​ШЫМКЕНТ: «Жайлы мектеп» жобасы – отандық өндірушілерді қолдау

0
536


​ШЫМКЕНТ: «Жайлы мектеп» жобасы – отандық өндірушілерді қолдау

Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Оның ішінде Шымкент қаласында осы ұлттық жоба аясында 18 мектеп салу жоспарланған.

Бұл бір ауысымда – 28 мың, ал екі ауысымда 56 мың жаңа оқушыны білім беру процесімен қамтуға мүмкіндік береді.

2023 жылы үшінші мегаполисте 12 мектептің құрылысы басталды. Бүгінде білім ошақтарының іші әрленіп, инженерлік желілер тартылуда және аулалары абаттандырылуда. Мектептер биыл қолданысқа тапсырылады деп күтілуде. Ұлттық жобаның жүзеге асырылу барысын «Samruk-Kazyna Construction» АҚ қадағалайды.
«Жайлы мектеп» жобасы аясында Шымкентте тағы 6 мектептің құрылысы биыл басталмақ. Ол білім беру ұйымдары 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал Қазақстан бойынша ұлттық жоба аясында 2025 жылдың соңына дейін 369 заманауи мектеп салынады. Бұл 740 мың жаңа оқушыны қамтуға мүмкіндік береді. Осы тұста құрылысшы компаниялар мен басқа да тауар өндірушілер арасындағы байланысқа көпір болып отырған «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басшылығына алғыс айтамыз. Жалпы, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының ұстанымы – жергілікті тауар өндірушілерді қолдау. Ендігі мақсатымыз – «Жайлы мектеп» жобасы аясында салынып жатқан мектептер жаңа оқу жылына дейін ел игілігіне тапсырылуы тиіс», – дейді «Samruk-Kazyna Construction» АҚ Шымкент қаласы бойынша өңірлік басшысы Марат Қуанышбаев.
«Samruk-Kazyna Construction» АҚ өкілінің айтуынша, бұл жайлы мектептер қандай-да бір шетелдік стандартқа сүйеніп салынып жатқан жоқ. Дегенмен, мектептерді жобалау барысында шетелдік және қазақстандық озық білім ошақтарының тәжірибелері негізге алынған.
«Жайлы мектептердің ауданы стандартты жалпы орта мектептерге қарағанда 15-20 пайызға үлкен болады, сондай-ақ, техникалық жарақтандыруы 4 есеге артып, компьютерлер, интерактивті тақталар сияқты заманауи құрылғылар көбірек болады. Құрылысқа барынша отандық өнім пайдаланылуда. Қазақстандық материалдардың орташа үлесі шамамен 70 пайызды құрайды. Қада, цемент, қиыршық тастан бастап, қасбет және шатыр материалдарына дейін – отандық өнім. Жайлы мектептерге арналған жиһаз да тек қазақстандық тауар өндірушілерден сатып алынады. Бұл ретте басымдық жергілікті компанияларға беріледі», – дейді Марат Қуанышбаев.
Осылайша жаңа типтегі мектептерді жабдықтауға шымкенттік тауар өндірушілер, оның ішінде жиһаз компаниялары жұмылдырылған. Олар мердігерлермен келісімшартқа отырып, оқу құралдарымен жабдықтап жатыр.


Бөлісу