Сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, қоғамда парасаттылық құндылықтарын қалыптастыруды көздеген Агенттік және Штаб өкілдері қала активімен кездесті.
Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы республикалық ақпараттық-ағартушылық штаб жетекшісі Ырза Тұрсынзада және Агенттіктің Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы мегаполиске жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алып, қоғамда парасаттылық құндылықтарын қалыптастыруды көздеген Агенттік және Штаб өкілдері қала активімен кездесті.
Қала әкімі Мұрат Әйтенов төрағалық еткен жиынға Агенттіктің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшысы А.Жұмағали, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің, қалалық ақпараттық-ағартушылық штабының мүшелері мен жергілікті атқарушы органдар, денсаулық сақтау саласының басшылары қатысты.
Кездесуде қала әкімі Елбасы мен Мемлекет басшысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте нақты басымдықтар қойғанын атап өтіп, қоғам мен мемлекет игілігі үшін жемқорлықты жою бағытында бірлесе жұмыс жасау қажеттігіне тоқталды.
- Қалада жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша бірқатар жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен биыл педагог мамандарын жұмысқа қабылдауға арналған hr-process порталын іске қостық. Осыған дейін оқушыларды мектепке қабылдау, балабақшаға орналастыру толығымен электронды жүйеге өткен болатын. Біз екі жол арқылы нәтижеге жетеміз. Бірі – жемқорлық әрекеттерінің орын алуына мүмкіндік бермеу болса, екіншісі салдарын түсіндіріп алдын алу. Сондай-ақ «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесі мемлекеттік органдардың жаңаша бағытта жұмыс жасауында тиімділігін көрсетіп отыр. Қала әкімінің аппараты және 4 аудан әкімдігінде сервистік әкімдіктер ашылып, 197 мекеме OpenSpace форматында жұмыс жасауда, - деді шаһар басшысы.
Жиын барысында ақпараттық-ағартушылық штабтың жетекшісі Ырза Тұрсынзада жемқорлықтың алдын алудағы насихаттық жұмыстар оң әсер беретінін атап өтті.
Өз кезегінде, Агенттіктің Парасаттылық департаментінің директоры Ғ.Асанұлы ақпаратқа қолжетімділікті оңтайландыру, азаматтардың мемлекеттік билікке деген сенімдерін арттыру және билік пен азаматтық қоғам арасындағы байланыстың тікелей арнасын құру мақсатында құрылған «Ашық бюджеттердің интерактивті картасы» жобасымен таныстырды.
Кездесуді қорытындылаған қала әкімі Мұрат Әйтенов жемқорлықтың алдын алудағы жұмыстар жалғасын табатындығын жеткізді.