Шымкентте мереке күндері 100-ге жуық сәби дүниеге келген

0
1 403

Ескі жыл мен жаңа жылдың тоғысқан түнінде туған нәрестелердің дені ұл балалар


Шымкентте мереке күндері  100-ге жуық сәби дүниеге келген

Шымкентте жаңа жыл түні 39 нәресте дүние есігін ашқан. Бүгін олардың алғашқылары үйлеріне шығарыла бастады. Ескі жыл мен жаңа жылдың тоғысқан түнінде туған нәрестелердің дені ұл балалар, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Шымкентте жаңа жыл түні туылған сәбилер перзентханадан шыға бастады. Өткен жылдың соңғы түнінде қаладағы перзентханаларда 39 шақалақ дүние есігін ашқан. Дәрігерлердің айтуынша, мереке күні дүниеге келгендердің басым бөлігі ұл балалар.

31 желтоқсан күні жаңа жылдық абыр-сабырда толғағы басталған жас ана Мадина Серікбаева 1 қаңтарда тұңғышын дүниеге әкелді. Дәл жаңа жыл түні ана атанған Мадина тұңғышына Айару деп есім берген.

"Жаңа жылмен тұспа-тұс туылу - бұл да болса үлкен сыйлық. Әркімнің ақ арманы деп білемін. Тұңғышымның туған күнін жаңа жыл мерекесімен қоса тойлайтын болдық. Мен үшін бұл үлкен қуаныш" - дейді жас ана.

Шымкенттегі нөмірі 1-ші қалалық перинаталдық орталығында 1-қаңтар күні 23 бала туылған. Оның 13-і ұл, қалғаны қыз бала.

"Аналардың барлығы да ешқандай патологиясыз, қиналма, сәтті босанды" - дейді бас дәрігер Сәуле Сансызбайқызы.

Өткен жылдың соңғы тәулігі мен жаңа жылдың бірінші күні Шымкент қаласында 100-ге жуық сәби дүниеге келген. Дәрігерлердің айтуынша, өткен жылмен салыстырғанда демографиялық өсім байқалады.

Айта кетейік, миллион тұрғыны бар Шымкент қаласында жылына орта есеппен 30 мың нәресте жарық дүние есігін ашады екен..