Бетонды балшықша илеп, тасты иілткен «Бизнес вумен»

0
2 044

Өзі біреудің затын сатып, отағасы жалақысы аз жұмыс жасап жүріп, баспана соғады. Міне осы кезде Гүлнар құрылыс жабдықтарын Шымқалада түгел табу өте қиын екенін түсінеді. Осы ойын жұбайына айтып, ойлана келе құрылыс жабдықтарын тасымалдау ісімен шұғылдануды құп көреді.


Бетонды балшықша илеп, тасты иілткен «Бизнес вумен»

ERNUR.KZ Шымкент қаласындағы «Rixos Khadisha» қонақүйінің мәжіліс залында «Еуропа Даму Банкі» ұйымдастыруымен «Шағын бизнесті дамытудың жолын біліңіз» тақырыбында оңтүстік өңіріндегі «Бизнес ледилердің» басқосу семинары өтті.

Облыста осы күнге дейін танылған 500-ден аса кәсіпкерлік тізгінін қолға алған әйелдердің дені тігін цехын, сұлулық салондары мен, тәтті пісіретін, сауда орындарын мен қонақүй тағы басқаларға басшылық етеді. Олар ана, келін, сүйікті жар, бола тұра қоғамда да өз орнын қалыптастыра отырып, халықтың сұранысына қарай еңбек етуде.

Әйел заты қызығады, қызықтыра да алады, көздесе жетпей қоймайды. Бүгінгі шараны асыл тастарды молынан тағына, әдемі киініп өздерін көрсетуге келетін сызылған «Бизнес вумендердің» әдеттегі нәтижесіз жиыны деуге келмейді.

Алпысқа жуық қолында ісі бар нәзік жандылардың барлығымен сұхбат жасап үлгермейтінімізді білген соң ұйымдастырушылардан ерекше кәсібі бар әйелдерді атап беруін сұрандық. Қызықтырғаны құрылыс материалдарын Шымкент қаласына тасымалдап, бетон құю мәселесін ешбір ер адамнан кем білмейтін «Ekam-Stone» отбасылық компаниясының басшысы Гүлнар Жолдыбаева мен Шымкент қаласының тумасы, Алматы қаласында «The Steppe» деп аталатын ақпараттық порталын және «Kids Lab» балалар клубының негізін қалаушы Зәуре Розмат болды.

Жас та болса, ел тіпті шетелде танылып үлгерген Зәуре Розматты әңгімеге тартқан едік. «Халықты ақпараттандыру ісіндегі өз бизнесімді 23 жасымда бастадым. Бірақ мен журналист емеспін. Халықты тың жаңалықтармен, ел ішіндегі ерекше адамдарды, олар несімен ерекшеленетінін, ешкім естімеген кәсібі бар жандарды құлағдар етуді командам ұран етіп келеді. Бүгінгі тілшілер «Қара пиармен» айналыспай көп оқып, көп ізденсін дегім келеді. Өмірге әркім жақсы жағынан қараса өз өмірі де ғажайыпқа толады ғой. Міне сондықтан да «негатив» жаңалықтарды жариялай берудің керегі жоқ» деп қысқа ғана пікір айтты.

Ал, бетонды балшықша илеудің қыры мен сырын меңгерген Гүлнар Жолдыбаева алғашқы кәсібін ұялы телефондар және планшеттер сатумен бастаған екен.

Өзі біреудің затын сатып, отағасы жалақысы аз жұмыс жасап жүріп, баспана соғады. Міне осы кезде Гүлнар құрылыс жабдықтарын Шымқалада түгел табу өте қиын екенін түсінеді. Осы ойын жұбайына айтып, ойлана келе құрылыс жабдықтарын тасымалдау ісімен шұғылдануды құп көреді. Бірнеше банктің есігін қағып, бизнес бастаушыларға арналған бағдарламалардың тиімділігімен танысып, бірнеше айдан кейін қомақты несиеге қол жеткізеді. Ащы термен ғана биікке ұмтылуды көздеген әйел өзінің нәзіктігін ұмытып, ерімен бірдей еңбек етуге кіріседі. Алғашында 3 адам болып жұмыс бастап, қазір құрамында 17 қызметкері бар компания иілгіш тас шығаруды қолға алады. Тіпті Еуропа елдеріне таңсық, үйді безендіру мен құрылыс жұмыстарына қажетті экологиялық таза материал Шымкент қаласынан шығатынына қызығушылар көп болады. Таза табиғи шикі материалға құм қиыршықтарын бүркіп, арнайы қондырғы арқылы тап осындай иілгіш, дайын өнімді шығарады. Ол ыстық пен суыққа төзімді. Ылғалды да жақсы сіңіреді. Пәтер мен үй қабырғаларын, үлкен нысандардың сыртын көмкеруге, декор мен сән үшін шамдарды қаптап, тіпті сағат та жасауға болады. Әзірге Қазақстанда мұндай материал шығаратын өндіріс тұрмақ, өнімнің баламасы жоқ.

Мемлекет қолдауының арқасында отбасылық кәсіп өрбіп келеді.

Берері көп жиын бүгін кешке дейін жалғасады. «Бизнесвумендер» танысып, пікір алысып, тренинг өткізеді.