КАРАНТИНде осы 5 МҮМКІНДІКті жіберіп алмаңыз

0
2 854

Карантин уақытын дұрыс пайдалана біліңіз, өйткені дәл бұндай мүмкіндік туа бермейді.


КАРАНТИНде осы 5 МҮМКІНДІКті жіберіп алмаңыз

Күнделікті күйбең тірліктен, қат-қабат жұмыстан, күні бойы компьютер алдында отырудан шаршағанда «Бір ай үйден шықпай демалсам ғой шіркін» деп сіз де талай рет айтқан шығарсыз?! «Уақыт жоқ» деген сөзді ше?

Міне, демалатын, уақыт жеткізе алмай жүрген шаруаларды орындайтын сәт туды. Есте ұстаңыз, дәл бұндай сәт жыл сайын бола бермейді! Сондықтан үйде өткізетін карантин уақытын үреймен емес, пайдалы істермен өткізуге тырысқан дұрыс.


Ұмытпаңыз, коронавирусқа қарсы эпидемиялық тәртіптік іс-шаралар тоқтаған соң қайтадан таңмен алысып тұрып жұмысқа асығу, кешке сүрініп-қабынып үйге қайту, жексенбіде той-томалаққа бару, кейде шаш жууға шама келмей шаршау басталады.



НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

Карантин уақытша. Бұндай індеттер бұрын да болған, кейін де болады. Сондықтан әлемдік мәселеден пайдалы мүмкіндіктер іздейік. Пессимистік ойларды оптимистік көзқарасқа өзгертіп көрейік.


1. Бұл сізге берілген керемет демалыс әрі отбасындағы жылулықты, сүйіспеншілікті арттыруға зор мүмкіндік

Өйткені дәл осы бір айда той-томалаққа бармайсыз, туған-туысқан келмейді, достар іздемейді, көршілер мазаламайды, ұлыңыз түнделетіп кафеге бармайды, қызыңыз киноға сұранбайды, күйеуіңіз де үйден шықпайды.

Бірге кино көріп, бірге тамақтанып, күні бойы шүйіркелесіп әңгімелесу, балалардың оқу үлгерімін бірге қадағалап, қылықтарына бірге күлу. Дәл осындай сәтті аңсап едіңіз ғой. Ендеше, бәріңізді бір үйге "қамап" қойған карантинді пайдалана біліңіз.

Әр күні түске дейін балаларыңызды құшақтап алаңсыз ұйықтаңыз. Таңға дейін күйеуіңіздің құшағында сырласыңыз. Мейірім, махаббат, күлкі – вирусқа қарсы дәрімен тең.



2. Бұл көптеген аурудың алдын алуға берілген мүмкіндік

Коронавирус тарамағанда вокзалдар, автобустар, қоғамдық орындар, көшелер, подъездер, жеделсатылар, балалар алаңқайы, спорт алаңдары, саябақтар, қоқыс жәшіктері дәл бүгінгідей тыңғылықты дезинфекцияланар ма еді? Бір қала емес, бүкіл әлем арнайы құралдармен тазартылып, түрлі аурутудырғыш микробтар жойылып жатыр.

Бүкіл халық қоғамдық орындардан келген соң қолын сабындап жууға, антисептиктерді пайдалануға дағдылануда. Бұрын аулаға қоқыс тастай салатындар енді тазалықты сақтайтын болады. Әр үйдің кішкентайы да, үлкені де гигиеналық ережелерді қатаң ұстауды үйренуде.

Осы сәтті пайдаланып сіз де үйіңіздің терезелерін, есіктерінің ішкі, сыртқы тұтқаларын, еденді, қоқыс шелегін хлорлап жуыңыз, люстраларды сүртіп тазалаңыз. Сырмасы бұзылған сөмке мен етіктер, жарамсыз қолшатыр, жөндеуге келмейтін теледидар, үтік, шеті кетілген кесе бәрі-бәрін қоқысқа лақтырыңыз. Жарамдық мерзімі өтіп кеткен косметикалық заттар, дәрілер мен сарғайған газет-журналдарды да тастаңыз. Өйткені осындай сынған, бұзылған ескі заттарда микробтар көп жиналады.



3. Бұл өзіңізге көңіл бөлуге берілген уақыт

Айнаға қараған сайын «жұрттар сияқты бетіме маска жасауға менде уақыт жоқ қой» деп өзіңізді ақтайтын едіңіз. Енді сол тоза бастаған бет терісіне нәрлендіретін, қалпына келтіретін, ағартатын маскаларды жасауға мол мүмкіндік беріліп отыр. Үй жағдайында жасалатын маскаларды интернеттен іздеп, қолданыңыз. Түсе беретін шашыңызды емдік маскалармен реттеңіз. Сынғыш, жұқа тырнақтарыңызды күнде тұзды суға салып қатайтыңыз. Қас пен кірпіктеріңізге күнде кастор майын жағыңыз. Кофеден, газды сусындардан сарғайған тістеріңізді ас содасымен ысқылап жуыңыз.

Мұрныңызды тұз қосылған сумен шайыңыз. Бұны ертеде тибеттіктер тыныс алу жолдарының ауруларын емдеу үшін қолданған. Ас тұзы қосылған суға шомылу да денсаулыққа өте пайдалы.

Дене жаттығуларын жасаңыз. Айна алдында билеңіз. Сымбатыңызға зер салып қараңыз. Артық салмақ болса онымен күресуді бастаңыз.



4. Шығармашылық пен білімді арттыру мүмкіндігі

Әйгілі драматург Уильям Шекспир әлемдік классикаға айналған «Король Лир» және «Макбет» пьесаларын қай кезде жазғанын білесіз бе? 1606 жылы бубон обасының карантинінде.

Ал 1666 жылы оба індеті Лондон халқын әбігерге салады. Оқу орындары жабылады, қала карантинге алынады. Дәл қазіргідей халық әр күнін «Бұл эпидемия қашан тоқтар екен?» деген сұрақпен өткізіп жатқанда, Кембридж колледжінің 23 жасар жас ғалымы Исаак Ньютон «Ай жерді айналып жатқанда неге құламайды? Оларды не ұстап тұр?» деген сұраққа жауап іздеумен болады. Оның гравитациялық тартылыс заңы сол карантин кезінде ашылған екен.

Сенесіз бе, Пушкин де сіз сияқты карантиннен ешқайда шыға алмаған. 1830 жылы күзде Болдин ауылына барған кезде холера эпидемиясына байланысты карантин жарияланып үш ай бой сонда қалуға мәжбүр болады. Осы үш айда ол өлеңмен жазылған «Евгений Онегин» романының соңғы екі бөлімін, 30-ға жуық өлеңі мен «Белкин повестерін» жазып бітірген. Ол карантинде өткізген осы жылғы күз мезгілін шығармашылығындағы ең жемісті, шабытқа толы айлар деп атаған.

Сіз де осы ұлылар секілді карантиннен мүмкіндік табуға ұмтылып, қабілетіңізге қарай шығармашылықпен айналысыңыз, өз салаңызға байланысты кітап оқыңыз. Интернетті пайдалануды, скайппен сөйлесуді, ұялы телефондағы пайдалы қосымшалармен жұмыс істеуді үйреніңіз.



5. Ең басты құндылықтарды бағалауға берілген мүмкіндік

Таңның қалай атып, күннің қалай батқанын аңғармай, күнкөріс қамымен зыр жүгіріп ең басты құндылықтарды ұмытқан адамдарға әлемді дүрліктірген вирус көп нәрсені ұқтырып жатыр.

Ең басты байлық – адамның өмірі, амандығы екенін халық түсінгендей. Адамдардың сынап-мінейтін сөзінен өзін қорғау үшін кредит алып шашылып той жасап, кейін қарызын төлей алмай жүйке, жүрек ауруларына шалдығатындар көп. Солар сөзден емес аурудан қорғану маңызды екенін білген сияқты.

Әлемде пандемия жарияланғалы адамдар Жаратушыны күнде еске алып, жалбарынып, дұға оқып жатқаны анық. Сіз де әлемнің Иесінен жәрдем сұраңыз. Тым болмағанда бір рет сәжде жасап, маңдайыңызды жерге тигізіп амандық тілеңіз. Сүрелер оқыңыз.

Ғалымдар адам ғибадат еткенде, дұға оқып тілек тілегенде ағзасында иммунитет көтеріліп, емдік процестер жүретінін айтса, психологтар мұндай кезде адамның сенімі артып, аурумен, қиындықтармен күресуге деген ішкі қуаты күшейеді дейді.

Осы сәтті пайдаланып ғұсыл алу мен дәрет алуды да үйреніп алсаңыз жақсы. Жуынудың бұл екі түрінің де ағзаны аурудан қорғап, денсаулықты нығайтатынына ғалымдар көз жеткізген.


Ендеше, бастаңыз. Осыларды орындаған соң тек жұмыс істемегеніңізді, сонымен бірге ойыңызды жаулап алған үрейден арылғаныңызды да байқайсыз. Ауруға қарсы тұру көзқарас иммунитеті де артады.

(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Жазира СМАҒҰЛОВА,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Осы НӘРСЕні істесең – мәселеңнің бәрі өздігінен ШЕШІЛЕДІ


ТҮБІРТЕКТІ қоқысқа тастамаңыз, ӨРТЕҢІЗ! Неге?