Бойжеткен қызы асханада ыдыс аяғын салдырлатып кешкі ас дайындап әкесіне футбол қарауға кедергі болған.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Шымкент қаласы Абай аудандық сотында бойжеткен қызын пышақтаған 58 жастағы ер адамға қатысты сот процесі аяқталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Анықталғаны, бойжеткен қызы асханада ыдыс аяғын салдырлатып кешкі ас дайындап әкесіне футбол қарауға кедергі болған. Сөзбен салғыласудың соңы суық қару сермеуге ұласқан. Ас дайындап жүрген қызының қолында пышағы болған. Ашуға булыққан әкесі қызының қолындағы суық қаруды жұлып ап, туған перзентінің арқасына екі рет жарақат салған. Қанға малынған қызын көріп сабасына түскен әкесі бірден жедел жәрдем шақырған. Өзі саулаған қанды тоқтатпақ боп талпынған.
Ауруханаға жеткізілген қызының ем домы кезінде әрдайым жағдайын біліп, амандығын сұрап барып тұрған. Қызының емдеу және денсаулығын қалпына келтіру үшін кеткен шығынын әкесі өзі төлеп берген. Сот отырысында өз қызын пышақтаған әкесі кінәсін толық мойындап, шын өкінетіндігін айтқан. Жәбірленуші қызы да өзіне пышақ салған әкесін кешіріп, барынша жазаны жеңілдетуді сұраған.
"Сот айыпталушыны толық кінәлі деп танып, ісің барлық мән жайын ескеріп, ең жеңілдетілген жаза - үш жыл бостандығын шектеу жазасын тағайындады", - деді Абай аудандық стының судьясы Элеонора Бакирова.
Сот үкімі оқылған соң сотталушы мен жәбірленуші, яғни әкесі мен қызы татуласып, үйіне бірге қайтты. Сот үкіміне шағым келтірмейтіндіктерін айтты.