​Алдына сиыр арқандалған Шымкент әкімдігі көптің сынына ұшырады

0
2 610

Әкімшілік-іскерлік орталықта сиыр арқандаулы тұр.


​Алдына сиыр арқандалған Шымкент әкімдігі көптің сынына ұшырады

Әлеуметтік желінің бірінде биыл ғана мегаполис дәрежесін алып, еліміздің үшінші қаласы аталған Шымкенттің әкімдігіне таяу жердегі жасыл алаңда арқандаулы тұрған сиырдың суреті жарияланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Фейсбук әлеуметтік желісінде жарияланған бұл суретте сиырдың әкімшілік-іскерлік орталығында, әкімдік ғимаратына жақын жерде қаланың көркін ашып тұрған көгалға арқандаулы тұрғандығы анық байқалып тұр.

Тіпті, сиыр еш қымсынбастан әжетін атқарып жатқандығы да көптің көңілін түсіріп жібергендігі жазылған пікірлерден көрінеді.

«Осыдан бір ай бұрын ғана қала әкімі сиыр бағатындарға шүйлігіп еді», «Мал шаруашылығын дамытуды өздерінен бастайын деген шығар...»,«Аппарат басшысы ма әлде басқа бір басшысы ма, әкімдіктің көк шөбіне жайып, әкімдіктің қызметкерлеріне сойып, жіліктеп сатайын деген шығар» делінген пікірлерде.

Тіпті, «Хатшы: Сізге шеф шұғыл тапсырма берді...
Бөлім басшысы: -Қандай тапсырма?
Хатшы: -Сиырдың орнын ауыстырып арқандасын дейді...»,
- деп ащы әзілдегендер де бар.

«Әдейі байлап кеткен. Тəртіп орнатуға қарсылардың қылығы. Бұндай істер Ө.Шөкеев қала əкімі болған кезде болған...» деген сарындағы пікірлер де жоқ емес.

Еске сала кетсек, таяуда ғана Шымкент қаласының әкімі Ғабидулла Әбдірахымов: "Біздің қалада өздеріңіз көресіздер, кейбір кезде қаланың орталығында да малдар жүгіріп жүреді. Соның бәрін тоқтату мәселесін ойластыру керек. Қалада үй жануарын асырайтындардың бар екені түсінікті. Бірақ, орталықта асырауды тоқтату керек. Бұл халықтың жақсы өмір сүруіне кедергісін келтіреді", - деген болатын. Сонымен қатар, үйінде мал ұстайтын жандардың көршілері әкімдікке көптеген шағым түсіріп келе жатқанын да тілге тиек еткен еді.