Ұзақ үзілісте спортшылардың ептілігі мен жылдамдығы жоғала бастаған.
ERNUR.KZ. Ұлттық құрамамен қатар қалалық құрамалар да оқу-жаттығу жиындарын бастады, деп жазады 24.kz.
Мәселен, елордада ең алғаш болып таэквондо шеберлері кешенді дайындыққа кірісті. Әрине, санитарлық талаптар сақталады және жүктеме екіпіні біртіндеп күшейтіледі.
Короновирусқа қатысты жағдай барлық спорттың дамуын тұралатып тастады. Оның ішінде таэквондо да бар. Кәріс жекпе-жегінің өкілдері үш айлық үзілістен кейін ең алғаш болып жаттығу жиынын бастады. Залға 15 адам ғана кіреді. Жекелей жаттығулар белгілі бір аралықта, ал жұптық элементтер басқаларынан алыстау жерде қайталануы қажет.
"Санитарлық талаптарға келер болсақ, әр спортшының тырнағын, шашын тексеріп тұрамыз. Қолын антисептикпен жуады. Аяқкиімдерін ауыстырады және арақашықтық сақтайды" - дейді Нұрболат Жаңбыров, қалалық құраманың аға жаттықтырушысы.
Нұрболат Жаңбыров жаттықтыратын қыз-жігіттер арасында ұлттық құрама мүшелері де бар. Яғни, олар ішкі біріншіліктерде елорданың, ал халықаралық додаларда елдің намысын қорғайды. Сондықтан 21 күндік жиын барысында толық бапқа келіп үлгіру керек дейді бапкер.
Айтпақшы ұзақ үзілісте спортшылардың ептілігі мен жылдамдығы жоғала бастаған. Енді оны біртіндеп, яғни, кезең-кезеңмен қалына келтіру қажет.
"Бүгінгі таңда таэквондоның жарыс кестесі белгілі. Мұны да ерекше айта кеткен жөн. Өйткені басқа спорт түрлерінде әлі ешқандай ақпарат жоқ. Осыған байланысты, кәріс жекпе-жегінің өкілдері байрақты бәсекеге бағытталған кешенді жаттығуды бастады" - дейді Әлішер Бейсембай, ұлттық құрама мүшесі.
Жастар арасында ел чемпионаты тамыздың басында Шымкентте өтеді. Ал әлемдік аламан қыркүйекте Болгарияда болады деп жоспарланып отыр.