Қиындықтан ОСЫ ҮШЕУІ құтқарады

0
2 818

Бұны кез келген адам білуі қажет.


Қиындықтан ОСЫ ҮШЕУІ құтқарады

фото: privetcanada.com

Адамның мықтылығы – басына іс түскенде өзін-өзі тастап жібермеуінде дейді психологтар. Ал қиын сәттерде адам қалай рух күшін әлсіретіп алмауы керек?

Әрине, бұл орайда психологиялық, мотивациялық ақыл-кеңес те, тәсіл де көп. Соның ішінде мына үш әрекеттің көмегі зор екен.



БІРІНШІ

Жуыну. Шаш жуу. Шайыну. Моншаға түсу.

Басыңызға нендей қиындық түссе де күнделікті әдет бойынша тісті екі мезгіл жууды, ұйықтарда душқа түсуді ұмытпаңыз. Сонымен қатар апптасына бір рет моншаға түсуді де естен шығарып алмаңыз.

Жеке бастың гигиенасы өзгелердің ғана емес, адамның өзіне деген де құрметін арттырады. Ал өзін-өзі сыйлаған адам жаман жолдан, ішімдікке салынып кетуден өзін сақтай алады.

Сонымен қатар жуыну шаршаған тән мен жүйкені қуаттандырады, оятады, сергектік сыйлайды.

Мысалы, ауырып ауруханада жатқан адам сауығып үйіне келген соң не істейді? Ең бірінші шашын жуып, душқа түседі.

Күні бойы ауыр жұмыс істеген адам да шаршап, қарны ашып тұрса да үйіне барғанда алдымен жуынып, шайынады. Бұл тәннің тазалығы ғана емес, психологиялық тұрғыда ой-санаға күш-қуат беретін ритуал.

Олай болса, өмірден түңіліп жүрсеңіз, қайғы, мәселе қайраттануға мұрша бермей жатса, моншаға барыңыз, жуыныңыз. Бұл дұрыс шешім шығаруға, дұрыс ойлауға, орныңыздан тұруға зор әсер етеді.



ЕКІНШІ

Қырыну. Шаш қидыру. Тырнақ алу.

Денедегі түктерді қырқу, қыру әдеті де адамды депрессияға түсіп кетуден қорғайды екен.

Мысалы, бір психолог зерттеу еңбегінде Тауэра түрмесіндегі Лорд Мортимер есімді азаматты бақылайды. Ол қатаң тәртіпті, суық камерада отырса да күнде таңертең сақалын алуды жалғастырған. Тіпті қыстыгүні су мұз боп қатып қалса да, ұстарасы болмаса да ол қырыну үшін басқа заттарды пайдаланып, артық түктерінің ұзын боп өсіп кетуіне жол бермепті.

Бақылау жұмысын жүргізген психолог Лорд Мортимерге «Түрмедегілерден басқа ешкім сізді көрмейді. Сонда не үшін, кім үшін қырынасыз?» деп сұрақ қояды. Лорд Мортимер «Мен өзімнің өзіме деген сый-құрметімді жоғалтып алмау үшін қырынуды тоқтатқым келмейді. Сыртқы көрінісімнің реттелігі маған күш береді» деп жауап беріпті.

Рас, сізге біреу «жұмысынан шығып қалған немесе басына қайғы түсіп айлап ішкен адамды көзіңізге елестетіңізші» десе, сақал-мұрты, шашы, тырнағы өсіп кеткен адам көз алдыңызға келе қалмай ма?! Бұндайларға адамдар «Өзін-өзі тастап жіберіпті ғой» деп баға береді.

Жантану мамандарының айтуынша, қайғы мен қиындықта адам өзін тастап жібермеу үшін ең алдымен өзіне деген құрметі мен бағасын төмендетіп алмауы қажет екен. Ал ол үшін сыртқы көрініс үлкен рөл ойнайды.

Сонымен қатар адамның сыртқы күйі мен ішкі күйі үйлесімде болуы үшін де артық ойлардан ғана емес, артық түктерден де дер кезінде құтылып отыру маңызды.

Бұны өзін-өзі реттеу деуге де болады. «Тұр орныңнан! Үсті-басыңды реттесейші» дегенді естіген шығарсыз. Адамның өмірі мен ойының түзелуі алдымен сыртқы көрінісін реттеуден басталады екен. Сондықтан да қайғыны қуғысы келген, өзін-өзі демеп тұрғызғысы келген адам артық түктерін қырып, шашын реттеп, тырнағын (әйелдер маникюр жасатып) алуы керек. Шаштың, тырнақтың, түктердін шамадан тыс өсіп кетуі тек абыржуды білдірмейді, бұл адамның өзін-өзі бағалауын төмендетеді.

Ішкі күшіңізді толықтырғыңыз келсе, қиындықты жеңуге күш тапқыңыз келсе, бірінші ритуал – моншаға баруды, жуынуды орындаған соң қырынып, шаш қидырыңыз.



ҮШІНШІ

Айнаға қарау. Әсемдену. Сәндену. Бояну.

Дәрігерлер науқастың денсаулығының күйі жақсара бастағанын оның айнаға қарағанынан біледі екен. Расында, өмір мен өлім арасында жатқан адам айнаны қолына алмайды. Ал айнаға қарау – өзіне қараудың, өзіне көңіл бөлудің басты белгісі.

Сондай-ақ айнаға қараған адам іштей «Кімге айналып кеткенсің?», «Бетім ісіп кетіпті», «Көзім кіртиіп қалыпты», «Әжім түсе бастаған ба?» деп өзімен өзі сөйлесетіні белгілі. Ал осылай айна арқылы өзімен өзі сөйлескен адам өзін реттеуге тырысатыны анық.

Бір таңқаларлығы айнаға қарау – өмірлік қуаттың пайда болғанын немесе артқанын да аңғартады екен.

Қарапайым және оңай болғанымен, бұл үш әрекеттің адам психологиясына, психикасына әсері өте қуатты. Сондықтан да қиын жағдайдан шығуға күш таппай жүрсеңіз, осы үш ритуалды орындаңыз. Нәтиже бір күнде байқалмауы мүмкін, бірақ осы үш әдетті жалғастыра берсеңіз, ойдағы да, бойдағы да қуатыңыз сарқылмайды.

Дайындаған: Жазира Смағұлова,

ERNUR.KZ


Тағы да оқыңыз:


Психолог: «ҰРЫП ТӘРБИЕЛЕУ – АТА-АНАНЫҢ БАЛА ТІЛІН ТАБА АЛМАҒАНДЫҒЫНЫҢ БЕЛГІСІ»


"ЕШНӘРСЕ ІСТЕГІҢІЗ КЕЛМЕЙ МЕ? Ондай "дерттің" ДӘРІСІ бар