Испания құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионы атанды

0
348

Испания қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, өзінің тарихында төртінші мәрте Еуропа чемпионы атанды.


Испания құрамасы 2024 жылғы Еуропа чемпионы атанды

ERNUR.KZ. Футболдан 2024 жылғы Еуропа чемпионатында бүгін, 14 шілдеде финалда Испания мен Англия құрамалары кездесті, деп жазады inform.kz.

Кездесу барысында алғашқы минуттарда испаниялық футболшылар белсенділігімен көзге түсті.

Қос қанаттан шабуыл жасап, гол соғуға жақын болды. Десе де бірінші кезеңде таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ.

Екінші кезең басталған сәтте испаниялық футболшылар есеп ашып кетті.

Небәрі 17 жасар Ламин Ямаль әріптесі Нико Уильямске нәтижелі пас шығарып берді.

Соңғысы қақпаны дәл көздеп, өз құрамасын алға шығарды.

Ламин Ямаль құрлықтық додада өзін осылайша жақсы қырынан таныта білді. Әріптестері төрт мәрте нәтижелі пас шығарса, екі голдың авторы атанды.

Англиялық футболшылар да таразы басын теңестіруге ұмтылды. Оған испаниялық қорғаушылар лайықты тосқауыл қоя білді.

Есесіне ағылшын құрамасы өз қақпасына гол жіберіп ала жаздады. Бұл сәттерде қақпашы Джордан Пикфорд сенімді ойын көрсете білді.

Ойынның 73-минутында англиялық Коул Палмер таразы басын теңестірсе, 86-минутта испаниялық Микель Оярсабаль жеңіс голын соқты.

Осылайша Испания қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсіп, өзінің тарихында төртінші мәрте Еуропа чемпионы атанды.

Айта кетсек, олар бұдан бұрын 1964, 2008, 2012 жылдарда құрлықтық додада жеңімпаз болған еді.

Екі құрама бұған дейін 27 мәрте кездесіп, 10-дa Испания, 13-де Англия басым түссе, қалғанында тең нәтиже тіркелді.

Еуропа чемпионаты 1960 жылдан бері ұйымдастырылып келеді.

Қазірге дейін Германия, Испания — 3, Италия, Франция — 2, КСРО, Португалия, Чехословакия, Нидерланд, Дания мен Грекия — 1 мәртеден жеңіс тұғырына көтерілді.

Енді 2028 жылғы Еуропа чемпионаты Ұлыбритания және Ирландияда өткізіледі.