Ауданда жергілікті төтенше жағдай қалыптасты.
Түркістан облысының әкімі су басу қаупі төнген Мақтаарал ауданына барып, ондағы жағдайды түсіндірді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Облыс әкімі өзінің Өзбекстан елінің су шаруашылығы министрімен сөйлескенін айтты.
"Өзбекстан республикасының Су шаруашылығы министрі Хамраевтың берген ресми мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда "Сордаба" қоймасынан су жіберу жұмыстары толық тоқтатылған. Дегенмен түнімен аққан сарқырама су "ЦГК" каналына жиналды. Аталған каналдың су жіберу қуаттылығы секундына 120 текше метр. Бірақ каналға түнімен секундына 180 текше метр су ағып келген. Осыны ескерген облыстық төтенше жағдай жөніндегі тиісті қызметтер Мақтаарал ауданындағы 4 елді мекеннен 5400 адамды эвакуациялауға мәжбүр болды. Бірқатар тұрғындар өз көліктерімен туған туыстарына жайғасса, қалғандары эвакуация барысында Атакент кентіндегі мектептерге жайғастырылды. Эвакуацияланған тұрғындар былтырғы Арыстың тәжірибесіне сәйкес тиісті медициналық қызмет, азық-түлік секілді барлық заттармен қамтамасыз етілетін болады", - деді Өмірзақ Шөкеев.
Сонымен қатар, облыс әкімі тұрғындардың қайда орналастырып жатқанын және барлығының керек азық-түлік және керекті заттармен қамтамасыз етілетінін айтты. Сондай-ақ, эвакуацияланған тұрғындардың мал-мүлкі мен үй-жайы күзетуге алынатынын да жеткізді.