Өздерімен бірге азық-түлік пен жанар-жағармайды да ала келген.
суреттер: facebook.com
Су тасқыны болып жергілікті төтенше жағдай жарияланған Мақтаарал ауданына көмек беру үшін Өзбекстаннан арнайы техникалар келді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл туралы Түркістан облысы әкімдік қызметкерлері Facebook парақшасында жариялады. Олардың айутынша, Өзбекстаннан Мақтааралға 42 арнайы техника мен 200 адам келген. Техникалардың арасында су сорғыш, бульдозер және бөгет салуға қажетті түрлері бар. Өзбекстаннан келгендер елді мекендерге жайылған суды тазалау мен су сору жұмыстарын жүргізетін болады. Сонымен қатар тұрғын үйлердің құрылысына да көмектеспек.
Көрші елден көмекке келгендер өздерімен бірге азық-түлік пен жанар-жағармайды да ала келген. Олар мұның бәрі Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевтің тапсырмасына сай атқарылып жатқан шара екенін жеткізген.
Айта кету керек, бұған дейін облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев су қоймасы бұзылған көршілес елге барып, су тасқыны мәселесі бойынша келіссөздер жүргізген еді. Сонымен қатар, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Мақтааралдағы апат салдарын жоюға көмектесетінін айтып уәде берген болатын.