Жекеменшік клиника науқас баланың медициналық тексеруін, операциясы мен барлық шығындарды өз мойнына алған болатын.
Оңтүстік Корея елінің үздік клникаларының бірінде тегін ота жасалған Түркістан облысы, Төлеби ауданының кішкентай тұрғыны елге оралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Төлеби ауданы Көксәйек елді мекенінің тұрғыны жеті айлық Нұркен Елшібекке іштен туылған жоғарғы еріннің бітпеуі ( хейлосхизис) жақ-бет аймағының туа біткен даму ақауы, яғни бет дамуының ауыр кемістігі - “қоян жырық” диагнозы қойылған еді. Кішкентай пациентке отаны Оңтүстік Корея елінің үздік ауруханаларының бірінің ең мықты пластикалық хирургы, профессор Ким Енг Пэ жасады.
Айта кету керек, жекеменшік клиника науқас баланың медициналық тексеруін, операциясы мен барлық шығындарды өз мойнына алған болатын. Қайырымдылық шарасы СунЧонХян клиникасы (Оңтүстік Корея) басшылығы мен Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мұқан Егізбаевтың арасында қол қойылған меморандум аясында жүзеге асқан еді.
Бүгін ұзаққа созылған ота мен алыс шетелдегі сапарынан кішкентай сәби отбасына оралды. Түркістан облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, баланың жағдайы жақсы. Ол отадан соң он күн бойы кореялық дәрігерлердің қарауында болған. Келген соң бірден отбасына оралды.