Арыстың бүгінгі жай-күйі туралы нақты ақпарат беру мақсатында қалаға арнайы делегация келді.
ҚР премьер - министрі Асқар Мамин, еліміздің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Арыс қалалық орталық ауруханасында жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Арнайы келген делегацияға Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаев қазіргі таңда Арыстағы емхана науқастарды қабылдап жатқанын және 1 ай ішінде қалалық аурухана іске қосылатынын атап өтті.
Күрделі жөндеу жұмыстары барысында жоғары сапалы құрылыс материалдары пайдалануда. Аурухана есіктері Новосибирск қаласында шығарылған арнайы есіктер, түркиялық сапалы терезелер қойылады. Сондай- ақ, барлық лифтілер жаңартылатын болды.
"Арыс қалалық орталық ауруханасындағы медициналық қондырғыларды жаңарту 1-тамызға дейін жүзеге асатын болады. Бұл мәселеге қаражат бөлінді. Әрі қарай сатып алу жағы шешіледі", - деді денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайдың нәтижесінде аудандық аурухананың жартылай зақымдануы орын алды. Атап айтқанда, жарылыс толқынынан емдеу мекемесінің терезелері сынған, аурухана шатыры мен ішкі және сыртқы есіктері мен баспалдақтарына зақым келген. Қазіргі уақытта қалпына келтіру және жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 4 шілдеден бастап жарылыстан зақымданған есік - терезелері ауыстырылып, шатыры жөнделіп, әрлеу жұмыстары басталды. Жөндеу жұмыстары 1 ай ішінде аяқталады.
Сондай-ақ, Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының комиссиясы тартылған метрологиялық компаниямен бірлесе отырып, медициналық және технологиялық жабдықтарды оның жұмыс істеу қабілетіне тексеру жүргізуде.
Нәтижелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен шығыстар сметасы жасалып, мемлекеттік бюджеттен қаражат көзделеді.