​«Күшік сияқты біреуге бере салыпты»: алматылық әйел қаза болған туыс қызының анасын кінәлайды

0
1 871

«Шындықты білген күні өзіне қол жұмсады»


​«Күшік сияқты біреуге бере салыпты»: алматылық әйел қаза болған туыс қызының анасын кінәлайды
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Белсіздік пен бедеулік еліміздегі ең басты проблемалардың бірі ғой. Бір перзентке зар боп жүрген адам көп қазір. Құдай бермегесін жұбаныш қылып туысының баласын асырап алуды ойлап жүргендер бар шығар. Соларға менің әңгімем сабақ болса екен», - дейді Қалдыгүл есімді әйел.


Оқырманымыздың әпкесінің басынан өткен жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне баяндап берді.


«Айтпағым үлкен әпкемнің тағдыры турасында. Әке-шешеміз ерте қайтыс боп кеткенде үш бауырын панасына алып, ас-суымызды беріп, анамыздың орнына ана боп қараған жалғыз әпкемді тағдыр аямады. Бізді оқытам, үйлендірем, күйгеу берем деп жүргенде өзінің жасы отыздан асып қалып еді. Ішімнен осы әпкем жалғыз қалып кете ме деп қауіптеніп, уайымдап жүруші едім. Бірақ өзінің теңін тапты. Өзімен жасты, сүрбойдақ жігіт сөз салып, кәде-жоралғысын жасап, екеуі шаңырақ көтерді.


Жездеміздің табысы жақсы, өзінің жеке үйі бар. Әпкем де құр алақан емес, саудамен айналысады. Екеуінде дүние, ақша деген проблема болмады. Оларға тек баланың күлкісі жетпейтін. Төрт-бес жылға дейін үміт үзбей, жан-жаққа қаралып, емделіп, әрекетін жасап бақты. Әпкем сондай ақкөңіл адам, күйеуіне ажырасу туралы бірнеше мәрте ұсыныс білдірді. Бірақ жездеміз шын жақсы көрген екен, «сенен ешқайда кетпеймін» деп табандап тұрып алды.


Не керек, жездемнің анасы араға түсіп, оларға ең кіші баласының қызын асырап алуды ұсынды. Ол кісінің бөтен ойы болмады, «бір перзентті асырап, ата-аналық мейірлеріңді төксеңдер өздеріңе де Құдай беріп қалар» деп ойлады ғой. Жездем мен әпкем де бұл ұсынысты қуана-қуана қабылдап, қайнысы мен келінінің келісімімен енді ғана туылған бөпені бауырларына басты.


Нұрай деп атын қойып, ерекше мәпелеп өсірді. Оған өзім куәмін. Нұрайдың айтқанын екі етпейтін. Жездем аяғын жерге тигізбей, әпкем аузынан ақ майын ағызып, әлпештеп жеткізді. Бірақ құдағи айтқандай өз балалары болмады. Құдай бұйыртпаған екен. Тағдыры солай болған шығар.


Нұрай өте ерке қыз боп өсті, тік мінезді, қалауын орындатқанша қоймайтын әдеті бар еді. Сол еркелігімен мектепті бітіре сала көлік алдыртты. Ақылы оқуға түсіріп, әке-шешесі бар жағдайын жасады. Бірақ бір күні олардың айрандай ұйып отырған шаңырағы ортасына түсті.


Жиен қыз бірінші курсты аяқтап, әпкем мен жездем қыздарын алып ауылдарына кеткен. Әулеттері үлкен ас береміз деп ниеттеніпті. «Біз біраз күн болып қайтамыз» деп маған айтқан-тұғын. Сонда барса Нұрайдын туған анасы шыдай алмай бар шындықты қызына айтып қойған. «Сен енді бойжеттің, ақылың бар, шындықты білуің керек» деп өзінше үлкен бір іс тындырғандай бәрін жайып салған ғой.


«Асты өткізіп, бәріміз үлкен үйде шай ішіп отырғанбыз. Нұрай көрінбей қалды. Үлкен қайнымның баласын «іздеп келші» деп жұмсап жіберген едім. Біраз уақыттан кейін даладан баланың бақырған даусы естілді. Бәріміз өре түрегеліп, әлгі жаққа қарай жүгірдік. Барсақ менің Нұрайым қорада асылып қалыпты» деп әпкем егіліп сала берді.


Нұрай өмірден өтерден алдын бір параққа хат жазып қалдырыпты. «Менің туған әке-шешем күшік сияқты біреуге бере салыпты. Мен сонда қуыршақ болдым ба, осы уаққа дейін бетіме бәрі өтірік күліп жүріпті. Бәріңді жек көрем» деп жүректі ауыртар сөздерді жазған.


Бұл қаза әпкемдерге өте ауыр тиді. Ағайынның арасы ажырады. Бәрі Нұрайдың туған анасын кінәлады. Содан бері 6 жыл өтті, бірақ әпкемнің көзінен жас кетпейді. Денсаулығы құрыды. «Басынан бар шындықты айтуым керек еді» деп өзін кінәлай береді. Бірақ бәріне кінәлі туған шешесі емес пе? Өзі алып-ұшып тұрған жап-жас қызға осылайша отыра қалып айта салғаны дұрыс па? Шындықты айтқаннан не ұтты? Осыны ойласам жаным сыздайды. Жап-жас қыздың өмірі қыршыннан қиылды.


Жалпы, бала асырап аларда туыс-туғаннан алмау керек екен. «Қасқырды қанша асырасаң да орманға қарап ұлиды» демекші, түбінде өзінің бауырларын тауып, бөлектеніп кетеді. Асырағың келсе іздеуі-сұрауы жоқ балалар үйінің бөбектерін алу керек. Және балаға шындықты айтарда өте мұқият болу керек. Мұндай жаңалыққа бала түгілі үлкен адамдардың өзі шыдай алмайды. Әпкемнің тағдырын ешкімнің басына бермесін. Ең жақсыға лайық бір адам болса, ол менің әпкем еді, қайтейін...»