Шымкентте биыл 51 мың тонна көкөніс жинау жоспарланып жатыр

0
559

Жалпы егіс алқаптарынан 90,1 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде


Шымкентте биыл 51 мың тонна көкөніс жинау жоспарланып жатыр

Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының I-тоқсанда атқарған жұмыстары жөніндегі есебін қабылдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Басқарма басшысы А.Джанбатыровтың сөзінше, биыл қалада 29,8 мың га жерге егіс егу жоспарланып, бүгінде оның 4,8 мың гектарына егін егілген.
2022 жылы жалпы егіс алқаптарынан 90,1 мың тонна өнім жиналады деп күтілуде. Жиналатын өнімдердің 14,5 мың тоннасы дәнді дақылдар, 2,8 мың тонна майлы дақылдар, 51 мың тонна көкөніс және бақша өнімдері, 3,6 мың тонна картоп, 18,2 мың тонна мал азықтық дақылдары.
Шаруалардың егін егуіне қолайлы жағдай жасау үшін осы жылы 434,0 мың дана және 29,2 тонна тұқым құнын арзандатуға 20,4 млн теңге қаржы бөлінген. 7 200 тонна минералды тыңайтқыштардың құнын арзандатуға 122,1 млн теңге қаралып отыр.
Көктемгі және күзгі дала жұмыстарына жанармайды таратушы операторлар анықталған. Шаруалардың өтінімі негізінде жеңілдетілген бағада 1 литрі 189 теңгеден 259 тонна жанар жағармай босатылған.
Егін өнімділігін арттыру мақсатында минералды тыңайтқыштар мен тұқым шаруашылығын дамыту және пестицидтердің, биоагенттердiң (энтомофагтардың) құнын субсидиялауға қаржы бөлініп отыр.