Шымкент қаласында «такс фри» пилоттық жобасы іске асады

0
595

Жобаны іске асыру мерзімі 2023 жылғы 30 маусымнан 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды.


Шымкент қаласында «такс фри» пилоттық жобасы іске асады

Астана, Алматы және Түркістан қалаларында іске асып жатқан пилоттық жоба Шымкент қаласында да жадғасын таппақ, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мемлекеттік кірістер комитеті туризмді дамыту мақсатында тауарларды ЕАЭО кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкету кезінде туристерге (шет мемлекеттердің азаматтарына) қосымша құн салығы сомасын өтеуді көздейтін «такс фри» пилоттық жобасын іске асыруда. Бұл ретте шетелдіктің алып бара жатқан тауарының сатып алу құны 20 айлық есептік көрсеткіштен асуы керек (ҚР ҚМ 2019 ж. 13 тамыздағы № 871 бұйрығы бойынша).

Премьер-Министр Орынбасарының – Қаржы министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы № 710 бұйрығымен пилоттық жобаны іске асыру мерзімі 2023 жылғы 30 маусымнан 2024 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұзартылды. Енді аталған пилоттық жоба Шымкент қаласында да жүзеге асады.
Өзгерістер енгізілгенге дейін пилоттық жобаны іске асыру мерзімі ағымдағы жылдың 30 маусымында шектелген және Астана, Алматы және Түркістан қалаларында орналасқан сауда субъектілеріне қолданылды.
Бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 29 маусымда № 32935 болып тіркелді және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Осы жоба Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің аумақтары арқылы тауарларды әкетуді қоспағанда, тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан тысқары жерлерге әкету кезінде шет мемлекеттердің азаматтары болып табылатын жеке тұлғаларға қосылған құн салығының сомасын өтеуге бағытталған.

"Такс фри" жүйесінде қосылған құн салығының сомасын өтеу пилоттық жобаға қатысатын стационарлық сауда объектілерінде орналасқан сауда орындарында "такс фри" жүйесінде сауда қызметі субъектісінен сатып алынған азық-түлік емес тауарларға ғана жүргізілетінін атап өткен жөн.