А.Мамин: Түркістандағы құрылыс қарқынын арттыру керек

0
1 357

А.Мамин Түркістанда бой көтеретін нысандарды салуда облыстар мен компаниялардың да атсалысатынын атап өтті.


А.Мамин: Түркістандағы құрылыс қарқынын арттыру керек

ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Маминнің төрағалығымен Түркістан қаласын дамытуға арналған жиын өтті. Мәжіліске республикадағы барлық облыс, қала әкімдерінің сала орынбасарлары қатысты. Отырысқа дейін шаһарда бой көтеріп келе жатқан нысандардың құрылыс жұмыстарымен танысқан Бірінші Вице-Премьер көне қаланы дамытуды Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі жіті қадағалап отырғанын жеткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Мәжілісте Елбасының Түркістан қаласын дамыту мақсатында берген тапсырмаларын орындау бойынша облыс әкімі Жансейіт Түймебаев баяндама жасады. Ең алдымен, шаһардағы құрылысқа қажетті жер телімдерін босату мәселесіне қатысты сөз бастаған аймақ басшысы рухани-мәдени орталықта орналасқан 168 нысанның бағалау жұмыстары әзірленіп, бүгінгі күнге 101 нысан иелері ұсынылған бағамен келіскенін жеткізді. Соның ішінде 51 тұрғын үй иелеріне 621 млн. 669 мың теңге төленіп, жалпы 44 ғимарат бұзылған.

"Атап айтқанда, «Шығыс моншасы» құрылысы түсетін алаңдағы 8 нысанның 6-ы, «Музыкалық фонтан» құрылысына түсетін 10 нысанның 5-уі, «Сауда орталығы» құрылысына түсетін 10 нысанның 9-ы және «Амфитеатр» құрылысына түсетін 6 нысанның 1-і бұзылды. «Ұлы дала елі», «Визит орталығы» және «Ғылыми-әмбебап кітапханасы» нысандарын орналастыру жоспарының ауысуына байланысты, бұзылуға жататын ғимараттарды қайта анықтап, ұсыныс беріледі. Әкімшілік-іскерлік орталықта 44 жер теліміне бағалау жұмыстары жүргізіліп, 554,4 млн теңгені құрады. Қалған 23,7 гектар жер көлемінде орналасқан 245 жер теліміне бағалау жұмыстары жүргізілуде. Бұл жұмыстар 2019 жылдың 1 наурызына дейін аяқталады", - деді Ж.Түймебаев.

Мұнан соң, өңір басшысы әкімшілік-іскерлік орталықтағы құрылыс жұмыстарының барысымен таныстырды. Мәліметтерге сәйкес, облыс әкімдігі мен 900 орындық мектеп осы жылдың соңына пайдалануға берілсе, Конгресс-орталық, "Астана алаңы" ғимараты, Медиа-орталық, Оқушылар сарайы, 7000 орынға арналған стадион, Спорт мектебі, туризм бағытындағы колледж, жабық бассейні бар спорт сарайы, тұрғын үй кешені, цифрлық офис ғимараты және «Smart city» жобасын ел игілігіне тапсыру 2020 жылға жоспарланып отыр. Ал тұрғын үй құрылысын дамыту жоспары бойынша Түркістан қаласында 2019-2021 жылдары барлығы 874.6 мың ш.м. (13 094 пәтер, 357 тұрғын үй) тұрғын үй көлемін пайдалануға тапсыру мүмкіндігі бар екенін айтқан Ж.Түймебаев әкімшілік-іскерлік орталығын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жайттары сынды тарихи қалада бой көтеруі жоспарланған әрбір нысанның бүгінгі ахуалын мәлімдеді.

Жиында, мұнан бөлек, Түркістанның тарихи және рухани-мәдени орталықтарындағы жұмыстар туралы ҚР мәдениет және спорт вице-министрі Ерлан Қожағапанов сөз сөйлесе, ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Қ.Өскенбаев тұрғын-үй құрылысы мен нысандардың инфрақұрылымдары туралы баяндады. Ал "Астанабасжоспар" ғылыми-зерттеу жобалау институты" ЖШС-нің директоры С.Жүнісов нысандардың орналасуы туралы мәлімет берді.

Жиынды қорытындылаған А.Мамин Түркістанда бой көтеретін нысандарды салуда облыстар мен компаниялардың да атсалысатынын атап өтті.

"Павлодар облысы заманауи халыққа қызмет көрсету орталығын салса, Ақтөбе облысы "Қожа Ахмет Яссауи" және "Рабиға Сұлтан Бегім" кесенесін реставрациядан өткізу және кіреберіс кешендерін көркейту және саябақ салу жұмыстарын қолға алмақ. Атырау облысы "Ұлы Дала Елі" кешенін, Батыс Қазақстан облысы музыка мектебін, Қостанай облысы неке сарайын, Астана қаласы "Астана алаңының" құрылысына қатысады. Ендігі кезекте, уақытта текке жібермей, жұмыс қарқынын арттыру керек. Мұны Түркістан облысының әкімдігі мен барша облыс, қала әкімдерінің орынбасарларына тапсырамын", - деді А.Мамин.

Дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі