Үздік спортшылар елордамыз Астана қаласының төрінде өтетін республикалық жарыста бақтарын сынайтын болады.
Отырар ауданында «Қазақстан барысы» республикалық турниріне іріктеу мақсатында «Түркістан барысы» турнирі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Отырар ауданында Қазақ күресінен «Қазақстан барысы» республикалық турниріне іріктеу мақсатында ұйымдастырылған «Түркістан барысы» турнирі өтті. Турнирге өңіріміздегі аудан-қалалардан іріктеліп келген 29 палуан қатысып бақтарын сынады.
Жарыстың финалдық кезеңіне аудан әкімі Сәкен Сұлтанханов арнайы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
«Қазақстан Барысы» жобасы ел халқының саламатты өмір салтын ұстанып, бұқаралық спортты серік етуіне, ұлттық құндылықтарды жоғары қойып, қазақ күресі спортының тынысын ашуға үлкен серпін беріп келеді. Биыл Қазақ күресінен ересектер арасындағы «Қазақстан барысы» турниріне облыстық іріктеу кезеңі күш атасы Қажымұқан Мұңайтпасов атамыздың туған жері киелі Отырар ауданында ұйымдастырылуының өзіндік мәні бар деп санаймын. Бүгінгі жарысқа келген палуандар өздерінің білек күштерінің мықтылығын дәлелдеп жүрген спортшылар. Сондықтан әрбір спортшы жеңіс тұғырынан көрінуге әбден лайықты. Ендеше Қазақ күресінен ересектер арасындағы «Түркістан барысы» жарысына қатысушыларға сәттілік тілеймін!», - деді аудан әкімі өз сөзінде.
Спорттық шарада аудан басшысы Отырар ауданының құрметті азаматы, спорт ардагері Төреәділ Тұрабаевты мерейлі 70 жасымен құттықтап, иығына зерлі шапан жауып құрмет көрсетті.
Турнирде Түркістан облысы денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев спортшыларға сәттілік тілеп, ұлттық күресті дамыту арқылы елдегі салауатты өмір салтын насихаттау, жастарды ұлттық спортпен шұғылдануға шақыру арқылы Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру мақсатындағы жиынның маңыздылығын атап өтті.
Одан әрі боз кілемде белдескен кіл мықты палуандар кім мықтыны анықтады. Тартысқа толы сайыс нәтижесінде шардаралық палуан Руслан Аллаберді ІІІ орын иегері атанса, түркістандық Бейбарыс Әбдіғани ІІ орынға лайықты деп танылды. Турнир қорытындысы бойынша қарсыластарына еш мүмкіндік бермеген Шардара ауданынан келген Қайсар Шамшидинов жеңімпаз атанып, І орын тұғырына көтерілді. Турнир жеңімпаздары арнайы алғыс хаттармен марапатталып, қаржылай сыйлықтар табысталды.
Айта кету керек, өңіріміздегі кіл мықты палуандардың арасынан үздік шыққан спортшылар елордамыз Астана қаласының төрінде өтетін республикалық жарыста бақтарын сынайтын болады.