Испаниялық Родри футболдан 2024 жылғы "Алтын доп" иегері болды

0
220

28 жастағы хавбек футбол әлеміндегі ең мәртебелі жеке марапатты Париждегі гала-кеште алды.


Испаниялық Родри футболдан 2024 жылғы

Фото: ballondorofficial

ERNUR.KZ. "Манчестер Сити" және Испания құрамасының жартылай қорғаушысы Родриго Эрнандес Касканте France Football беделді басылымының нұсқасы бойынша 2024 жылдың ең үздік футболшысы деп танылды, деп жазады inbusiness.kz.

Бұған дейін ол Еуропа чемпионатының үздік ойыншысы атанған болатын. "Алтын доп" үшін бәсекеде Родри мадридтік "Реалдың" шабуылшысы Винисиус Жуниорды басып озды. Ең үздік бестікке сондай-ақ Джуд Беллингем, Даниэль Карвахаль және Эрлинг Холанд енді. Топ-10-ды Килиан Мбаппе, Лаутаро Мартинес, Ламин Ямал, Тони Кроос және Харри Кейн толықтырды.

Родри бұл сыйлықты жеңіп алған үшінші испандық атанды. Бұған дейін Альфредо Ди Стефано (1957, 1959) екі рет және Луис Суарес Мирамонтес (1960) бір рет "Алтын доп" иегері болған еді. Хавбек екінші мүмкіндігінде бұл сыйлыққа қол жеткізді. Өткен жылы ол дауыс беру нәтижесінде бесінші орынды иеленген болатын.

2023/2024 маусымында Родри “Манчестер Сити” құрамында қатарынан төртінші рет Англия чемпионы атанып, клубтық әлем чемпионатын жеңіп алды. Ал Испания құрамасы сапында Еуро-2024 турнирінде жеңіске жетіп, турнирдің үздік ойыншысы жүлдесіне ие болды.

Айта кетейік, "Барселона" футболшысы Айтана Бонмати әйелдер арасындағы “Алтын допты” қатарынан екінші рет жеңіп алды. Ерлер футболында жылдың ең үздік бапкері болып Карло Анчелотти атанса, "Реал" жылдың үздік ерлер клубы деп танылды. Родридің Испания құрамасындағы серіктесі Ламин Ямаль Копа Трофейінің иегері атанып, “Астон Вилла” мен Аргентина құрамасының қақпашысы Эмилиано Мартинес Яшин Трофейін алды.