Шымкенттік дәрігерлер газдан уланған бір отбасыны аман алып қалды
Шымкентте токсиколог-дәрігерлер уланған бір отбасы мүшелерін аман алып қалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Шымкент қаласында 19 қараша күні кешкі уақытта бір отбасы мүшелері иіссіз газбен уланған. Ал, оқиға орнына жеткен жедел жәрдем қызметі 64 жастағы әжесін үш немересімен (3 және 5 жасар ұл бала мен 2 жасар қыз бала) Шымкент қалалық гипербариялық оксинигенациялық орталығына жеткізген. Нәтижесінде, токсикологтардың шұғыл әрекет етуі арқасында уланып қалған бір отбасы мүшелері аман қалған.
"Сағат 18.10 шамасында бір отбасынан апасы мен 2014 және 2017, 2018 жылдары туған үш бала токсикология бөліміне түсті. Жағдайлары орташа ауыр болғандықтан қажетті барлық сеанстарды шұғыл өткіздік. Қазір жағдайлары тұрақты", - деп мәлімдеді орталықтың бас дәрігері Мадина Ермаханбетова.
Уланып қалған 1955 жылы туған әжесінің сөзіне қарағанда олар үйде газ колонкасын қолданған. Жайсыз жағдай орын алған кезде балалардың ата-анасы үйде болмаған. Тиісінше, кешкісін жұмыстан келген ата-ана әжесі мен балаларының ес-түссіз жатқанын көріп жедел жәрдем қызметін шақыртқан.