"Қызымды уысымда ұстаймын деп бүкіл өмірін қиындатыппын"

0
1 038

"Осының бәріне мені дегенінен шықпайтын қылып үйреткен сіз кінәлісіз..."


Сурет: i.pinimg.com

«Мен қызымды тым қатал ұстадым. “Тек сабағыңды ойла! Мынаны киме! Олай сөйлеме! Былай жүрме! Болды, ұйықта!” деп, әр қадамын бақылап, бұйырып сөйлейтінмін. Ал ол менің көзімнен қорқып, ішкі ойын жасыратын болды. Тұйық, өзіне сенімсіз болып өсті»

ERNUR.KZ тілшісімен сырласып, өзінің қателігі қызының өміріне қалай әсер еткенін баяндаған Гүлсара апа бала тәрбиесінде қаталдық бапсты құрал бола алмайтынын айтты.


«Қызыма жоғары оқу орнына түсерде де ерік бермедім. Университет, мамандық - бәрін өзім таңдадым. Телефон арқылы әр қадамын бақылап отыруға тырыстым. Бір сөзбен айтқанда, менің сызған сызығыммен жүрді.

Бірақ үшінші курс кезінде менің тыйымдарымды тыңдамай, менен жасырып, қыздармен кафеге шығыпты. Сол күні-ақ көрші ауылдың баласы көлікке салып, алып қашып келіпті.

Сол кезде де қызымның ойын тыңдамадым. Қалауын ескермедім. «Бұл адамды танымаймын. Бұрын бір-ақ рет көргенмін. Қалмаймын. Қазір күйеуге шыққым келмейді» деп жылады. Бірақ мен көз жасына қарамадым.

«Күйеуге шыққың келмесе, қыдыруға неге шығасың? Үйде отырсаң, осындай болмайтын еді. Сен баланы танымасаң, біз танимыз әке-шешесін. Ешкіммен шатағы жоқ, момын, ыңғайға көнетін, жақсы адамдар. Босаға аттап қойдың, ұят болады. Енді болары болды, қаласың!» деп баяғы әдетіме бастым. «Ешқайда барма!» дегенімді тыңдамағаны, менен сұранбағаны, жасырғаны үшін жазалағым да келген шығар осылай.

Арада он жылдан аса уақыт өткенде қызым қиғылық салды. «Балаларымды алып, қалаға кетемін. Бізбен бір отбасы болам десең, бірге жүресің. Бармасаң, ажырасуға арызыңды жаз да, қалаған жеріңде қала бер» деп күйеубалаға шарт қойыпты. Ол да қызымның менің дегенімнен шықпайтынын әбден біліп алған. «Өзіңіз сөйлесіп, бір ақылыңызды айтыңызшы» деп маған хабарласты.

Содан қызыма хабарласып, «Қалада нелерің бар? Күндеріңді көре алмай жүрсеңдер қайтесіңдер? Күйеубаланың мектепте тәуір айлығы бар. Осы ауылда сол жұмысқа жете алмай, көзін тігіп жүргендер көп. Жылы орнын суытып, дайын жұмысты тастап неге кетсін? Неге миын ашытып жүрсің? Малдарыңды бағып, сиырыңды сауып тыныш отыр!» деп бұйырдым тағы.

Сол кезде қызым: «Өмір бойы сіздің айтқаныңызды істедім. Ешқашан өз таңдауыммен жүрмеппін. Мен үшін басқалар жазып берген өмірді сүрдім. Мен мұндай өмірді қалаған жоқпын. Болашағымды елестеткенде, ешқашан ауылда малдың астын тазалап, сиыр сауып, ошаққа от жағып, ыс пен көң сасып жүремін деп ойламағанмын. Бірақ күйеуімнің таңдауы, ата-анамның қалауы деп көндім.

Еркектің алдына түспейін деп, қызыл дипломым болса да, мектептегі жұмысқа кілең үшпен бітірген күйеуімнің кіруіне жол бердім. Өзім бала мен байдың, одан қалса малдың бабын жасап, салпыетек әйел болдым. Сөйткенде алған рақметім кәні? Ол – мұғалім, білімді, көзі ашық, үсті-басы таза. Енді келіп мені менсінбей, мектепке жаңадан келген жас практикантқа көз салып жүр екен. Өлердегі сөзін айтып, аудан орталығына өзімен бір кездесуге баруға көндіре алмай жүр екен. Мұғалім әйелдер «Қайтсін енді, қатынының түрі анау, адам қызығар түгі жоқ. Еркек болғасын, жас, әдемі әйелді іздейді де» деп айтыпты. Не істейін, айтыңызшы, бұған да көнейін бе?» деп тоқтамастан сөйледі.

«Осының бәріне мені дегенінен шықпайтын қылып үйреткен сіз кінәлісіз. Жасым отыздан асты ғой, енді араласпаңыз өмірме. Өзім шешемін!» деп ішіндегі жылдар бойы жиналған қарсылығын, ренішін, ашуын бір-ақ сәтте ақтара салды сөйтіп.

Сөздері жүрегіме пышақ болып қадалды. Мен тәртіп орнатам деп, дұрыс жолмен жүргізем деп, қалауын айтуға рұқсат бермеппін. Өмірдің еркіндігін сезіндірмеппін. Енді міне, сонша тырысқаныммен, буыны бекіген қызымды бұрынғыша уысымда ұстай алмай қалғаныма куә боп отырмын.

Күйеубаламның қылығы ол бөлек батып барады. Сондықтан ендігі жерде қызымның жүрек қалауымен санасамын, оның таңдауын тек қана қолдаймын деп шештім.

Өзімнен кішілерге айтарым, балаңа қаталдық емес, қолдау сыйла. Оның таңдауына, шешіміне сенім білдір. Қаталдықпен қысып ұстау емес, сенім арқылы еркін ұстау – ең мықты тәрбие екен.»