Шымкент әкімдігі «Баспана» ұлттық ипотека компаниясымен меморандумға қол қойды

0
2 883

Өтініш берге азаматтарға пәтер алу үшін 20% бастапқы жарнаның тең жартысы көлемінде қайтарымды субсидия беріледі.


Шымкент әкімдігі «Баспана» ұлттық ипотека компаниясымен меморандумға қол қойды

Шымкентке «Баспана» компаниясының жетекшісі Қайрат Алтынбеков іс-сапармен келді. Қалалық әкімдікте өткен жиналыста шаһар әкімі Ғ.Әбдірахымов пен компания жетекшісі Қ.Алтынбеков әріптестік меморандумына қол қойды, деп хабарлайды ERNUR.KZ қала әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шымкент қаласы әкімінің мәлімдеуінше, жергілікті билік баспаналы болғысы келетін азаматтарға көмектеспек. Яғни, өтініш берген азаматтарға пәтер алу үшін 20 пайыз бастапқы жарнаның тең жартысы көлемінде қайтарымды субсидия беріледі.

– Көптеген азаматтарға 20% көлеміндегі бастапқа жарнаны табу қиын, сондықтан қала әкімдігі қосымша 2 млрд теңге бөледі, - деді Ғ.Әбдірахымов. – Бұл қаржының 500 млн теңгесі биыл бөлінеді. Бұл субсидия жас отбасылар мен бюджеттік қызметкерлерге баспаналы болуға мүмкіндік береді.

Жалпы, «7-20-25» бағдарламасы Шымкентте екі бағытта жүзеге аспақ – жас отбасыларға арналған «Жас арман» және мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік қызметкерлерге арналған «Қамқор баспана» бағдарламасы.

– Шымкент бүгінде қарқынды дамып келеді. Сондықтан баспана мәселесі өзекті, - деді «Баспана» компаниясының жетекшісі Қ.Алтынбеков. – Жаңа баспана бағдарламасы ипотекалық несие алудың қолайлы шарттарын ұсынады. Бұл баспананы жалға алудан тиімді, оның үстіне жергілікті әкімдік алғашқы жарнаның субсидиясымен көмектеспек. Бізідң компания да бағдарламаның дамуын қолдау үшін 20 млрд теңге бөледі.

«Баспана» ипотека компаниясының жетекшісі Шымкентте «7-20-25» бағдарламасы аясында салынып жатқан үйлердің құрылысымен танысты. Айта кетейік, бұл желі бойынша қазіргі таңда 8 үй кешеніндегі 136 пәтер дайын, ал жыл соңына дейін жалпы саны 411 пәтер дайын болмақ. Қ.Алтынбековтың айтуынша, бүгінгі таңда «7-20-25» бағдарламасына қатысуға Шымкенттің 21 тұрғыны өтініш берген.