Ескірген үйлердің шатыры мен инженерлік коммуникация жүйелері жаңартылып, жертөлелері күрделі жөндеуден өтуде.
Шымкент қаласында биыл «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 25 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Нәтижесінде ескірген үйлердің шатыры мен инженерлік коммуникация жүйелері жаңартылып, жертөлелері күрделі жөндеуден өтуде.
Қала әкімінің орынбасары Ерғали Білісбеков күрделі жөндеуден өтіп жатқан үйлерді аралап, тұрғындармен кездесті. Жангелдин көшесіндегі ширек ғасырдан аса уақыт жөндеу жұмыстары жүргізілмеген №12 А үй толығымен қайта жаңғыртылып отыр. Ерғали Дәулетбекұлы аралау барысында жауапты сала жетекшілері мен жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мекеме қызметкерлеріне бірқатар тапсырма берді.
- Ең бастысы халықтың жайлылығы үшін күрделі жөндеу жұмыстарының барлық талапқа сай сапалы да қауіпсіз болуы міндетті. Халық зардап шекпеуі керек. Әр істі өз үйлеріңізге жасағандай орындаңыздар. Біз үшін тұрғындардың келісімі мен ризашылығынан маңызды ештеңе жоқ ,- деді қала басшысының орынбасары.
Қарасу шағынауданындағы №82 үйдің төрайымы Валентина Бондаренко тұрғын үйдің қайта жаңғыртылып, әбден тозығы жеткен жерлерінің жаңартылғанына қуанышты. Ол көп жағдайда ортаңғы қабатта тұратын азаматтар жертөле немесе шатырдың жөндеу жұмыстарына қатысқылары келмейтіндігін, коммуналдық жүйе істен шығып, шатырдан су өтсе жөндеу жұмыстары бүкіл үй тұрғындарына ортақ шаруа екенін түсінгісі келмейтіндер де бар екенін айтты.
Күрделі жөндеу жұмыстары үшін жергілікті бюджет есебінен қаражат бөлініп, қайтарымды негізде жүргізілуде. Ерғали Білісбеков жауапты сала мамандарына келесі жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жыл соңына қалдырмай ерте аяқтауды тапсырды.