Қазақстан біріншілігіне ұлттық құраманың үздіктері қатысады.
ERNUR.KZ. 9 қараша күні Шымкент қаласында таэквондодан Қазақстан біріншілігі басталады, деп жазады ҚазАқпарат.
ҚР Ұлттық олимпиадалық комитетінің баспасөз қызметі хабарлауынша, ел чемпионатына барлық аймақтан жалпы есебі 235 спортшы қатысады.
Жыл сайын өтетін ұлттық біріншіліктен соң спортшылар чемпиондық атақты иеленіп қана қоймай, Қазақстан құрамасына шақырту алады. Сол себепті, жастардың да, тәжірибелі таэквондошылардың да жеңімпаз атануға бар күшін салары анық.
Қазақстан біріншілігіне ұлттық құраманың үздіктері қатысады. Тек, Тайбей Президентінің кубогінде бақ сынайтын Руслан Жапаров, Смайыл Дүйсебай, Нұрлан Мырзабаев пен Жансель Дениз жарыстан босатылған.
Сондай-ақ, жасөспірімдер арасында жақсы жетістігімен көзге түскен спортшыларға ересектер арасында сынға түсуге рұқсат етілді. Халықаралық турнирлердің жеңімпазы Шыңғыс Сәндібаев пен Қаби Мақсат ұлттық чемпионатта өз мықтылығын дәлелдемек.