ТҮРКІСТАН: 15 ауылдағы 186 тұрғын үйдің ауласынан су өткен

0
444

4 эвакуациялық пункт дайындалған.


ТҮРКІСТАН: 15 ауылдағы 186 тұрғын үйдің ауласынан су өткен

Түркістан облысының бірнеше аумағында төтенше жағдай орын алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


2 ақпан күні табиғат тосын мінез танытып, толассыз жауған жаңбыр мен қардың еруі әсерінен өңіріміздің бірнеше аумағында төтенше жағдай орын алды. Дәлірек айтсақ, топан су Бәйдібек, Сауран және Ордабасы аудандарына қарасты 15 ауылдағы 186 тұрғын үйдің ауласынан өткен. Оның арасында бір ғана үйдің ішіне су кірген. Бұл туралы баспасөз жиынында облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Запаров айтып берді.


Ресми мәліметке сүйенсек, сол күнгі сағат 16.00-ге дейін төтеншеліктер су басқан аумақтардан 154 адам мен 200 бас уақ мал эвакуацияланған. Барлық эвакуацияланған адамдар туыстарының үйлеріне жайғастырылған. Сонымен қатар, халықты эвакуациялау және уақытша орналастыру үшін Сауран ауданында 4 эвакуациялық пункт дайындалған.


«Ордабасы ауданындағы "Найман" және "Құртай 2" каналында су деңгейі көтерілді. Қазіргі уақытта су Арыс өзеніне құйылуда. Үйлерді су басу қаупінің алдын алу мақсатында 2500-ге жуық құм толтырылған қапшық төселіп жатыр. Майдантал ауылында суды қашырту үшін жасанды каналдар қазылып, аула учаскелерін су басу қаупінің алдын алды. Қазіргі уақытта құрбандар мен зардап шеккендер жоқ. Жауын-шашын облыс аумағында тоқтады. Алайда су ағыны жалғасуда. Суды қашыртуға барлығы 308 адам, 51 бірлік техника, 25 мотопомпа мен 1 жүзу құралы жұмылдырылды. Бәдібек ауданына 73 адам, 7 техника мен 10 мотопомпа, Сауран ауданына 70 адам, 9 техника мен 12 мотопомпа, ал Ордабасы ауданына 160 адам, 33 техника мен 3 мотопомпа бөлінді», - деді Бақытжан Жақсылықұлы.


Сондай-ақ, жиын барысында 7 сағаттың ішінде жауған жаңбырдың көлемі 24 есе көп болғандығы және 2-4 ақпан күндері аралығында жаңбыр, таулы аймақтарда қар жаууы ықтимал екендігі айтылды. Ал, қазіргі уақытта «Шардара» су қоймасына жиналған су көлемі 86 пайызға жеткен. Егер Өзбекстаннан бұдан да көп су келетін болса, тағы да қосымша жұмыстар жүргізілмек. Спикердің сөзіне сүйенсек, дәл қазіргі уақытта кез келген аумақтан қауіп туындауы мүмкін.