Шаршағанда «зарядты» тек ұйқыдан алатын болсаңыз, онда жұмысыңыз өнімді болмайды. Психолог мамандар ұсынған мынандай 7 әдістің біреуін міндетті түрде жасаңыз!
Ұрыс-керістен соң, ашу тудырған жағдайдан кейін, көңіл күйді түсірген жағымсыз хабарды естігенде миыңыз тоқ көзінен ажырап қалғандай күй кешесіз бе? Тіпті, не ойлап отырғаныңызды ұмытып, ары қарай не істейтініңізді білмей дағдарып қалатыныңыз да анық болар. Не істеу керек?
Миды қайтадан қуат көзіне тығып, мәселеге шоғырланған ойдың бағытын жұмысқа бұру қажет. Қалай?
Бұл орайда сізге психолог мамандардың мынандай 7 қарапайым әдісі көмектеседі:
1. Шашты ТАРАУ
Жұмыс барысында басыңыз ауырып, мең-зең күй кешіп мазасыздана бастасаңыз, сөмкеңізден тарағыңызды алыңыз да шашыңызды тараңыз. 10-15 минуттай шашыңызды әр түрлі бағытта (оңға, солға, қарақұстан бастап желкеге қарай және керісінше...) тараңыз. Бұл әдіс бастың қайайналымын жақсартып, ойыңызды басқа арнаға қарай бағыттап, тырысқан-құрысқан бас терісін «жазады».
2. Балмұздақ немесе шоколад ЖЕУ
Тәтті тағам – ең нәтижелі антистресстік допинг боп саналады. Түйіле бастаған қабақты ашып, стресті қуу үшін тәтті кәмпит, шоколад немесе балмұздақ жеу керек. Сонымен қатар, жүйке жүйесі маужырай бастаса, балық немесе банан жесеңіз де болады.
3. Массаж ЖАСАУ
Қуатты сақтау үшін, мұрын астындағы, яғни мұрын мен ерін арасындағы аймақты және екі қастың ортасын, иекті, сонымен қатар алақанның ортасын уқалау қажет. Нақтырақ айтқанда, аталған төрт аймақтың әрқайсысын 1 минуттан массаждап уқалаңыз. Небәрі 4 минутта қуатыңыз бен жұмысқа құлшынысыңыз артады.
4. Сурет БОЯУ
Бір күнде кемінде 5-6 жұмысты атқаруды жоспарладыңыз делік, бірақ бір істі тындырған соң келесісіне кірісіп кете алмай жатсаңыз, сурет салыңыз немесе сурет бояңыз.
5. Алақанды ЫСҚЫЛАУ
Жұмысқа «тәбетіңіз» болмай, кежегеңіз кері тартып, ұнжырғаңыз түсіп, бойыңыз бен ойыңызды Жалқаубек басқара бастаса, онда дереу екі алақаныңызды бір-біріне күш сала ысқылаңыз. Алақандар ысығанша тоқтатпай ысқылаңыз.
6. Құлақ сырғалығын УҚАЛАУ
Бұрын мектепте бұзық оқушының құлағынан тартып тұрғызатын еді ғой. Сол секілді, егер жұмысты бастап кетуге немесе жастықтан басыңызды, төсектен жамбасыңызды көтергіңіз келмей, өзіңізді өзіңіз тыңдамай жатсаңыз, екі құлақ сырғалығын саусақтарыңызбен уқалаңыз. Құлақты алға, артқа 15 реттен тартыңыз.
7. Стресті ЖУУ
Әлденеге ашуланғанда, ұрыс-керістен соң қуатыңызды біреу сорып алғандай шаршап тұрсаңыз, жағымсыз көңіл күйді «жуып» тастаңыз. 15-минут душ қабылдаңыз. Әр күні кешке жұмыстан үйге барған соң дереу суға шайынуды әдетке айналдырсаңыз, онда су тек денедегі кірді ғана емес, эмоционалдық кірді де жуып тазарта алатынына көзіңіз жетеді.
(Суреттер ашық дереккөздерден алынды)
Дереккөз: b17.ru
Тағы да оқыңыз:
Көңілдегі кірді жуып тазалайтын екі терапия