Шымкентте мектеп оқушылары арасында құқықбұзушылық пен әлімжеттілік сынды мәселелердің алдын алу мақсатында ұсынылған «Мектеп медиациясы» жобасы ашылмақ.
Шымкентте қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Медиация кеңесінің отырысы өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жиынға қалалық соттың қызметкерлері, медиация орталықтарының басшылары, медиаторлар және ассамблея мүшелерінің қатысуымен өткен басқосуда медиация желісін ілгерілету жайы қаралып, алда атқарылатын жұмыстар нақтыланады.
«Бітімгершілікке негізделген халқымыздың дәстүрлі билер тағылымымен сабақтасып жатқан бүгінгі медиация желісін дамыту, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты пайымды парасаттылықпен іске асыру басты міндетіміз. Дауласушы тараптарды өзара келісімге келтіріп, ортақ пайым жасауға жетелеуде қоғамдық медиаторлардың біліктілігін арттыру маңызды. Олар үшін арнайы оқу семинарларын ұйымдастыру кеңес жұмысының басты бағыты болуы тиіс», - деді Ербол Байқонақов.
Мектеп оқушылары арасында құқықбұзушылық пен әлімжеттілік сынды мәселелердің алдын алу мақсатында ұсынылған «Мектеп медиациясы» жобасы кеңес мүшелерінің қолдауына ие болды. Жоба аясында кәсіби медиаторлар ата-аналарға, мектеп психологтарына, тәрбие ісімен айналысатын мамандарға арнайы семинарлар ұйымдастырып, даулар мен кикілжіңдердің алдын алу әдістемелері түсіндірілмек. Жиынға қатысушылар тың бастама жастар тәрбиесіндегі өзекті мәселелердің шешілуіне оң әсер ететініне сенеді.
Сондай-ақ, қала әкімдігі, сот, полиция департаменті және медиаторлар арасында ынтымақтастықты нығайту, қала аумағындағы медиация кабинеттерінің жұмысын жүйелендіру, ашық есік күндерін өткізу, медиация желісінің тиімділігін тұрғындарға кеңінен насихаттау шараларын одан әрі жандандыру да кеңес жұмысының негізгі бағыты ретінде белгіленді. Айта кету керек, биыл Шымкент қалалық «Қоғамдық келісім» мекемесінде қоғамдық қабылдау жүргізетін, тұрғындар кез-келген мәселелерімен жүгіне алатын медиация кабинеті жұмысын бастады. Қала аумағындағы 7 медиация орталығымен әріптестік байланыс орнатылып, 50- ден астам қоғамдық медиаторлардың дерекқоры түзілді.