Олар білім алып жүрген Халықтар достығы университеті жуырда ғана сот шешімімен лицензиясынан айырылған.
Шымкентте жоғары оқу орнында оқып жүрген 12 мыңнан астам студент далада қалғалы тұр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Олар білім алып жүрген Халықтар достығы университеті жуырда ғана сот шешімімен лицензиясынан айырылған. Ал шәкірттер өзге оқу ордасына ауыса алмай, әлекке түсіпті. Айтуларынша, университеттер қабылдамай жатқан көрінеді.
Айгүл Қапаш – Халықтар достығы университетінің 4-курсында оқиды. Дизайн және архитектор маманы. Ол осы факультетті кезінде Алматы, Нұр-Сұлтаннан іздеп таба алмай, Шымкенттегі осы жоғары оқу орнынан тауыпты. Белсенді әрі үздік студентке университет басшылығы бірқатар әлеуметтік жеңілдіктер жасағанын айтады. Соған сәйкес, оқу ақысы да төмендетілген. Енді оқу ордасы жабылатын болса, жеңілдіктің бәрінен айрылмақ.
- Маған архитектура саласы керек. Жарнама саласы керек. Бұлар жалпылама дизайн береді. Ертең мен жұмысқа тұрған кезде 5 мамандық бойынша да жұмысқа кете беремін. Ал, басқа университетте мен кете алмаймын. Тек, бір мамандықта ғана қалып кетемін. Мені қазіргі таңда, сол толғандырып отыр, - дейді 4-курс студенті Айгүл Қапаш
12 мыңнан астам студентті енді қайда оқимыз деген ой мазалайды. Университет жабылады екен дегенді естігенде шәкірттер өзге оқу жағалап көрген. Алайда, ондағылар құжаттарын қабылдамаған. Оның үстіне, оқу ақысы да тым жоғары дейді студенттер, деп жазды Otyrar.kz.
Білім және ғылым министрлігінің тексерісінен кейін қауіп төнген университет таяуда қалалық соттың шешімімен лицензиясынан айырылған. Бірақ, бұған оқу ордасының басшылығы қарсылық танытып отыр. Жуырда, сотқа аппеляциялық шағым түсіреміз деп отыр.
- Бізде оқу процессі бойынша ешқандай кемшілік жоқ. Енді соттың шешімі дұрыс болады деп ойлап отырмыз. Сот дұрыс шешім қабылдайды. Және де біздің студенттеріміз осы универсиетте оқиды, - дейді университеттің оқу ісі жөніндегі проректоры Айгүл Көпешова.
Білім және ғылым министрлігі оқу ордасының лицензиясын қайтарып алу жөнінде қаулы заң күшіне енген жоқ деп отыр. Енген жағдайда ғана, министрлік тарапынан арнайы жұмыс тобы құрылып, Шымкенттегі жоғары оқу орны басшыларымен кездеседі. Сол жерде студенттерді өзге университеттерге ауыстыру мәселесі шешіледі екен.