін атанамын» деген мен қазір туған енеммен бір дастарқаннан дәм тата алмай, не ол кісіні үйіме шақырып күте алмай әуре-сарсаң болып жүрген жайым бар.
Ең алғаш келін болып түскенімде барлығы өз жөнімен, өз жолымен келе жатыр еді. Таңдауым түсіп, сүйіп қосылған азаматым да оқыған, білімді азамат. Қайын жұртым да береке дарыған үлкен бір әулет. Осының барлығына іштеу тәубе етіп «бергеніңе шүкір» дейтін едім. Келін болып түскеннен кейін мен бір жыл өткен соң өмірге қыз бала әкелдім. Ол кезде бізді атам мен енем өз алдымызға еншімізді беріп бөлек үй етіп шығарған болатын.
Жас босанған анамын. Күйеуім күн ұзаққа жұмыста, мен үйде қызымды бағып бір мамыражай өмір басталды. Бір күні кешкісін тосыннан басым қатты ауырды. Дәрі ішкеніме де басылмай, күнде кешкісін басым ауырып тұратын болды. Бір ай бойы үздіксіз осылай жалғаса бергеніне де мән бермедім. Күйеуіме де басымның ауырып жүргенін білдірмедім. Күндер осылай өте берді. Маған келе-келе бірдеңелер көз алдыма елестейтін болды. Жалғыз қалғанымда біреу ту сыртымнан қарап тұрған сияқты сезіндім. Ең қорқыныштысы, сол елес күні-түні қасымда жүретін.
Мұны да күйеуіме айтуға ыңғайсызданып, бір жағы оны алаңдатпайын деп шаршағандыққа балап жүре бердім. Бірақ мұның барлығы қызым үш ай болғанда шегіне жетті. Мен түн ішінде ұйықтап жатып айғайлап оянатын, сандырақтайтын халге жеттім. Күйеуім менің жағдайымның мәз еместігін сол кезде анық сезініп, дереу ауруханаға апарды. Ондағы дәрігерлер маған «жүйке жүйесінің ауытқуы» деген диагноз қойып алты ай ем қабылдауым керектігін айтып дереу шұғыл түрде ауруханаға жатқызылдым. Сол сәттен бастап менің өмірімде үлкен өзгерістер орын алды.
Мен ауруханаға жаттым, күйеуім үш айлық қызымен жалғыз қалды. Тек қана анасының омырауын еміп өсіп келе жатқан қызым, емізік салса аузына да алмай, шыр-шыр етіп қанша күн жылайды. Менің емделуге жатқанымды естіп енем де дереу алқын-жұлқын ауылдан жетеді. Күйеуім екеуі бесіктің екі жағында жатып, барынша қарап бағады ғой. Қызым жыласа әкесі қоса тұрып қарасып, барлық жағдайды қызына жасайды. Менің алты ай бойы емделетінімді, оның үстіне шыққаннан кейін де күтім керектігін естіген енем, бір күні қызымды ауылға алып кетпек болады. Сөйтіп, енем қызымның барлық киімдерін жинап, ауылдан атамды шақырып, немересін алып ауылға аттануға қам жасайды. Менің қызым ол кісілердің тұңғыш немересі, бір жағынан «жастар ғой, келінім шыққан соң да күтінсін» деген де ойы бар болған шығар. Ауылдан атам келгеннен кейін екеуі отырып, ұлдарымен сөйлесіп «немеремізді бізге бер, біз бауырымызға салып өзіміз алайық, қызымыздың барлық киімдерін дайындап қойдық. Сен алаңдамай келін шыққанша жұмысыңды істеп, тірлігіңді жаса» деген екен.
Басында күйеуім келісіпті. Атам мен анам қызымызды алып, ауылға кеткен. Екі күннен соң күйеуім шыдай алмай, қызының артынан алқынып жетіп барған ғой. Енем әзіл-қалжыңға жақын адам еді, баласының жетіп келгенін әзілге бұрып «Ойпырмой, қызды болмай-ақ жүрген екенсің де. Осынша баланы бағып-қаққан біздер сенің қызыңды өсіре алмай қалыппыз ба? Әлде бала саған-ақ керек пе? Қазіргілердің емешегі езіліп тұрады осы. Балажанын қарашы мынаның» деп атам екеуі кеңкілдей күлген ғой. Күйеуім іштей стресте жүрсе керек, мамасының әлгі сөзін көтере алмай, «Қызымды қарағандарыңды міндет қылып отырсыңдар ма? Өзім-ақ бағамын. Әйеліме де өзім қараймын. Көмектеріңе рахмет, қош болыңдар!» деп кетіп қалыпты.
Содан бері үш жыл өтті атам мен енем біздің үйге келмейді, не біз олардың үйіне бармаймыз. Мен балаларды алып барайын десем, күйеуім сол күні үйде айғай-шу шығарады. Қанша ағайын, дос-жарандар да жиылып айтты, бірақ енем де, күйеуім де бір-біріне иілгісі келмейді. Тіпті қазір ағайындарымыздың дені болған жайтқа мені кінәлайтын болып алды. Өткенде бір жиында үлкен қайынағамыз «еркек бас болса, әйел - мойын. Азаматыңа жөн-жобаны дұрыс көрсетіп отырсаң ол қайда барушы еді шешесінен безіп?» деп тілдеп те жіберді. Бірақ күйеуімнің илігер түрі де көрінбейді.
Мен ең алғаш келін болып түскенімде енем маған «бір көңілім қалмасын, бір көңілім қалды ма, ештеңеге қайырылмайтын адаммын» дейтін. Бірақ тап осылай туған ұлынан оп-оңай безе салады деп ойламаппын. «Сіз анасыз ғой, балаңызды «Балама мен емес бала керек екен. Солармен өмір сүре берсін» деп көнер емес. Күйеуіме де «Сен тұңғыш ұлысың ғой. Ертең ол кісі дүниеден өтсе ел-жұртқа не бетіңді айтасың?! Тірісінде сыйласа алмасаң, ертең әбден кеш болады ғой» деп шаршадым. Қайырылатын түрі жоқ.
Ағайынның той-жиынына барудан қалдық. Күйеуімнің туған бауырларының өзі «осының барлығына сен кінәлісің» деп маған өкпе артатын болды. Қазір басқа туыстарымыз да мені көрсе «үш жылдан бері анасы мен баласын бір-біріне көрсетпей отырған қандай келінсің» деп айтатынды шығарды.
Осы күні ойлап отырсам, менің ауырғаным, көз алдыма әрдеңенің елестеуі, күйеуім мен енемнің араласпай кетуіне тылсым бір күш әсер еткен сияқты. Әлдебіреу біздің отбасымызға іріткі салу үшін дуа жасады ма екен? Шынымды айтсам, басым қатып кетті. Былай қарап отырсаң ана мен бала бет көріспей кететіндей жағдай емес. Бірақ соңғы уақытта қайтадан жүйкем сыр беріп жүр. Маған қандай кеңес, көмек бере аласыздар?»