ШЫМКЕНТ: Қарапайым ауыл адамдарының өмірінен сыр шертетін ерекше фотокөрме өтіп жатыр (фото)

0
2 139

Бұл фотокөрмен алдағы уақытта жалғасатын болады.


ШЫМКЕНТ: Қарапайым ауыл адамдарының өмірінен сыр шертетін ерекше фотокөрме өтіп жатыр (фото)

Шымкентте Әйгерім Бегімбет, Шыңғыс Әбдіразақ және өмірден ерте озған талантты Қанат Дархан атты фотографтардың «Тіршілік» атты фотокөрмесі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


Шымкент қаласындағы City shopping gallery орталығында ұйымдастырылған 28 қыркүйекте ашылып, 8 қазанға дейін жалғасатын «Тіршілік» фотокөрмесі Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің қолдауымен Интерньюс Қазақстан Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасының грант шеңбері аясында өтіп жатыр.


Ауыл өмірінен, қарапайым еңбек адамдарының тіршілігінен сыр шертетін 55 фотосурет қойылған көрменің ерекшелігі жайлы фотограф Әйгерім Бегімбет айтып берді.

«Бұл біздің алғашқы фотокөрмеміз және кейіпкерлер қиындыққа мойымаған, қарапайым адамдар. Мысалы, 30 жылдан бері қыстың суығы мен жаздың аптап ыстығына да қарамай тандырға нан жабатын Камила апай, 23 жылдан бері қамыс орып, оны сатып күнелтіп жүрген Перизат апай, 42 жылдан бері трактор айдайтын Гүлшат апай және тағы басқа адамдардың өмірі суреттелген», - дейді Әйгерім көрме жайлы.


Аталған фотокөрменің тағы бір ерекшелігі - мұнда 2019 жылы Арыс қаласында орын алған апаттың қарапайым халыққа тигізген қиындығы мен қасіретінен сыр шертетін фотосуреттер де қойылған.


Одан бөлек, фотокөрменің ашылуына, кейінгі күндерге үлкен ақын-жазушылар, Қазақстанның әр өңіріндегі талантты фотографтар мен қала тұрғындары келіп қатысып, келе алмағаны әлеуметтік желі арқылы ыстық лебіздерін білдіріп жатқан көрінеді. Соған қарағанда, алғашқы фотокөрменің өзі көпшілікке ұнаған секілді.


Сонымен қатар, күн сайын көрмеге келушілерді күтіп алып жүрген Әйгерім мен Шыңғыс бұл іс-шараны дүниеден ерте озған талантты дизайнер, фотограф Қанат Дарханға арнайтынын жеткізді.


Айта кетейік, осы көрмеден кейін қараша айында бұл шараны Алматыда ұйымдастыруды жоспарлап отырған фотографтар тек фотосуретпен ғана шектелмей, осы кейіпкерлердің өмірінен видеоконтент дайындамақ ниетте.