«Бағжан Октябрь екеуміздің дуэтіміз тарихта қалады»
Қазақтың қара домбырасымен «Көңіл толқыны» күйін тауда отырып тартатын қызды танисыздар ма? Ол – Сымбат Абдуахап. Күй өнерін дамытуға ерекше үлес қосып, жастар арасында насихаттап жүрген жанмен сұхбаттасудың сәті түсті.
- Сымбат, әңгімемізді өзіңіздің туып-өскен ортаңыздан, отбасыңыздан бастасақ? Қай жерде білім алдыңыз, ұстазыңыз кім?
- Туған жерім Қызылорда қаласы, Жаңақорған ауданы. Әлшекей атындағы өнер мектебінде 7-8 жыл оқыдым. Алғаш домбыраны қолыма ұстатқан ұстазым - Гүлсара Бұлдырықова. Мектепті бітірген соң өнердің қара шаңырағы саналатын Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында білім алдым. Онда профессор, Қазақстанның еңбек сінірген өнер қайраткері Кәрима Сүндетқызы Сахарбаеваның сыныбында оқыдым. Кейін аталмыш оқу орнының магистратурасына түсіп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының директоры Нұркен Нұрғалиұлы Әшіров сыныбында білім алдым. Қазіргі жеткен жетістіктерім осы ұстаздарымның еңбегі.
Жалпы, отбасымызда бәрі өнерге жақын. Әжемнің суырып-салма ақындық қасиеті болды, жүрген ортасында ән айтып жүретін еді. Анам мен әкемнің де әнге деген қызығушығы жоғары, музыканы есту, сезіну қабілеттері жақсы дамыған. Анам әнді жақсы айтады. Сол қасиеті менің бойыма дарыса керек. 8 жасымда ата-анам мені өнер мектебіне апарды. Сол кезден бастап санағанда 15 жылым кәсіби білім алуға кетіпті.
- Репертуарыңызда қанша күй бар? Оның ішіндегі сүйікті күйлеріңізді атап өтсеңіз...
- Репертуарымда сексенге тарта күй бар десем қателеспейтін болармын. Жалпы, қазақ халқында 8 мыңнан аса күй бар. Қайталап отырмаса ұмытылып, репертуардан шығып кететіні қаншама… Сүйікті күйлер тізімі әр жыл сайын, ішкі хәліңе байланысты өзгеріп отырады. Мысалы мен колледж, университетте оқып жүргенде тез жылдамдықтағы күйлерді ұнататынмын. Жаспыз, эмоция, көңіл-күй ойнақы кездер ғой. Қазір, уақыт өте келе байыпты, философиялық, терең мағыналы күйлерді ойнағанды жөн санаймын. «Әр домбырашы өз мінезін ойнайды» деп Ахмет Жұбанов айтқандай, домбырашының тартысына қарап, оның мінез-құлқын да анықтауға болады.
– Күйші үшін домбыраның сапасы маңызды шығар. Өз аспабыңызды қалай таңдайсыз, кім жасайды?
- Иә, домбыраның дыбысы жақсы шығуы, оның сапасына, ағашына байланысты. Менің домбыра шеберім - Ердос Рахымбеков. Арнайы тапсырыспен жасалған концерттіккәсіби домбыра. Қазіргі домбырамды 3-курс оқып жүргенде Нұрғиса Тілендиев атындағы байқаудан лауреат атанып, содан түскен ақшаға алғам. 2018-жылы бұл домбырамның құны 1000 доллар еді, қазір екі есеге қымбаттап кеткен.
- «Инстаграмда» әншілер белсенді. Күйшілерден өзіңіз ғана сияқтысыз... Әлеуметтік желі сіздің танымал болуыңызға әсер етті ме, қандай пайдасы тиді?
- Қазір өзін дамытам, танымал болам, халыққа берерім бар деген адамға әлеуметтік желі таптырмас құрал болды. Мен де заман көшінен қалмайын деп, «Инстаграмға» тіркелдім. Сол сәттен бастап оқырмандардың домбыраға деген қызығушылығы, үйренуге деген ынтасы артты десем артық емес. Тіпті алыс-жақын шет елдерден «Домбыраны онлайн үйретіңізші» деген ұсыныстар түскен.
«Инстаграм» арқылы хит болған видео - «Көңіл толқыны». Әзірге 107 мың қаралым жинады. Менің репертуарымдағы орны бөлек, бағымды ашқан, көрерменнің ыстық ықыласына бөленген күй. Осы күйді көргендер «Тартысыңыз ерекше, көңіліміз жайланып, ерекше сезім сыйлады», «балалық шағыма апарып келді», «әкемді сағынғанымды түсіндім» деп жазып жатады. Осындай сезім сыйласақ, күй арқылы адамның жан дүниесіне әсер ете алсақ, онда біздің мииссиямыздың орындалғаны. Күйбең тіршілікті бір сәтке тоқтатып, күй тыңдап тұрайық.
- Виоленчелист Бағжан Октябрьмен сізді не байланыстырады? Оның концертінде бірге өнер көрсетуге ұсынысты кім білдірді?
- Бағжан менің досым, магистратурада бірге оқыдық, әріптес те болдық. Бірге өнер көрсету және осы күйді орындау Бағжанның ұсынысы болды. Ең алғаш Республика сарайының фойесінде бірге ойнап, әрі қарай Қазақстан концерт залында, басқа да үлкен сахналарда жалғасын тапты. «Көңіл толқынын» дуэт боп орындағанымыз халықтың ерекше ілтипатына ие болды. Қанша рет орындасақ та өз сұранысын жоғалтқан емес. Тарихта қалатын дуэт болды деп есептеймін.
-Бойдақсыз ғой, көңілін білдірген жігіттер көп шығар, «өнерді таста» деп шарт қоятындар бар ма?
- Иә, өзіме де, өнеріме де ғашық жігіттерден хаттар келіп жатады. «Өнерді тастайсың ба?» деп бірден сұрап алатын жандар да кездесті. Бірақ менің ойымша, өз адамың кездескенде, ол сені барлық болмысыңмен бірге қабылдайды, шарт деген нәрсе қойылмайды деп ойлаймын. Оны уақытында көре жатармыз.
- Сымбат, уақыт бөлгеніңізге рахмет!
Сұхбаттасқан - С. Кенжалиева.