Дархан Сатыбалды Кентаудағы жөндеу жұмыстарын тексерді

0
355

Жауаптылармен штаб кеңесін өткізіп, тиісті тапсырмалар берді.


Дархан Сатыбалды Кентаудағы жөндеу жұмыстарын тексерді

Дархан Сатыбалды Кентаудағы жылу энерго орталығын жөндеу жұмыстарын тексерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысы, Кентау қаласында №5 Жылу энерго орталығын қайта құру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Стратегиялық маңызы бар нысанда атқарылып жатқан әрбір жұмыс облыс әкімі Дархан Сатыбалдының, құзырлы орган және департамент басшыларының тікелей бақылауына алынған.


Өңір басшысы кезекті рет Кентау қаласына арнайы барып, орталықта атқарылып жатқан жұмыс барысын бақылады. Жауаптылармен штаб кеңесін өткізіп, тиісті тапсырмалар берді. Жиынға құқық қорғау органдарының басшылары да қатысты.


Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасовтың, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың, мердігер мекеме басшылығының есептері тыңдалды. Құрылысқа, жөндеу жұмысына жауапты әрбір маманның, инженердің атқарған жұмыстары да талқыланды.


Жылу орталығының қазіргі жәй-күйі мен бір апта көлемінде атқарылған жұмыстар туралы «Эм-Холдинг» ЖШС-нің өкілі баяндады. Қазандықтарды реконструкциялау жұмыстары бекітілген кестеге сай, үздіксіз жүруде. Нысан басында екі ауысымда 180 адам жұмыс істеп жатыр.


№8 және 11 қазандықтарда жылу-механикалық бөлік бойынша жұмыстар 99 пайызға аяқталды. №9 қазандықта монтаждау жұмыстары 58%-ға, ал №10 қазандықта 75%-ға орындалды. №7,12 қазандықтарда бөлшектеу жұмыстары жүргізілуде. Енді №7 қазандықтың тиісті бөлігін бөлшектеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар қазіргі уақытта 6 қазандыққа арналған түтін құбыры дайындалу үстінде.


Айта кетейік, жоспар бойынша №8, №11 қазандықтардағы жұмыстар тамыз айының соңында, №9, №10 қазандықтар қыркүйектің екінші онкүндігінде, ал №7, №12 қазандықтардың құрылысы қараша айының соңында аяқталмақ. Бұдан бөлек, №5 және №6 қазандықтарда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.