​Шетелге БАЛАМЕН шықсаңыз, мыналарды БІЛУІҢІЗ керек

0
537


​Шетелге БАЛАМЕН шықсаңыз, мыналарды БІЛУІҢІЗ керек

Сурет: ru.pinterest.com

Шетелге демалысқа, саяхатқа шықанда баланы апару – қызық па, қиын ба? Бұл сұраққа жауап екұдай: қиын да, қызық та болуы мүмкін. Бәрі жағдайға, баланың жасына және дайындыққа байланысты.


Неліктен қиын болуы мүмкін?

1. Көп нәрсені жоспарлау, тыңғылықты дайындалу қажет. Құжат, виза, сақтандыру, вакцина, бөбек арбасы, киім, дәрі-дәрмек – бәрін алдын ала ойластыру керек.

2. Ұзақ ұшақ сапары, кеденнен өту жол қиындығын тудырады. Одан бөлек, ұйқы режимінің бұзылуы баланы да, ата-ананы да шаршатуы мүмкін.

3. Баламен жүргенде күтпеген, болжанбайтын жағдайлар жиі орын алып жатабы. Ауырып қалуы, жат жердің суы жақпауы, тағамды қабылдамауы, мазасыздық танытуы, бірдеңеге ұрынып қалуы мүмкін.

4. Ата-ананың демала алмауы. Баламен саяхаттаған кезде толығымен еркін тынығу қиын. Қауіпсіздік, тамақ, ойын, т.б. әрдайым бақылап, қадағалап отыру керек.


Несімен қызық болады?

1. Баланы жаңа әлеммен таныстыру. Жат ел, басқа тіл, өзге мәдениет – баланың ой-өрісін кеңейтіп, есте қаларлық тәжірибе болады.

2. Бірге түскен суреттер, жаңа жер мен ерекше нәрселерді көргендегі эмоциялар, т.б. көптеген ерекше сәттерден тамаша ортақ естеліктер қоры жиналады.

3. Ата-анамен тығыз байланыс. Саяхат кезінде бала ата-анамен көбірек уақыт өткізеді, бұл қарым-қатынасты нығайтады.

4. Баланы ерте бейімдеу. Ерте жастан шетелді көрген бала ашық, батыл, бейімделгіш болып өседі.


Егер дайындық онша емес немесе дұрыс емес болса, баламен сапарыңыз қиынға соғуы мүмкін. Ал егер жақсы дайындық болса, саяхат қызық әрі пайдалы өтеді. Сапарларыңыз қызықты әрі есте қаларлық тәжірибеге айналады. Сондықтан кәсіпқой саяхатшылар мен тәжірибелі ата-аналар ұсынған пайдалы кеңестер мен лайфхактарды басшылыққа алыңыз.


Құжаттар мен рұқсатнама

  • Баланың төлқұжатының мерзімі мен жарамдылығын ертерек тексеріңіз.
  • Кейбір елдерге ата-ананың біреуімен бару үшін екіншісінен нотариалды рұқсат хат талап етіледі.
  • Балаңыздың төлқұжаты мен туу туралы куәлігінің көшірмесін бөлек ұстаңыз (қағаз + электронды түрде).


Ұшу және әуежай

  • Таңғы немесе түнгі рейстерді таңдауға тырысыңыз — бала рейс кезінде ұйықтап кетуі мүмкін.
  • Арбаны кіреберіске дейін алып келуге рұқсат сұраңыз (Gate Check).
  • Қолыңызда жеңіл ойыншық, бояу, планшет (мультфильммен), жеңіл тамақ болсын.
  • Ұшаққа құлақ қысымын реттеу үшін балаға сағыз, сорғыш кәмпит немесе бөтелке су беріңіз.


Қонақ үй немесе тұратын жер

  • Баламен ыңғайлы болуы үшін апартамент немесе отель таңдаңыз (асүйі бар болса жақсы).
  • Балаларға арналған нысандар (ойын алаңы, бассейн, төсек т.б.) барын қараңыз.
  • Шуды болдырмау үшін бөлмені мүмкіндігінше жоғары қабаттан сұраңыз.


Денсаулық пен қауіпсіздік

  • Баланың медициналық сақтандыруын алдын ала рәсімдеңіз.
  • Жолға жеке дәрі қобдишасын алыңыз: қызу түсіретін, іш өтуге, аллергияға қарсы дәрілер.
  • Балада ата-ананың байланыс нөмірі мен қонақ үй мекенжайы жазылған білезік тағулы немесе қағаз үнемі жанында болсын.
            • Баламен саяхат маршрутын дұрыс ұйымдастырмауға бір мысал...
  • Тамақ пен су
  • Әсіресе алғашқы күндері таныс тағамдарды таңдаңыз (ішек ауруларының алдын алу үшін).
  • Жолға жеңіл, балаға таныс тағамдар (печенье, жарма, банан) алыңыз.
  • Қайнатылған су ішуді қадағалаңыз. Бөтелкедегі су таңдаңыз.


Уақыт белдеуі мен режим

  • Алдын ала ұйықтау және ояну уақытын сол елдің уақытына жақындатыңыз.
  • Бірінші күндері тынығуға уақыт қалдырыңыз – барлық көрнекі жерлерді бірден көру міндет емес.


Ойын мен көңіл көтеру

  • Жергілікті балалар саябағы, хайуанаттар бағы, мұражайлар керемет тәжірибе болады.
  • Қолданылатын сөздер мен ойындарды бірге үйрену баланың қызығушылығын арттырады.


Сақтық және шыдам

  • Бала шаршаса, демалуға уақыт беріңіз.
  • Барлығын алдын ала жоспарлағаныңызбен, кез келген жағдайда бейімделуге дайын болуға тырысыңыз.

Балалармен бірге саяхаттағанда ең керегі – сабыр мен позитив!

Дайындаған: Б. Мейірханұлы,

ERNUR.KZ

ТАҒЫ ДА ОҚЫҢЫЗ:

ШЕТЕЛГЕ ЖОЛДАМА: алаяқ турагентке ұрынып қалмаңыз!