«Голливудта суперсенсация жасаймын»
«Алғашқы махаббат», «Сыңарым», «Қыз сыны», «Сұлтан Бейбарыс», т.б. хит әндердің авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші, композитор Марат Омаров үш айдан бері Америкада іс сапармен жүр. Елде жаппай тәртіпсіздіктер орын алған кезде шетте жүрсе де отандастары үшін қамығып, «Аман бол, халқым» деген ән шығарды. «Мұндағы сәулет ғимараттары, субұрқақтар, т.с.с бәрі маған шабыт сыйлайды» деген композитор одан басқа да көптеген классикалық әндер жазу үстінде. Тіпті, біршама әндерін ағылшыншаға аударып үлгеріпті.
«Жүрегім жыр толғайды, көңілім ортаймайды, анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды» деп қайырмалатып келетін «Анашым» атты өлмес әннің орындаушысы Марат Омаровпен «Алматы әуендері» мекемесінің қызметкері Тоқтабай Орнықбай тікелей эфирде сұхбаттасқан болатын. Бүгінде шоу бизнес пен киноиндустрияның отаны Голливудта тұрып жатқан Марат ағамыздың ойы, жоспары, мақсаты туралы сауалдарға жауапты осы сұхбаттан оқи аласыз. Қазақ еліне 30 жылдан астам уақыттан бері еңбек сіңіріп, әні мен мәдениетінің қайнар бұлағын қанып ішкен өнер иесі алдағы уақытта Қазақстан мен Америка арасында достық көпірін нығайтқысы келеді.
– Марат аға, бізде қазір кешкі 22.00-ден 10 минут кетті. Голливудта таң атқан болар?
– Иә, Америка Құрама Штаттарының Голливуд қаласында таңғы 8-ден 10 минут өтті...
– Сіздің Америкаға сапарыңызды көп әріптестеріңіз, жақындарыңыз біледі. Дегенмен, көзі қырағы оқырмандарымыз үшін «Қашан бардыңыз? Қашан қайтасыз? Голливудқа барудағы мақсатыңыз қандай?» деген сауалдарға жауап бере кетсеңіз. Жуырда Нью-Йорк қаласына іс-сапармен барады деп естіп жатырмыз. Алдағы жоспарларыңызбен де бөліссеңіз...
– Америкаға келудегі мақсатым – жастарды қолдап, екі елдің ортасына достық көпірін салу. Мен мұнда бірінші рет емес, төртінші рет келуім. 2012 жылы қызым Бибі-Мариямды әлемдік ән додасына қатыстырып, жүлделі орын алып қайтқан едік. Сосын 2016 жылы Хьюстон, Нью-Йорк, Лас-Вегас, Лос-Анджелес қалаларында концерт бердік. 2019 жылы Нью-Йоркқа ретро-фестивальге қатысып, «Анашым» атты әнімді ағылшынша орындап, «Жылдың үздік композиторы» деген атақ алған болатынмын. 2020 жылы мені Маямиге «Наурыз» мерекесіне шақырған-ды. Бірақ, коронавирустың кесірінен жоспар орындалмай, Дональд Трамптың бұйрығымен кейінге қалдырылды. «Коронавирус, кет, кет!» деген әннің шығуы да содан.
2021 жылы 14 желтоқсанда Қазақстанның Америкадағы елшілігі Пенсильвания қаласы, Филадельфия штатына көк туды желбірету үшін арнайы шақырды. 15 желтоқсан күні Қазақстан елшілігімен бірге «Уолл стритте», 80 пайыз қаржы биржасының орталығында алдымен әнұран орындалды, көк туымызды көкке көтердік. Одан соң «Анашым» әнім орындадым.
Филадельфия, Майами, Лос-Анджелес, ақпан айында Сан-Франциско, Нью-Йорк, Хьюстонда концерт бермекпін. Елдегі қалыптасқан жағдай, жаппай тәртіпсіздіктер бұл жақта да бізді әбігерге салып, ауыр ойға шырматып тастады. Қазағымның жан айқайы алыста жүрген бізді де алаңдатуда! Халықтың өтініші өкімет тарапынан оң шешімін тауып, қолдауы қажет деп есептеймін! Біз халықпен біргеміз! Әр нәрсенің қайыры бар дейді ғой. Жақсы күндер алдымыздан тоссын. Мен Талант Арғынғалидың сөзіне «Аман бол, халқым!» деген ән шығардым. Бұл әнді екі екі тілде орындадым.
Омикронға байланысты концерт күндері ауысты, бірақ, бәрі жоспар бойынша жүріп жатыр.
– Бүгінде мұхит асып, Еуропа асып, біздің атымызды, затымызды танытып жатқан жайыңыз бар. Оған мың да бір шүкір. Осы орайда, Марат аға, бұл өмірде ең бірінші кімге алғыс айтар едіңіз?
– Мен 3 нәрсеге көңіл бөлер едім. Ең бірінші, ата-анама алғыс айтамын. Жыр елі, сыр елі киелі Созақ жерінде дүние есігін аштым. Әкем де, анам да өнер десе ішкен асын жерге қоятын жандар еді. Жеті жасымда Шәмші Қалдаяқов біздің ауылға келгенде маған батасын берген болатын. Одан соң 1991 жылы Респубика сарайында авторлық кешім болған кезде қазақ театрының корифейі Асқар Тоқпанов: «Маратжан, сен әке-шешеңнің махаббатынан туған азаматсың. Сені бүткіл әлем танитын болсын. Ақ нәсіл, қара нәсіл танитын Давид пайғамбардың жолын тілеймін» деп батасын берген еді.
2004 жылдары бүкіл Еуропаны аралап концерт бергенімде Францияда Пьер Карден Париж туралы шығарған әніме ризашылығын білдіргені бар. Көрген-түйгені мол, жетпісті желкелеген дарын иесінің батасын алу мен үшін зор мәртебе. Бүгінгі күні азды-көпті жетістікке жетіп, белестерді бағындыруыма осындай үлкен кісілерден алған бата, тілектер сеп болды ма деп ойлаймын. «Шәкіртсіз ұстаз тұл». Өзімнің де әлемдік, халықаралық деңгейде өнер көрсетіп жүрген шәкірттерім баршылық.
Лос-Анджелес шоу бизнес пен киноиндустрияның отаны. Бүкіл Голливуд жұлдыздары осы жерден түлеп ұшқан. Есіңізде болса, тұңғыш рет Нұр-Сұлтан қаласында халықаралық өнер орталығын ашқан едім. Сол орталықтың ашылу салтанатына Голливудтан келген Марк Дакаскос сияқты үлкен Голливуд жұлдыздары келді. Оның бәрі тектен тек емес.
Содан кейінгі қарлығашым Мәскеуде қанатын қақты. 2012 жылы жас әнші Еркеш Хасенді алып барып жүлделі орын алған едік. Одан соң Людмила атты шәкіртім Дубайда үлкен конкурстан, 2012 жылы Бибі-Мариям қызым Америкада бақ сынап, жүлделі орын алды. Бүкіл әлемдік композиторлар ассоциациясының мүшесі болғандықтан, әр елдегі әріптестерімізбен хабарласып тұрамыз. Үлкен мегажоспар дайындап жатырмыз.
– «Коронавирус, кет!» әні қазақ еліне танымал болды. Дегенмен, бізге қарағанда мұхиттың арғы жағында Америкада, Еуропада тыңдалымы көп екен. Солай ма?
– Оның тарихын айтар болсам, Американың экс-президенті Дональд Трамп өзінің твиттер парақшасында: «Мен 50 млн долларды коронавирусты кетіру үшін арнайы жұмсап жатсам, қазақтың композиторы бір ғана әнмен коронавирусты қуып жатыр» деп жазыпты (күліп). Оны осы жаққа келгенде білдім. Сөйтсем, бұл ән Дональд Трамптың ең жақсы көретін әні екен. Пандемия болмағанда Трамп үлкен қайырымдылық концерт беріп, мен сол концертке қатысушылардың бірі ретінде шақырылған болатынмын.
«Коронавирус, кет!» әніне Малаизиядағы ән байқауында 3 орын, Вьетнамда 2 орын беріліпті. Яғни, бүкіл әлемге шарықтап кетті. Мен достарыма «Қазақстанда кетірмеген коронавирусты Америкаға келіп кетірем» деп әзілдеймін. Әрине, мұның бәрі әзіл.
Осы орайда айтарым, жамандықтың бәрі кетсін, шуақты, қуанышты, жақсы, бақытты күндер келсін.
«Коронавирус, кет!» деген тіркес қазір ескіріп кетті. Оны «Бақытты күндерге» айналдырдым. Жастар сәл де болса иммунитетін көтерсін, көңілдерін көтерсін деп ойладым.
– Байқаймыз, біраз әндеріңізді ағылшын тіліне аударып үлгерген сияқтысыз?
– Басқа да классикалық әндер шығарып жатырмын. Көп әндерім ағылшыншаға аударылу үстінде. Таяуда Нью-Йоркте үлкен кездесулер болады. Карнеги холлда концертін берген өнерпаз бүткіл Америкаға турне жасауға мүмкіндік алады екен.
– «Бақытты күндер, кел, кел!» деп әндетіп жатырсыз. Кеше ғана Қазақ хандығының 555 жылдығын, жақында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлап жатырмыз. Аға буын, жас буын, орта буын, бәрін де шуақты әндеріңізбен қуанта бергейсіз! Енді орыс тіліндегі «Мария» деген әніңіздің қысқа-нұсқа тарихын айтып берсеңіз...
– Менің Мәриям деген қызым бар. Ең алғаш рет 16 жасында Америкаға келіп, жүлделі болды. Оның биге құштарлығы соншалық, үлкен додадан жеңіп шықты. Қазір осындағы мықты өнерпаздардан дәріс алып жатыр. Бритни Спирс, Джастин Бибер, Селена Гоместің студиясында дайындалуда. Қызым туралы көп әндер шығардым. Бұл ән орысша. «Неліктен қазақ әнін бүткіл әлемге түрлі тілдерде дәріптемеске?!» деген оймен орыс тілінде шығардым.
– «Америкаға келудегі мақсатым – жастарға алтын көпір болу» деп қалдыңыз. Соңыңыздан ерген талантты жастарға не айтасыз?
– Қазақтың дарынды, талантты жастарына «Өнерпаз болсаң, талантыңды көрсет, сенібүкіл әлем таниды» деп айтамын. Шәкірттерім, көптеген эстрада жұлдыздары менің мегатанымал әндерімді шырқап, танымал болды. «Біреудің өсіп-өнуіне себепші болу Алланың қалауы» дейді. Мен әлі күнге дейін өткір, өжет, қайтпас, қайсар, талантты, көзі жанып тұрған азаматтарды көрсем, соларды биік деңгейге шығаруға талпынып тұрамын. Біз алмаған асуларға, біз шықпаған биіктерге солар жетсе екен деп тілеймін. Өмірде із қалдыру деген сол. Бұйыртса, осы бағытта тірліктерді бастап та кеттік. Голливудта ән, би, актерліктен мектеп ашып жатырмыз. Келешекте қазақтың әуенін, мәдениетін дәріптеп, Карнеги холлда концерт берсек деген жоспарымыз бар.
– Алты құрлықтың арғы жағында, Голливудтағы өнер орталығында біздің қазақтың қарадомалақтары барып оқыса арман бар ма?!
– Әрине! Бұның бәрі мотивация емес, координация, концентрация, суперсенсация болады, құдай қаласа (күліп). Мен теннис ойнаймын ғой. Сонда қолданатын терминдер ғой. Француздардың орталығында үстел теннисін ойнаймын. Әжептәуір тәжірибем бар. Мен «I am playing tennis» деп барсам, олар қуанады. Жарыстар өтіп тұрады.
30 жылдай қазақ еліне еңбегіміз сіңді. Бұл жақта қазақтың салт-дәстүрін жақсы сақтаған. Біз кездесулерге барғанда қандастарымыз қатты қуанады. Сұрақ қояды. Алла тағала достық көпірін жалғауға себепші етіпті. Америкаға бару бұрыннан арманымыз еді. Жастардың да арманы орындалсын.
– Жер бетінде бір нәрсені өзгертуге мүмкіндік берсе, нені өзгертер едіңіз?
– Бүкіл әлемде мейірімділік болса деймін. Бұл жақта 80 жастағы танымайтын қариялар күлімсіреп тұрып «Good morning!» деп сәлемдеседі. Жергілікті тұрғындардың адамгершілік, мейірімділік, позитивтілігіне риза боласың. Сол сияқты позитивті толқында, Алла тағала бәрін жеткізеді деп өмір сүру керек. Ал талпыныстың бәрі еңбекпен келеді.
Дайындаған Мөлдір Мамырбайқызы
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:
«Сол қатын оңса, мұрнымды кесіп берейін!»: Белгілі емші Айшүл Елшібаеваға жауап берді