ТҮРКІСТАН: Ауыл шаруашылығы саласында рекордтық көрсеткіш орнады

0
631

3,3 млн. тонна ауыл шаруашылы өнімдері жиналған.


ТҮРКІСТАН: Ауыл шаруашылығы саласында рекордтық көрсеткіш орнады

Түркістандық шаруалар 2021 жылды толайым жетістіктермен түйіндеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


Түркістан облысының ауыл шаруашылығы саласының еңбекшілері 2021 жылды толайым жетістіктермен түйіндеп жатыр. Егістікті әртараптандырудың нәтижесінде ауыл шаруашылығында 3,3 млн. тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жетті. Бүгін Түркістандағы «Конгресс Холл» ғимаратында табысты жыл қортындыланып, «Altyn kúz-2021» мерекелік іс-шарасы өтті. Алдымен Түркістан өңірінің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің көрмесі ұйымдастырылды. Жұртшылыққа осы саладағы жетістіктер мен өнімдер, ғылыми ізденістер көрсетілді. Одан кейін салтанатты жиын өтіп, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев барша диқандар мен малшыларды, агросала өкілдерін ҚР Ауыл шаруашылығы қызметкерлері күнімен құттықтады.


“Ауыл шаруашылығында еңбек ететін азаматтарды, жалпы жұртшылықты мерекемен құттықтаймын. Тәуелсіздікің арқасында мемлекетімізде сан саланы дамытуға мүмкіндік туды. Күні кеше «Nur Otan» партиясы саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын ұсынды. Оның біріншісі – Тәуелсіздік. Тәуелсіздік – біздің басты байлығымыз және ең ұлы құндылығымыз. Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығын қарсы алып отырмыз. Осы отыз жылда өңірімізде барлық көрсеткіштер еселеп өсті. Оның бірқатарына тоқталсам, «Тәуелсіздік» көпірі, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» магистралы, «Көксарай» су реттегіші елдің күрделі мәселелерін шешті. Бұрын көрші елдің шекарасынан өтуге мәжбүр болған жерлестеріміз «Тәуелсіздік» көпірі арқылы кедергісіз жол жүруге мүмкіндік алды. «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры арқылы жүздеген елді мекен газбен қамтылды. Импорттық газға тәуелділік азайып, өңірдің 60 пайызға жуығы газбен қамтылып отыр. Түркістан қаласы 100 пайыз газдандырылды. Елбасы Түркістанды Тәуелсіздіктің басты жеңістерінің бірі ретінде атап өтті. Шаһар 3 жылда өзгерді. Бұның бәрі – халықтың көз алдында жүзеге асқан, көзге көрінетін жобалар. Осы жетістікке Сіздер де үлес қосып жатырсыздар. Бірнеше жыл бұрын елімізге келген АҚШ өкілдері Қазақстанда мал шаруашылығын дамытуға мүмкіндік өте зор екенін айтқан болатын. Шын мәнінде біз осы мүмкіндікті толық пайдалануымыз керек. Өңірде мал шаруашылығы жақсы дамып келеді. Мал тұқымын асылдандыру ісі жанданды. Ет экспорты бойынша Түркістан облысы бірінші орынға шықты. Сонымен бірге суармалы жерді игеріп, көкөніс, бақша өнімдерін өсіруде де Түркістан облысының әлеуеті өте жоғары. Ауа-райы қолайлы. Біз ауыл шаруашылығын дамыту бойынша агросала өкілдеріне, аудан әкімдеріне семинарлар өткізіп, түсіндіріп жатырмыз. Іріленген әрі біріккен шаруа қожалықтары жаңбырлатып суғару технологиясын пайдаланып, мол жетістікке жетуде. Ал бірікпеген, орташа шаруа қожалықтары үшін бір жерден жылына 2-3 өнім алу жобасы тиімді. Үй іргесіндегі жерін пайдаланушы ағайын тамшылатып суғару әдісін пайдалануда. Осы бағытта жұмыстар тоқтамауы керек. Өңіріміз агросала бойынша елімізде алдыңғы қатарда келеді. Бірақ өнімділікті тағы 2-3 есе өсіруге мүмкіндік бар. Ауыл шаруашылығы үшін жыл табысты аяқталды», – деген өңір басшысы Қазақстан мен Өзбекстан Президенттері арасындағы келісімге сәйкес биыл «Достық» каналына мол деңгейде су келгенін, осы арқылы мақташылар жоғары түсімге қол жеткізгенін де атап өтті. Облыста каналдар жөнделіп, жаңа су қоймалары салынып жатқанын айтып, Түркістанның жан-жағына су жеткізіліп, қала жасыл шаһарға айналатынына сенімді екенін жеткізді.


Сондай-ақ, жиында өңір басшысы бір топ азаматты ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен және «Ауыл шаруашылығы үздігі» төс белгісімен марапаттады. Түрлі салада үздік атанған аудан, қала әкімдеріне де құрмет көрсетілді. Сонымен бірге салтанатты жиында «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев озат агроқұрылым өкілдерін марапаттаса, бір топ БАҚ өкіліне Ауыл шаруашылығы басқармасының алғысхаттары тапсырылды. Кеш облыстың елге танымал өнерпаздарының концерттік бағдарламасымен өрнектелді.