​Әсемдікке талпыныс – ұлттық болмысымыздан алшақтамаудан басталады

0
189

Сұлулық – біз әдемі деп танитын қасиет. Осылайша, әдемілікке дәстүрлі түрде берілген кейбір қасиеттер - үйлесімділік, пропорция, симметрия және кемелдік, сондай-ақ көз бен құлақты қуанту және рухты баурап алу қабілеті.


​Әсемдікке талпыныс – ұлттық болмысымыздан алшақтамаудан басталады


Сұлулық – біз әдемі деп танитын қасиет. Осылайша, әдемілікке дәстүрлі түрде берілген кейбір қасиеттер - үйлесімділік, пропорция, симметрия және кемелдік, сондай-ақ көз бен құлақты қуанту және рухты баурап алу қабілеті.

Сондай-ақ, сұлу адамдардың адамгершілігі жоғары, талғамы, арманы асқақ, ұстанымы биік болуы тиіс. Олар өзгелерге үлгі болуы керек. Тек жақсы жағынан үлгі беруі керек. Қазіргі уақытта жастардың көбі танымал адамдарға еліктейді. Бұл да дұрыс шығар. Өйткені, жастар еліктеу арқылы өседі. Алайда, адам өзінің бойындағы ерекшеліктерімен әдемі.

Сұлулық дегеніміз - адамның сыртқы бейнесінің де, ішкі әлемінің де көркемдігі. Адамды тек сыртқы келбетіне қарап сұлу деп айту мүмкін емес. Себебі оның жан-дүниесі сұлу болмайынша, сырт келбетін сұлу деп айта алмаймыз. Адамның сұлулығы сырт келбетінің және жанының көркемдігімен үйлесуі тиіс. Ал мұндай үйлесімділік болмайынша, ол сұлулыққа қол жеткізе алмайды.

Осындай көрініске ие болу, шынайы сұлулықты көрсете білу өнер-білім үйренумен де ұштасып жатыр. Бүгінгі кейіпкеріміз сондай жан. «ҰСТАЗдық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп дана Абай айтқандай, өз бойындағы өнерді шәкірттеріне үйретіп, қазақтың қолөнерін насихаттап жүрген бірегей тұлға - Бакирова ГҮЛМИРА ханым «Alisha» қолөнер үйірмесінің басшысы:

Алдымен өзіңізді толық таныстырып кетсеңіз.

Менің аты жөнім - Бакирова Гүлмира Әбілпатташқызы. 1974 жылы туғанмын,педагогика ғылымының кандидатымын. Осы салада30 жыл қызмет еттім. Шымкент қаласындағы Қ.А.Яссауи атындағы Қазақ Түрік университетінің«жалпы техникалық пәндер және еңбек» факультетін бітіргенмін. М.Әуезов атындағы ОҚМУ-да магистратураны 2002 жылы тәмамдадым. 2010 жылы «Оқытудың инновациялық технологиялары негізінде кәсіптік білім оқытушысының арнайы іскерлігі мен дағдысын қалыптастырудың педагогикалық шарттары» тақырыбындакандидаттық диссертациямды қорғап, 2011 жылы педагогика ғылымының кандидаты дипломын алдым. 100-ден астам ғылыми-әдістемелікеңбектердің авторымын. 6В01450-Кәсіптік білім беру бағдарламасы бойынша білім алушы студенттергеарналған инновациялық бағыттағы оқу-әдістемелік кешені: электронды оқулықтар, кейс жинағы, бейне лекциялар мен виртуальды лабораториялық жұмыстардың авторымын. Scopus базасындағы халықаралық журналдардамақалаларым жарық көрді. ККСОН тізіміндегі журналда 11 мақалам жарық көрді.Халықаралық ғылыми практикалық конференция еңбектерінде 30-ға жуық мақалам жарияланды. Жанұямда жолдасым, 3 ұлым, 2 келінім 6 немерем бар.

Жолдасым Қылышбаев Еркін Серікбайұлы көркем еңбек пәнінің мұғалімі, қазіргі таңда қосымша «Аlisha» қолөнер мектебінде шәкірттерді тәрбиелеп отыр. Ұлдарға «тері өңдеуден» дәріс өтіп, қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады.

Осы оқу орталығы қай жылдан бастап жұмыс істеп жатыр?

Жалпы «Аlisha» 2013 жылы қараша айында «Аlisha» тігін мектебі болып құрылып, қала тұрғындарына ақылы негізде тігіншілікті үйрете бастады. 2014 жылдың тамыз айынан бастап, қосымша кәсіп ретінде қалыңдық көйлектерін тіге бастады. Шымкент қаласынан «Аlisha» той көйлектері салоны ашылды. 2017 жылы кәсібімізді кеңейтіп, Алматы қаласынан да осындай той көйлектері салонын аштық. 2018 жылы қалыңдық көйлектерін тігетін цех ашылды. 2020 жылы дәл осындай салонды еліміздің бас қаласы Астана қаласынан аштық. 2022 жылыArtsport бағдарламасы бойынша «Аlisha» тегін үйірмелер легі ашылып, 8 бағыт бойынша жасөспірімдерді қолөнерге үйрете бастады. Дәл осы жылы Шымкент қаласы бойынша жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының қолдауымен қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасы бойынша тігіншілерді дайындай бастады. Мемлекеттік шығармашылық тапсырыс бойынша 8-17 жас аралығындағы балалар мен жеткіншектерді қолөнерге баулып келеді.


«Аlisha» үйірмелер мектебі 8 бағыт бойынша жұмыс жасайды деп қалдыңыз, қолөнер саласының қандай бағыттары бар?

«Киімді конструкциялау, модельдеу және тігу», «Кестелеу», «Батик» (киімге сурет салу), «Құрақ құрау», «Тоқыма өнері», «Тоқу және кілем тоқу», «Тері өңдеу», «Компьютерлік графика, анимация және мультипликация» осы сегіз бағытта жұмыс атқарылып жатыр.


Үйірмені ашу туралы идея қалай пайда болды?

2020 жылы президентіміз Қасымжомарт Кемелұлы Тоқаевтың жолдауында көрсетілген мәліметтерді өзім киім тігіп отырғанда теледидардан жаңалықтардан көрдім. Сол кезде жолдауды мұқият тыңдап отырғанымда, білім саласы бойынша 5-ші бөлімде оқушыларды қолөнерге баулу, осы салада үйірмелерді көптеп ашу туралы естідім. Негізі өзім осы салада отыз жылдан астам қызмет етіп келе жатқандықтан, бұл сала мен үшін жаныма өте жақын. Жолдауды естігенде бүйрегім бұрып тұрды. Сонда да «қалай болар екен?» деген ой мазаласа да, тәуекелге бел будым. Өйткені, мемлекеттік тапсырыс бойынша, қаржыландыру мемлекеттің тарапынан атқаралады. Яғни, ай сайын шәкірттерді өнерге, еңбекке баулитын ұстаздарға және ай сайын қажетті құрал-жабдықтарға да мемлекет тарапынан қолдау көрсетілді. Бұл әрине, үлкен көмек. Сондықтан, білгенімді қызығушылығы бар жасөспірімдерге үйретіп, олардың да қолөнермен айналысып, өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыра алса деген ойдан туындаған.

«Бұлақ көрсең, көзін аш» демей ме, қазіргідей цифрлық дәуірде шыны керек, қолөнермен айналысу үшін ынта-жігер, таудай талап қажет. Шыдам мен төзімділікті де қосымша бойына сіңіріп шығады шәкірттер. Өйткені, бұл өте нәзік өнер, сонымен қоса әдемілік, эстетикалық үйлесімділікті талап ететін қиын да қызықты өнер.

Соған қарамастан, осы салаға қызығатын жеткіншектердің көп екенін байқадым. Сондықтан, тәуекелге бел буып, алға қойған мақсатымызға нық сеніммен қадам бастық.

Аллаға шүкір, нәтижесі жаман емес.


Үйірменің негізгі мақсаты қандай?

Негізгі мақсатымыз жаңа айтып өткенімдей, жас жеткіншектерді өнерге баулу. «Жігітке жеті өнер де аз» болса, қыздарымызға да он саусағынан өнері тамған шебер болу, тігіншілік пен кесте тігуді, моншақтардан түрлі-түрлі көздің жауын алатын әсемдік бұйымдарды тоқу ешқашан артық болмайды.

Қыз бала өзі туыла сала әсемдікке, әдемілікке жаны құмар болмай ма? Табиғатымыз солай жаратылған. Сондықтан, әсемдікті өнермен ұштастырып, өмірде алдарынан шығатын күнделікті қажет болатын өнермен сусындатсақ, мақсатымыздың орындалғаны.


Жетістіктеріңіз жайлы білсек. Өйткені кез келген еңбек белгілі бір шыңға жеткенде ерекше сезімге бөлейтіні анық. Сіз де өнерге баулып отырған шәкірттеріңіздің жетістіктері жайлы ауыз толтырып мақтана алатындай дәрежедесіз деп білемін.

Әрине, ең басты жетістігіміз ол шәкірттеріміздің әр күн сайын жаңа нәрсені үйренуі. Одан бөлек, әртүрлі сайыстарға барып, өз қолдарынан шыққан туындыларын көрсетілімдерге алып шығып, жүлделі орындарға ие болып жүр. Әрбір шәкіртіміздің қолынан шыққан ерекше туындыны көргенде әлбетте біз қуанамыз.Оған шабыт беріп, қолдау көрсетеміз.

Ал, ата-аналардың қуанышын көргенде ерекше толқимыз.

Біздің қолөнер мектебінде білім алған шәкірттеріміздің көпшілігі қазір осы саланы қолға алып, қосымша жұмыс ретінде қарастырып жүрсе де жеткен жетістіктері баршылық. Өздерінің жеке брендін қалыптастырып, кәсіпке айналдырып жүргендер де көп.

Әлбетте бұл біз үшін, ұстаз үшін мәртебе.


Үйірме жетекшілерінің еңбегін де елемей кетуге әсте болмас. Сондықтан, үйірме жетекшілерінің қандай қасиеттерін бағалайсыз?

Осы орайда, үйірме жетекшілерінің әрқайсысына ерекше алғыс айтқым келеді. Өйткені, еңбек бағалануы тиіс. Оларды да өзім баулыған шәкірттерім. Енді өздері де үйренгендерін жас өркеннің бойына дарытып, жалықпай қызмет етуде. Үйірме жетекшілерінің басты қасиеті баламен жұмыс істей алуы, тіл табыса білуі және арқалаған жауапкершілігіне адал болуы. Осы үш қасиет бойында бар болса, кез келген ұстаз шәкірт тәрбиелеуде үлкен жетістіктерге жете алатынын нық сеніммен айта аламын.


Алдағы уақытта да осы бағытты ұлғайту ойда бар шығар? Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?

Әлбетте, адам ешқашан бір орында тұрып қалмауы тиіс. Алдағы уақытта да үйірмемізді кеңейтіп, домбыра, би үйірмелерін ашқымыз келеді. Әрине, мұның барлығы да көпшіліктің сұрауы бойынша.

Гүльвира ЖОРАБЕКҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ