Ене мен келіннің арасындағы "қиын жағдай" осындай себептерден болуы мүмкін...
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
Ене мен келіннің қарым-қатынасы ежелден-ақ жауапты, өзекті мәселе болып саналған және бұл тектен-тек емес. Кейбір қыз-келіншектер үшін ене деген құрбысындай, анасындай болып кетсе, кейбір жандар үшін ол - жау, дұшпан болып қала береді. Бұлай болудың себебі неде?
Ендеше ененің келінді ұнатпауының болжамды себептері туралы және келін қандай қателіктерге жол береді, сондай-ақ енемен қалай тіл табысып ара-қатынасты ретке келтіруге болатыны жөнінде кеңестер ұсынбақпыз.
Ене не себепті келінді ұнатпайды? Болжамды себептері
Әрбір ана қыз баласына қарағанда ұлын ерекше жақсы көреді екен. Сол себепті де кейбір аналар ұлына өзінен артық ешкім қарай алмайтындай көреді. Егер ене ұлы мен келіннің арасына жиі түссе, келінді ұнатпаса оның төмендегідей себептері болуы мүмкін:
- Қызғаныш
Өз құшағында өсірген баланы өзгенің қасынан, өзге ортада көру кейбір аналар үшін ауыр. Мұның барлығы тым сезімталдықтың әсері. Сондықтан ене кез-келген жерден себеп тауып келінмен ренжісуі мүмкін.
- Биологиялық себеп
Балалар өсіп өз жартысын таңдап отау құрған уақытта олардың анасының жасы келе бастайды. Ал жас келе ағза түрлі өзгеріске ұшырайды. Гормоналды өзгерістер салдарынан әйел-ананың мінез-құлқы да қиындай түседі. Сондықтан келінге деген шектен тыс тиісу, күңкілдеу болуы да мүмкін.
- Ұлына тең көрмеу
Әрбір ана балаларына тек жақсы нәрсені тілейді және ең жақсыны алып беруге тырысады. Кейбір аналарда бұл жағдай ұлы есейіп, ержеткенде де қалып қояды. Сол себепті де баласының таңдауын әр кез қадағалап, таңдаған адамы соған лайықты ма жоқ па деп қарайды.
Енемен ара-қатынаста келін қандай қателік жібереді?
Ене мен келін арасындағы түсініспеушілік тек ененің кесірінен ғана емес, келін жақтан да болуы мүмкін. Келіннің өзіне дұрыс көрген әрекеті, іс жүзінде басқаша шығуы мүмкін.
- Енемен бәсекелесу
Келін өз күйеуін енесімен бөліспеу қажет. Күйеу деген ұтып немесе тауып алған «олжа» емес. Ол – өмірлік жарын таңдап алған ересек ер-азамат. Анасы оны пайда болғаннан бастап біледі, өсірді, бақты, қақты. Сондықтан ана – баласының жүрегінде ерекше орынға ие. Мұны әрбір қыз-келіншек түсінуі тиіс. Сол себепті де өздерінің күш қуатын, уақытын, жүйкесін құртып, «жолдасымның жүрегіндегі жалғыз жан менмін» деген ойдан аулақ болуы қажет.
Әр келіншек жолдасы үшін өзінің жеке орны, дәрежесі, ал анасының (ененің) өз дәреже, өз орны бар екенін ұғынғаны дұрыс. Ер-азамат үшін әйел – сүйіктісі, балаларының анасы болса, анасы - әрдайым қамқор болған, тәрбие берген, осы уақытқа жеткізген жан. Сондықтан да ене мен келін арасындағы бәсекелестікке негіз жоқ. Ене мен келін ешуақытта бір-бірінің орнын баса алмайтындарын ұғынғаны дұрыс.
- Күйеуін қалқан ету
Ене мен келін арасындағы кикілжіңге, қандай да бір мәселеге күйеуді тықпалауға, оны елші етуге болмайды. Барлық жағдайды бетпе-бет тікелей айтып, шешкен жөн.
- Ерлі-зайыптылар арасындағы жеке ережелерге ықпал етпекші
Қыз бен жігіт бас қосқан соң өз кеңістіктеріне лайықтап тәртіп, ережелерін құра бастайды. Мысалы ерлі-зайыптыларға арналған маңызды мәселелерді талқылау, отбасылық қаржы мәселесі секілді. Алайда әрбір ене жастарға өз ақыл кеңесін айтып отырғанды жөн санайды. Әрине егер енші алып бөлек отауға шыққан жастар болмаса, ата-анамен бірге тұратындар мұндай мәселеден алыс кете алмайды. Сондықтан ешбір ананың баласына жамандық тілемейтінін ескере отырып, келіншектер жеке мәселеге араласты деп енені сөкпей, керісінше айтқан ақылын тыңдап, саралап, өз ойымен біріктіріп ортақ шешім шығарғаны дұрыс. Қанша дегенмен ененің көргені көп, айтқан ақылын араға түсу, өз ықпалын жүргізу деп қабылдамау керек.
- "Енем мені қызындай көреді"
Қазір көпшілік енелердің "келінімді қызымдай көретін боламын" деп айтатын сөздерін жиі естиміз. Алайда бұл айтылғанның барлығы көп ретте сөз күйінде қалып қойып жатады. Себебі анасы балаларына ақыл айтса немесе ренжіп кейісе де туған ұлдары мен қыздары жүректеріне жақын алмайды, ал келін бәрібір ата-ененің ескертуін дұрыс қабылдай қоймайды. Сондықтан қыз-келіншектер "енем мені қызындай көреді" деп қателеспегені дұрыс. Келіннің өзі де енені ешқашан өз анасындай көре алмайтынын мойындауы керек.
- Енені құбыжық көру
Көптеген қыз-келіншектердің өз ой қиялындағы енені көру арманы тұрмысқа шыққан соң жоқ болып кетіп жатады. Алайда бірден "біз келісе алмаймыз" деген ойдан аулақ болу қажет. Әрбір қыз-келіншекке алдымен өз жүрегінен енеге деген мейірімге, алғысқа орын іздеуге кеңес берер едік. Себебі құбыжық болып елестеген ене, сол келінге жақсы көретін жар сыйлады емес пе? Сондықтан ененің айтқанының барлығын жаман көрмей, ойды жақсы жаққа қарай туралау керек.
Жоғарыда берілген кеңестерден әр қыз-келіншек өзіне қажеттісін алсын! Тағы бір айтарымыз, енемен қарым-қатынас қандай болсада жағдайды қиындатпау керек. Ененің ақылына, кеңесіне құлақ түріп, көмек сұрап ойымен, пікірімен санасуды жөн көру қажет.
Дайындаған: Э. Базарбаева,
Тағы оқыңыз:
БҰЛ мінез сізге ЖАҚСЫЛЫҚ әкелмейді
АНАСЫНЫҢ бұл әрекеті ҰЛ баланың СЕКСУАЛДЫҚ қабылдауын бұзады