Баланы еңбекке ЕРТЕ араластырған дұрыс па?

0
217

Бірі ата-анасына көмектесу үшін, енді бірі – өз арманына жету үшін ақша жинап жүр.


Баланы еңбекке ЕРТЕ араластырған дұрыс па?

Иллюстрациялық сурет: ЖИ арқылы жасалды

Жаз шықса, қала көшелерінде балмұздақ, салқын сусын, жүгері сатып жүрген кішкентай балалар көзге жиі шалынады. Қоймада жүк көтеріп, көлік жуып жүрген жасөспірімдерді де кездестіреміз. Бірі ата-анасына көмектесіп жүрсе, енді бірі өз қажетіне ақша табуға тырысады.

Бала еңбегі – тұлғалық дамуға апарар жол ма, әлде ауыр жүк пе? Бала психикасына, денсаулығына және болашағына бұл тәжірибенің әсері қандай болуы мүмкін?

Осы сұрақтарды талқылау мақсатында 12 маусым – Дүниежүзілік балалар еңбегіне қарсы күрес күніне орай сауалнама жүргіздік. Жауаптар екі түрлі пікірге бөлінді. Бірі – "Еңбек баланы шыңдайды" десе, екінші тарап – "Бұл балалық шақты ұрлау" дейді.

Келтірілген пікірлерді саралай отырып, біз баланы еңбекке ерте араласудың оң және теріс тұстарын салыстырғанды жөн көрдік.



Оң тұстары

+ Жауапкершілік сезімі қалыптасады. Бала өз ісіне тиянақты қарап үйренеді, өмірлік дағдыларды ерте меңгереді.

+ Уақытты тиімді пайдалануға дағдыланады. Тапсырма орындау, табандылық, еңбек процесін басқару дағдылары дамиды.

+ Қаражатты табу, жұмсау, үнемдеу сынды қаржылық сауаттылық қалыптасады.

+ Тәжірибе жинайды. Адамдармен қарым-қатынас орнатып, әлеуметтік дағдыларды меңгереді.

+ Өз еңбегінің жемісін көреді. Бұл балаға өзін маңызды сезінуге, өзіне деген сенімді арттыруға көмектеседі.

+ Кәсіби бағдардың алғашқы қадамдары жасалады. Бала қандай іспен айналысқысы келетінін ертерек аңғара бастайды.

+ Еңбекқорлық, төзімділік, табандылық қасиеттері қалыптасады.



Теріс жақтары

- Ересек өмірге ерте араласқан бала кейін ата-анасына "менде балалық шақ болмады" деп өкпе артуы мүмкін.

- Денсаулығына зиян келуі ықтимал. Ауыр жұмыс бала ағзасына күш түсіреді.

- Шаршау мен күйзеліс тудырады. Ұзақ уақыт жұмыс істеген бала ашушаң, тез шаршағыш болады.

- Оқу үлгеріміне кері әсер етеді. Бірте-бірте сабақтан қол үзіп, білімге деген ынтасын жоғалтады.

- Ерікті емес, мәжбүрлі еңбек – баланың ішкі әлеміне теріс әсер етеді.

- Ойынға, қиялдауға және еркін дамуға уақыт қалмауы баланың шығармашылық әлеуетін тежейді.

- Эмоциялық күйзеліс. Демалыс пен еркіндіктің болмауы баланы мазасыздыққа, жалғыздыққа және өмірге өкпелі көзқарасқа итермелейді.



Психологтар не дейді?

Мамандардың пікірінше, баланы еңбекке тарту оның жасына, психологиялық ахуалына және ерік-жігеріне байланысты болуы керек. Егер бала өз еркімен, қауіпсіз ортада жұмыс істеп, жаңа нәрселерге қызығушылық танытса, онда бұл – тәрбиенің тиімді құралы болады. Мысалы, жазда балмұздақ немесе жүгері сату сияқты жұмысты егер бала өзі қалаған жағдайда – қаржылық сауаттылыққа, еңбек пен табыстың мәнін түсінуге, өмірлік дағдыларды меңгеруге мүмкіндік береді.

Ал егер еңбек мәжбүрлі сипатқа ие болып, баланың ойын, демалыс және еркін даму құқығын шектесе, ол психологиялық және эмоционалдық зиян келтіреді. Мұндай жағдайда бала ерте есейіп, болашақта өкініш пен реніш сезімдерін бастан кешуі мүмкін.



Заңда не айтылған?

Қазақстан заңнамасы балаларды физикалық немесе психологиялық тұрғыдан зиян келтіретін жұмыстарға тартуға тыйым салады. Мұндай жұмыстарға ауыр физикалық еңбек, қауіпті жағдайлардағы жұмыс, түнгі уақыттағы еңбек және бала құқықтарын бұзатын басқа да қызмет түрлері жатады.

  • 14-16 жас аралығындағы балалар – оқудан бос уақытында күніне 2 сағаттан аспайтын, ал каникул кезінде күніне 7 сағаттан, аптасына 24 сағаттан аспайтын жұмыс істеуге рұқсат етіледі.
  • 16-18 жас аралығындағы жасөспірімдер – күніне 8 сағаттан, аптасына 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек.
  • Сонымен қатар жұмыс беруші кәмелетке толмаған баланың өзімен, оның ата-анасымен, қамқоршысымен еңбек шартын жасауға міндетті.



Жаңа бағдарламаны білесіз бе?

Биылдан бастап жазғы каникулда 14 жастан асқан оқушылар мен студенттер ресми түрде жұмыс істеп, еңбекақы ала алады. Олар 1 маусымнан 31 тамыз аралығында мемлекеттік мекемелер мен кәсіпкерлік құрылымдарда қоғамдық көмекші ретінде еңбек етеді. Яғни оқушылардың денсаулығына зиян келмейтін, ауыр көтермейтін, көмекші жұмыстар беріледі.

Жастардың жұмысқа орналасуы үшін ата-анасының жазбаша рұқсаты қажет. Құжаттар оқушының тұрғылықты жері бойынша аудандық мансап орталықтарында (әкімдіктерде) қабылданады. Жолдамалар да сол мекенжайға сәйкес беріледі. Олардың Ай сайынғы еңбекақы мөлшері 28 айлық есептік көрсеткішті яғни, 110 096 теңгені құрайды.


Әрине еңбек – құнды тәрбие құралы. Бірақ балалық шақтың қайта оралмайтын кезең екенін ескере отырып, 14 жасқа толмаған балаларды ауыр міндеттерге жегуден аулақ болған жөн.

Ж. Смағұлова,

ERNUR.KZ

Тағы да оқыңыз:

Өзіңді ЖЕҢУдің ОҢАЙ 4 жолы

Отбасы бірлігінің ФОРМУЛАСЫ ҚАНДАЙ?